Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында “Бизнесті өркенде-тудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі”, – деген болатын. Петропавлдық Андрей Исаков бүгіндері 700ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер туған қаласының дамуына да өзіндік үлесін қосып жүр.
Бұл салаға ерте келген Андрей Исаковтың бизнесі ұзақ даму жолынан өтті. Ол мектеп қабырғасында оқып жүріп-ақ табыс көзін таба білген. Досымен бірігіп, ше-телдік қалпақтың үлгісінде жасаған баскиімдері шыжыған жаз айларында тез сатылды. Осылайша, кәсіпкердің алғаш пайда тауып масаттанғаны бар. 1992 жылы Андрей Анатольевич белді бекем буып, үш сыныптасымен бірлесіп “Таткрафт-Инвест” компаниясын құрып, бөлшек саудамен айналыса бастайды. Бұл мақсатта Петропавл қаласында дүңгіршек ашып, сусын, шоколад, газет-журнал сияқты тауарларды саудалауды қолға алады.
Кәсібін әрі қарай дамыту үшін Андрей Анатольевич тағы да жос-пар құрды. Супермаркет ашамын деген арманына қанат бітіп, 2007 жылы 20-шы шағынауданда алғашқы “Семейный” супермар-кеті тұтынушыларға есігін айқара ашты. Супермаркеттің ерекшелігі де сол – мұнда не қажеттің бәрі табылады. Бүгінде кәсіпкердің иелігінде 11 супермаркет, 2 гипермаркет бар. Олардың бірі Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласында, енді біреуі Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында орналасқан.
Андрей Анатольевич, әсіресе, Петропавлдың С.Мұқанов көшесіндегі “Семейный” сауда-ойын сауық орталығын ашу үшін біраз тер төккенін айтты. Ол күрделі жобаны жүзеге асыру үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының көмегіне жүгініп, екінші деңгейлі банктен несие рәсімдеген. 2015 жылы ашылған нысанның ішінен балалардың көңіл көтеруіне арналған “Kinder Land” орталығын ашты. Жалпы, бұл ғимараттың пайдалануға берілуіне тұрғындар қуанғаны рас. Өйткені, сол жылдары облыс орталығында дәл осындай ойын-сауық орталығы болмаған еді.
Тұтынушының таңдауы әр кез сапалы тауарға түсетіні белгілі. Тәжірибелі кәсіпкер мұның да ебін таба білді. Бүгіндері нан-тоқаш, кондитер өнімдері өздерінде пісіріліп, жартылай фабрикаттар мен салаттың түр-түрі жасалады.
– Тұтынушылардың көңілінен шығу үшін жаңа піскен тағам сатуды қолға алдық. Осылайша, өнімдерді өзіміз әзірлей бастадық. Бұл ұтымды қадам болды. Үйге қонақ келе қалған жағдайда тамақты үйде жасап әуре болмай, бізден дайынын сатып алған әлдеқайда ыңғайлы емес пе?! – деп езу тартқан Андрей Анатольевич бұл бағыттағы жұмысты жетілдіре түсуді көздеп отырғанын да айтты.
Сауданың жай-жапсарын жетік білетін кәсіпкер бүгіндері 120-ға жуық тауар өндірушімен келісімшартқа отырған. Олардың қатарында өңіріміздің ірі кәсіпорындары – “Булаев май зауыты”, “Радуга”, “Богатырский продукт”, “Сұлтан” фирмалары мен “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі бар. Андрей Исаков супермаркет сөресіне бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие өнімді ғана қояды.
“Сараң адам ақша деп қайғырады, жомарт адам міскінді тойдырады” демекші, кәсіпкер қайырымдылық жасауды бір сәтке де ұмытқан емес. Былтыр өзі оқыған Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов атындағы №43 мектептің үздік оқушыларына шәкіртақы тағайындаған болатын. Ол бастауыш сыныптардың оқу озаттарына айына – 5 мың теңге, жоғары сыныптағыларға 20 мың теңге сыйақы беріп келеді. Осы мақсатпен мектепке ай сайын 450-600 мың теңге бағыттайды. Андрей Исаков осылайша оқушыларды жақсы оқуға ынталандырады.
Қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайтын жомарт жүректі азамат биыл өңірімізде “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен өткен қайырымдылық балындағы аукционға қатысып, ауыр дертке шалдыққан балалардың ем-домына 1,5 млн. теңге берді. Былтыр да науқас балаларға көмек қолын созған еді.
Сондай-ақ, кәсіпкер өңіріміздегі қаңғыбас ит-мысықтарға жа-нашыр еріктілерге де қолдау көрсетеді. Шаһар сыртынан 1,2 гектар жерді сатып алған ол алдағы уақытта төрт аяқтыларға арнайы мекеме ашуды жоспарлауда.
– Украинаның Харьков қаласына барған сапарымда иттерді күтіп ұстауға арналған орталықтың жұмысымен танысқан едім. Алдағы уақытта Петропавл қаласында санитарлық және ветеринарлық нормаларға жауап беретін осындай арнайы орын ашуды көздеп отырмын, – деді Андрей Анатольевич. Бұл көшеде қаптап жүрген қаңғыбас ит-мысықтардың азаюына септігін тигізер еді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.