«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЙЫНШАДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов сенбі күні жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Осы ауданның Келлеровка ауылына ат басын тіреген өңір басшысы “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты 25 жұлдызды күн акциясы аясында ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты.

Ауыл тұрғындарын Тәуелсiздiктiң 25 жылдығымен құттықтаған өңiр басшысы егемендiктiң алғашқы жылдарында экономикалық және әлеуметтiк дағдарысты болдырмау мақсатында маңызды шешiмдер қабылданғанын атап өттi.

– Ауданның елдi мекендерiнде Тәуелсiздiк жылдарында әлеуметтiк сала бойынша бірқатар өзекті мәселелер өз шешiмiн тауып, ауқымды iстер жүзеге асырылды. Жиырма бес жылда аудан тарихы маңызды оқиғаларға, жаңа жобаларға толығып, жеңiстi жолдан өттi. Ауыл жұртшылығының тәуелсiз жас мемлекетiмiздiң бүгiнгiдей биiк деңгейге көтерiлiп, Елбасы жүктеген мерейлi мiндеттердi абыроймен iске асыруға қосып келе жатқан үлестерi зор, – дедi Ерiк Сұлтанов.

Құрылыс саласы да дамып келеді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 1943 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуына қосқан елеулi үлесi, қоғамдық өмiрге белсене қатысқаны үшiн және Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын мерекелеуге байланысты бір топ ауыл тұрғыны облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Аға буынның атынан сөз алған жергілікті ардагерлер қозғалысының белсендісі Людмила Заболотная өңір басшысына алғысын жеткізді.

Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы ауыл кәсіпкерлерімен кездесіп, әңгімелесті. Отыз жылдан бері құс шаруашылығымен айналысып жүрген жеке кәсіпкер Петр Калиновский облыс басшысынан ауыл шаруашылығы тауарларына арналған көрме-байқауларды ұйымдастыру жөнінде өтінішін жеткізді. Бұл бастаманы қолдаған Ерік Хамзаұлы жауапты басшыларға тиісті тапсырма берді.

* * *

Облыс әкiмi Ерік Сұлтанов Тайынша ауданына жұмыс сапары барысында Ильичевка ауылының жағдайымен танысып, Амандық ауылдық округiнiң тұрғындарымен де кездестi.

Бүгiнгi таңда Амандық ауылдық округiнде 1600-ден астам адам тұрады. Солармен кездесу барысында өңір басшысы тұрғындарды Тәуелсiздiктiң 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, ауыл тұрғындарының тәуелсiз жас мемлекетiмiздiң бүгiнгiдей биiк деңгейге көтерiлiп, Елбасы жүктеген мерейлi мiндеттердi абыроймен iске асыруға қосып келе жатқан үлестерi зор екенін атап көрсетті.

Бүгінгі таңда Ильичевка ауылындағы “Тайынша-Май” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа кәсiпорын бой көтеруде. Өңір басшысы қытайлық инвесторлармен бiрлесе қолға алынған жобаның басымдылығына тоқталды. Майлы дақылдарды өңдеу зауыты жақын арада өз жұмысын бастамақ. Жылына 300 тонна шикiзат өңдейтiн зауытта экспортқа бейiмделген өнiм де шығарылмақ. Егер барлығы жоспарға сай жүзеге асырылса, жергiлiктi халық тұрақты жұмыспен де қамтылатын болады.

Кездесу барысында тұрғындар өңір басшысына өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ауылдық округтің болашағына байланысты ұсыныстарын да айтты. Осылай қоғамдық өмірге белсене араласып, облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуына елеулi үлес қосқан ауылдық округтің бірқатар тұрғыны Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын мерекелеуге байланысты облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp