Тайынша қаласында өткен 45-ші облыстық жазғы «Ақбидай» спартакиадасы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Ашылу салтанатындағы театрландырылған көріністер мен өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты.
Ашылу рәсіміне облыс басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, депутаттар, аудан әкімдері, ауылдықтар және спортшылар қатысты.
«Ақбидай» – бұл жай ғана жарыс емес, достық пен бірліктің, отансүйгіштік пен жігердің мерекесі. Кезінде дәл осындай алаңдардан басталған алғашқы жеңістер көптеген ауыл спортшыларын үлкен спорт жолына жетеледі.
Жазғы спорт мерекесі өңіріміздің ең үздік ауыл спортшыларын біріктіреді. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл спортын дамыту, саламатты өмір салтын дәріптеу және бұқаралық спортты ілгерілету – басты басымдықтардың бірі. Бұл ойындар – осы мақсаттарға жетудегі маңызды қадам.
«Ақбидай» ойындары – нағыз тартысты бәсекенің ғана емес, сонымен бірге болашақ чемпиондардың жұлдызы жанатын үлкен мүмкіндік алаңы. Барша қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тілеймін!» – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Биылғы жарысқа мыңға жуық спортшы қатысты. Әсіресе, 117 спортшымен келген Есіл ауданының командасы ерекше белсенділігімен көзге түсті. Спортшылар жарыс барысында волейбол, жеңіл атлетика, футбол және басқа да спорт түрлері бойынша бақ сынады.
Биыл 45-рет өткізіліп отырған «Ақбидай» спартакиадасы алғаш рет 1980 жылы Мамлют ауданында ұйымдастырылған. «Бізді қуантатыны – ауыл спортшыларының көбеюі мен олардың белсенділігі. Соңғы жылдары сапа да, нәтиже де артты», – дейді спорт ардагері Бауыржан Құлжанов.
Биылғы «Ақбидай» спартакиадасында Тайынша ауданының командасы оқ бойы озық шығып жеңіске жетті. Екінші, үшінші орындарды Қызылжар мен Тимирязев аудандары бөлісті. Ал келесі жылы спорттық мереке Шал ақын ауданында өтеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».