Кәсіпқой бокстың аңызға айналған қос тарланы шаршы алаңда кездесуі мүмкін. Аса ауыр салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы Майк Тайсон мен оның отандасы, кезінде бес салмақ дәрежесінде чемпион болған кіші Рой Джонс қайтадан былғары қолғаптарын киіп, жұдырықтасып көрмекші. Қазір екі тарап келісім жүргізіп жатқан көрінеді. Бокс кеші АҚШ-та алдағы қыркүйекте өтіп қалуы мүмкін.
“Спорт-Экспресс”-ке сұхбат берген Рой Джонс мұндай ұсыныс түскен кезде көп ойланбастан келіскенін жеткізді. 51 жастағы боксшы үлкен спортқа қайтып оралу жайлы бұған дейін ойламаған да екен. Алайда, “темір Тайсонмен” жұдырықтасу үшін былғары қолғабын қайтадан кимекші. Ол соңғы жекпе-жегін 2018 жылы Скотт Сигмонмен өткізіп, төрешілер шешімімен жеңген.
Ал атақты Тайсон кәсіпқой рингке соңғы рет 2005 жылы шығып, Кевин Макбрайдқа ұтылып қалғаны белгілі. Осы жазда 54-ке толған спортшы көрермендерін қуанышқа бөлеу үшін рингке қайтып оралған болатын.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Сурет sport-express.ru сайтынан