«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тайыншадағы жаңа жоба

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Тайынша қаласында “Тайынша сүті” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауытында жаңа жоба іске қосылды.

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының “Сүт өнімдерін өндіруді жаңғырту” картасы аясында жұмысын бастаған бұл жобаның ерекшелігі – сүт, май және басқа да өнімдерді заманауи технология бойынша арнайы сәнді қорапшаларға салып, саудаға жөнелтілетіндігінде болып отыр.

Бүгінгі таңда аудан аумағындағы елді мекендерден жиналған сүт зауытқа жеткізіліп, іске асырылады. Сүт өнімдерін жасап шығару технологиясы бойынша жұмыс атқаратын аталмыш зауыттың өнімдері өңірлік сауда нүктелерінде жоғары сұранысқа ие. Атап айтқанда, Астана мен Көкшетау қалаларының тұрғындарының да бұл зауыттың өнімдеріне деген қызығушылықтары жоғары.

Осыдан 14 жыл бұрын Тайынша өңіріне келіп, еңбекке араласқан Қайыргелді Торғауытов – бүгінде тасы өрге домалаған кәсіпкерлердің бірі. Ол кәсіпорынды одан әрі кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыру және бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіру арқылы халықаралық сауда нарығына шықпақ. 2013 жылы “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесіне қатысып, жеңімпаз атанған да осы “Тайынша сүті” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын. Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес беделі рейтингін ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша Ұлттық бизнес рейтингтері одағында “Сала көшбасшысы” мәртебесін иеленуі кәсіпкердің ел экономикасын өркендету жолындағы қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp