Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Тайынша ауданында облыстық ақындар айтысы өтіп, сөз сайысында сегіз ақын өзара бақ сынады. Жыр бәйгесіне «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербақыт Амантай, «QYZYLJAR» телеарнасының директоры Рәзия Ыдырысбаева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының кеңесшісі Роза Шәкенова, еңбек ардагері Аманжол Сейітов қазылық етті. Тайыншада тұңғыш рет өткізіліп отырған айтыста аудан әкімі Берік Әлжанов жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Айтыс – қазақтың асыл мұрасы, қымбат қазынасы. Барша ақындарға қош келдіңіздер дейміз. Бәріңізді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Бүгін ел күткен тартысты сөз додасы болады деп сенемін, – деді Берік Ақылжанұлы.
Тайынша төрінде ақындар екі айналымда сөз жарыстырып, өзара мықтыны анықтады. «Төрлет, әз- Наурыз» атты сөз сайысында ақындар өлеңге шөлдеген ағайынды жырға сусындатып, аудан халқының қошеметіне бөленді. Айтыс нәтижесі бойынша осы жолдардың авторы 3-орын, Нұрислам Әбділ 2-орын иеленді. Тайынша ауданының намысын қорғаған Берденбек Мырзатқа 1-орын бұйырса, бас бәйгені Қабдолла Бейісхан қанжығалады. Тайыншалықтар жас жүйрік Берденбек Мырзатқа домбыра сыйлап, Қабдолла Бейісханның иығына шапан жапты.
– Мұндағы халықтың жырға шөлдегені көрініп тұр. Көрермендер ақындарды қолдап, шапалағын аямай соқты. Алдағы уақытта игі бастама жалғасын табады деп ойлаймыз. Елдің керегін ұғып, айтыстың өтуіне атсалысқан жергілікті азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – деді айтысты жүргізген ақын Жарқын Жұпархан.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».