«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЙЫНШАДАҒЫ ТЕҢДЕССІЗ ЖОБА

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша ауданында іссапармен болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Алдымен өңір басшысы аудан орталығындағы «BioOperations» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Бидайды терең өндеумен айналысатын зауытта ұн, балуыз, крахмал мен жемазық өндіріледі. Серіктестік директоры Алмас Калимурзин қазіргі таңда балуыз өндіру цехында құрастыру жұмыстары аяқталуға жақын екенін, алдағы уақытта бұл өндіріс қуатын екі есе арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, жылына 600-700 тонна балуыз өндіру жоспарлануда.
– Біз балуызды дүние жүзіне экспорттаймыз. Соның ішінде Еуропа елдері мен АҚШ, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстанға жөнелтіледі. Сонымен қатар алдағы уақытта биоэтонол шығаратын боламыз. Қазір өндіріс цехын іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылдың бірінші тоқсанында биоэтонол өндірісін толық іске қосуды жоспарлап отырмыз, – дей келе Алмас Қабдоллаұлы биоэтонол бензин өндірісінде қолданылатынын және экологиялық таза өнім екенін жеткізді.
Қазіргі таңда зауытта 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндіріс қуаты артса, жұмыс күші көбейеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтыған зауытта жыл басынан бері балуыздың 80 пайызы экспортталған. Күн сайын кәсіпорында 50 тонна балуыз, 140 тонна крахмал өндіріледі екен. Мамандардың айтуынша, шикізат қоры жеткілікті. Жергілікті агрофирмалардан бидай сатып алатын зауытқа жыл сайын 250 мың тонна шикізат қажет. Жалпы биоэтонол өндірісінің инвестициялық жобасы 6 миллиард теңгені құрайды. Жоба инвесторы Әлихан Талғатбектің Тайынша ауданында тағы бірнеше жобаны жүзеге асырып жатқанын тілге тиек еткен жөн. Мәселен, «KazFood Products» компаниясының еншілес кәсіпорны «МС Агро» ЖШС шошқа өсіруді қолға алған. Болашақта оны Қытайға жөнелту көзделуде. Бесжылдық жоспар аясында инвесторлар аталмыш ауданда ірі қара өсіруді де қолға алмақ. Биыл өсімдік шаруашылығымен айналысып, аудан орталығындағы элеватордың жұмысын жандандырған.
– Кейбір агроқұрылымдар үшін астықты кептіру мен сақтау қиындық туғызады. Сондықтан элеваторда жөндеу жүргізіп, қуат көзін іске қостық. Бірер күн бұрын астық қабылдай бастадық. Шамамен, екі мың тоннаға жуық бидай қабылданды. Қоймалармен бірге есептегенде элеватордың жалпы сыйымдылығы 108 мың тоннаны құрайды, – деді «BioOperations» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бақылау кеңесінің төрағасы Айдархан Сәрсенбаев.
Одан кейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасында болып, емдеу мекемесінде қолға алынған ілкімді істерге оң баға берді. Емдеу мекемесі аудандық ауруханалардың арасында алғашқылардың бірі болып электронды жүйені енгізгенін айтып өткен жөн.
– Біздің өңірде ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Түрік инвесторлары Петропавл қаласында заманауи құралдармен жабдықталған көпсалалы аурухана салады. Сондықтан бұрынғы құрал-жабдықтар аудандық ауруханаларда орнатылмақ. Бұл емдеу мекемесіндегі компьютерлік томография шалғайдағы төрт ауданға қызмет ететін болады. Енді алыстағы науқастар уақыт пен қаржы шығындап, облыс орталығына сабылмайтын болды. Мұнда оларға тиісті көмек көрсетіледі, – дей келе өңір басшысы Құмар Іргебайұлы диализ орталығында ем қабылдап жатқан науқастармен кездесіп, хал-жағдайларын сұрады. Кездесуде аурухананың бас дәрігері Анатолий Рафальский жақында инсульт орталығы ашылатынын, балаларды ересектерден бөлек қабылдау үшін екі жыл бұрын арнайы бөлімше ашылып, ғимарат жөндеуден өткізілгенін жеткізді. Бұл орайда, мемлекеттен бөлінген әр қаржы тиімді жұмсалып, өз нәтижесін беруі тиіс екенін еске салған облыс әкімі медицинадағы кадр мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Биыл біздің өңірге жүзден астам дәрігер келеді деп күтілуде. Бүгінде сексен дәрігер жұмысқа орналасқан. Жас мамандар баспанамен қамтамасыз етіліп, оларға 1,5 миллион теңге көтермеақы төленуде. Құмар Ақсақалов қаладағы емдеу мекемелерінде жұмыс істейтін жас мамандарға баспананың алғашқы жарнасын өтеу үшін демеуқаржы да қарастырылып жатқанын жеткізді.

Тайынша қаласында оңтүстік өңірден қоныс аударушылар үшін биыл жиырма екі үй салынбақ. Қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі мердігерлерге пайдалануға берілетін әр баспана сапалы салынуы тиіс екенін ескертті. Тимирязев ауданында сегіз, Тайынша қаласында жеті үйдің құрылысын жүргізіп жатқан шымкенттік ерлі-зайыптылар Хантемір Сарыбаев пен Маржан Валееваның компаниясы біздің облыс бойынша жалпы саны жиырмаға жуық үй салған.

– Биыл оңтүстіктен келетін қоныс аударушылар үшін өңірімізде 428 үй салынады. Келесі жылы оның саны 700-ден астам болады. 2021 жылы бір жарым мың үй салынбақ. Көптен бері ауылдарда жаңа баспаналар тұрғызылмаған еді. Оңтүстік Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласынан біздің өңірге ұстаз, дәрігер, тракторшы мен комбайншы мамандығы бар азаматтарды жұмыс істеуге шақырдық. Олардың тұрақтап қалуы үшін баспана салып, жағдайларын жасауымыз қажет, – дей келе Құмар Ақсақалов үш жылдық жоспар аясында тұрғын үй салуға 15 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Бүгінгі күні облыс бойынша 1600 адам өңірге қоныс аударса, жылдың соңына дейін тағы екі мың адам келуі тиіс екен.
Қазір “Астраханка-Қиялы-Тайынша-Алексеевка” бағытында он төрт шақырым жол жөндеуден өтуде. Жолдың сапасына қатысты тұрғындар тарапынан жиі сын айтылатынын жоққа шығармаған өңір басшысы жөндеу жүргізіп жатқан мердігерге жұмысқа жауапкершілікпен қарауға кеңес берді.
Жұмыс сапары соңында Құмар Ақсақалов Яснополян ауылдық округіне қарасты “Вишневка” ЖШС-нің егіс алқабын аралады. Ауыл шаруашылығы құрылымының басшысы Павел Рафальский биыл алғаш рет дәнді бұршақты дақыл өсіргенін айтты. Ырыздық-несібесін жерден тапқан кәсіпкер соя мен жүгері өсіру қазір тиімді екенін және одан мол табыс табуға болатынын жеткізді. Аталмыш серіктестік жүгеріні Иранға экспорттауды жоспарлауда.
– Шаруашылықтың егістік алқабы 58 мың гектарды құрайды. Соның ішінде 30 мың гектар жерге астық сіңірілсе, шамамен жиырма мың гектарына рапс, соя, зығыр, жүгері мен жемазықтық дақылдар отырғызылды. Дәнді бұршақты дақылдардан мол өнім жинау үшін барлық тиісті шаралар жүргізілді. Биыл алғаш рет соя өсірдік. Гектар берекелілігі он бес центнерден айналуда. Сояға сұраныс жоғары, – деді Павел Брониславович. Сояның бір тоннасы 150 мың теңге тұратынын ескерген өңір басшысы өсімдік шаруашылығында табыс көлемін ұлғайту үшін тиімділігі зор дақылдарды өсіру пайдалы екенін тілге тиек етті.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp