«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Жуырда қара жауын нөсерлетіп өтіп еді, коммуналдық сала қызметкерлері әбігерге түсті де қалды. Жаңбырдың суы жолдарды, тротуарларды, аулаларды басып, жүріп-тұру бір қияметке айналды. Толарсақтан су кешіп жүруге тура келді. Қорғасын бұлт түйіліп келіп, селдеткен сайын осы жайт айна-қатесіз қайталанады. Мәселенің мәнісін білмек болып қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқанымда апаттық жағдайға тұрғындардың өздері кінәлі деген жауап алдым. Ондағы мамандардың сөздеріне қарағанда, жекеменшік сектор иелері үй, аула маңайларын ұқыпты ұстаудың орнына тұрмыстық қалдықтарды суағарларға тастауға еттері әбден үйреніп кеткен секілді. Айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығармақ түгіл, әлі күнге дейін осы жаман дағдыдан арыла алмай келеді.

Қаладағы суағарлардың жалпы ұзындығы 92 шақырымды құраса, жартысына жуығы ашық желілер. Қоқысқа аузы-мұрнынан лықа толған суағарларды коммуналдық сала жұмысшылары қолмен тазалауға мәжбүр. Жұмыс күші, техника шектеулі болғандықтан, үлгеру қиын. 200 мыңдай тұрғыны бар қалада су сорумен айналысатын алты бригада ертелі-кеш тыным таппайды. Өткен жолы ғана суағарлардың 700 текше метрі тазартылды. Бірақ ластау тыйылар емес. Күл-қоқысқа бітеліп қалған суағарлар толассыз жауған жаңбыр суын өткізбейді. Осы себепті көшелер көлшікке айналады. “Тазалық табалдырықтан басталады” деген халық нақылын тағы бір еске салғымыз келеді.

Амангелді КЕНЖЕҒОЗИНОВ,

қала тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp