Отбасында ерлі-зайыптының тапқан табыстарының ортақ болуы – заңды. Бұл шаңырақтың берік, ауызбіршілігі мығым болуының бір көрсеткіші. Мұны түсінбейтін жас жұбайларды арагідік кездестіріп қалатынымыз жасырын емес. Оқырмандарымыздың арасында осы мәселе төңірегінде сауалнама жүргізген едік.
Абылай ҚҰРМАШҰЛЫ,
“Мұхсин” мешітінің бас имамы:
– Мұсылман халықтарында отбасын асырау міндеті қашан да ер адамның мойнына жүктелген. Адал еңбек етіп, нәпақа тапсаң – сауап. Ал кейбір азаматтарымыз әйел адам да табысын ортақ қазынаға салуы керек деп есептейді. Тіпті: “Мен ақша тауып жүрмін, ал сен менің мойныма масыл болдың”, – деп зайыбына әлімжеттік көрсететін азаматтар да бар. Бұл дұрыс емес. Әйел адам өзі тапқан ақшасын қалай жұмсаса да, өз еркінде. Егер жұбайына көмектесем деп, табысын отбасы керек-жарағына жаратамын десе, бұл да құптарлық іс. Халқымыз қашан да қыз баланы ақылды, парасатты етіп тәрбиелеуге талпынған. Сондықтан ерлі-зайыптылар екі бөлінбей, сыйластықта өмір сүрулері тиіс.
Самал МҰСАЕВА,
заңгер:
– Ер адам табиғатынан түздің адамы. Яғни, отбасын, бала-шағасын асырау, бірінші кезекте оларға жүктелген. Ал әйел үйдің берекесі саналады, жарының тапқанын ұқсату, жеткізу – нәзік жанның басты міндеті. Әйел адам, ең алдымен, өз ер-азаматына сүйеніш екенін ұғынуы тиіс. Жұмыстан шаршап-шалдығып келген жұбайының тынығуына жағдай жасауы керек. Қалай дегенмен, еразаматтар отбасы бақыты жолында күш-жігерін жұмсап, маңдай терін төгеді. Тапқан табысыңызды өзіңізге ғана жаратпай, отбасылық керек-жараққа жұмсау да еріңізге деген құрметтің, жанашырлықтың бір белгісіндей.
Меруерт ЖАНТІЛЕУОВА,
әкімші:
– Бүгінгі қоғамда отбасын кім асыраса, сол көшбасшы деген ұғым қалыптасқан. Менің ойымша бұл жансақ пікір. Шаңырақта, ең алдымен, түсіністік орнауы шарт. Ер-азаматтардың жары мен балаларына деген қарым-қатынасы оның сәби кезінен бастау алады. Егер ер адам балалық шағынан бастап, ата-анасына қолғабыс болмаса, одан жақсы жар, қамқор әке шығуы екіталай. Мұндай жандарға кезіккен әйелдерге табыс табуды өз қолына алу керек болады. Зайыбы көшбасшы болған отбасылардың соңы көбіне ажырасумен аяқталатыны шындық.
Болат ЖАНӘБІЛЕВ,
жеке кәсіпкер:
– Қазір “сенің табысың, менің табысым” дейтін заман емес. Тапқан табыс ортақ мақсатта жұмсалуы керек деп ойлаймын. Әйелдің жұмысы да оңай емес. Бала тәрбиесі, үйдің тірлігі, оған қызметін қосыңыз. Олардың бұл еңбегі құрметтеуге лайық. Қазір қоғамда ер-азаматтардың рөлі төмендеп кетті деп жатамыз. Ол шындық. Бұрынырақта аналарымыз, әжелеріміз үйдің сәнін келтіріп, қазан-ошағын қайнатып, бала-шағасын жайнатып отырушы еді. Әрине, бүгінгі уақытты сол кезеңмен салыстыруға болмайды. Әйелдер үйде отырмайтын болды. Отбасы құндылықтарының да әлсіреуінің бір себебі осы деп ойлаймын.
Сауалнаманы жүргізген Кәмел ОМАРҚЫЗЫ.