
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болып, көктемгі егіс барысымен және құрылыс нысандарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Алдымен өңір басшысы Чермошнянка ауылдық округіндегі “Степноишим тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқаптарын аралады. Серіктестік бас директорының орынбасары Павел Рафальский көктемгі егіс науқанының барысымен таныстырды. Шаруашылықтың жұмысшылары дән себуге білек сыбана кіріскен. Алқап басында жеті егіс кешені күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеуде. Диқанның айтуынша, агроқұрылымның қарамағында 20 мың гектар жер бар болса, оның 16,5 мың гектарына дәнді, ал 2 мың гектарына майлы дақылдар сіңіру жоспарланған. Ал 1,6 мың гектарға жемазықтық дақылдар себілетін болады.
Жауапты науқан ойдағыдай аяқталған соң зиянкестер мен ауруларға қарсы дәрілеу шаралары атқарылмақ. Өңір басшысы аудан диқандарының жұмысына жоғары бағасын берді. Сондай-ақ алдағы уақытта тозығы жеткен техниканы жаңарту мәселесінің шешімі табылатынын тілге тиек етті.
– Жаз айларында Петропавлда шетелдік “Claas” неміс компаниясының заманауи зауыты іске қосылып, комбайндар, егіс кешендері, тракторлар және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Күзгі орақ науқанына дейін 100 комбайн құрастырып, жергілікті диқандарға беруді жоспарлап отыр. Қазір техниканы жеңілдікпен сату мәселесін Парламент Сенатынының депуттары қарастырып жатыр. Оң шешім қабылданған жағдайда техниканың құны нарықтағы бағадан 52 пайызға дейін төмен болады деп күтілуде. Бұл облыс диқандарына үлкен көмек – деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы Тайыншаға сапары барысында “Bio Operations” серіктестігінің еншілес компаниясы – “EMC-Агро” ЖШС-нің шошқа фермасында болды. Бұл жерде былтырғы жылдан бері 50 мың басқа арналған жаңа кешеннің құрылысы жүргізілуде.
– Біздің мақсатымыз талпақ танау санын 100 мың басқа дейін жеткізу. Бұл мақсатқа 5 млрд. теңге жұмсап, 50 мың басқа арналған шошқа фермасын ашқалы отырмыз. Қазір кешеннің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бетон төсеу жұмыстары 95 пайызға орындалды. Тоғыз корпустың метал құрылғылары толығымен жиналса, сендвич панельдердің жартысы орнатылды. Қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтың 80 пайызы жеткізілді, – деді серіктестік директоры Қанат Атейбеков.
Бұдан кейін өңір басшысы “Астық-STEM” ЖШС-індегі тамшылатып суару әдісі қолданылатын алқаптарда болды. Тайынша ауданында тамшылатып суару әдісімен картоп және көкөніс өсіріледі. Израиль диқандарының тың тәсілі Виноградовка ауылында 2013 жылдан бері қолданылуда. Серіктестік директоры Сергей Звольскийдің айтуынша, үстіміздегі жылы АҚШ-тан 82,6 млн. теңгеге “Зимматик” фирмасының екі қондырғысы сатып алынған. Қазіргі уақытта бұл құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 200 гектардай алқапты тамшылатып суаратын болады. Шаруашылықтың суармалы жерлерінің жалпы көлемі 450 гектарға дейін жеткен. Өткен жылдармен салыстырғанда картоп бітік шығыпты. Бұл бірнеше жылдан бері көкөніс танаптарын тамшылатып суарудың жемісі деуге болады.
Жұмыс сапарының соңында Құмар Ақсақалов Вишневка ауылына барды. Бұл елді мекен осыдан 85 жыл бұрын құрылған. Нарықтың қыспағына қарамастан барын жоғалтпай, қайта еселеп көбейтіп, өзгелерге үлгі көрсетіп отыр. Жергілікті “Вишневское” ЖШС-нің көмегімен елді мекеннің әлеуметтік мәселелері өз шешімін табуда. Вишневка – еңбек етуге өте қолайлы жер. Тұрғындар үшін заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Серіктестік жергілікті Мәдениет үйін қамқорлығына алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Фельдшерлік пункт пен дәріхана да жұмыс істеп тұр. Тек ауыл мектебінің жағдайы ғана мәз емес. Іргетасы 1961 жылы қаланған мектепте былтыр 99 бала білім алып келген. Әу баста ғимарат білім үйіне лайықталып тұрғызылмаған. Оқушылар санының көбеюіне байланысты ол екі ауысымдық жүйеге көшірілген. Болашақта әбден тозығы жеткен нысан сүріліп, орнына жаңа мектеп бой көтеретін болады. Жақында 120 орындық білім ошағының құрылысы басталады. Мектеп директоры Александр Лисицкийдің айтуынша, жаңа мектептің жалпы аумағы 3440 шаршы метрді құрайды. Нысанның құрылысына өңір бюджетінен 656 млн. теңге бөлінген. Құрылыс келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Жанбота ЕСТАЙҚЫЗЫ,
журналист.