
Тайынша өңіріндегі кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы мен жетістіктері көңіл көншітерліктей десек, артық айтқандық емес. Тайыншалық кәсіпкерлердің атқарған ауқымды еңбектері соған дәлел бола алады. Жемісті де жеңісті еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің бірі – “Тайынша сүті” ЖШС-нің директоры Қайыргелді Торғауытов.
“Тайынша сүті” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі сүт зауыты көп уақыт тоқтап тұрған болатын. Иесіз қалған мекемені Қайыргелді Торғауытов қайтадан қалпына келтіріп, өзі басшылық еткен 12 жылдың ішінде біршама іс тындырды. Жұмыс барысында аудан көлеміндегі ауылдық елді мекендерден жиналатын сүт уақтылы зауытқа жеткізіліп, іске асырылып отырады. Шаруашылықта жұмыс атқаратын қызметкерлердің әрқайсысы өз ісінің маманы. Зауыт негізінде сүт өнімдерін жасап шығару технологиясы бойынша жұмыс істейді. Жалпы өңірлік сауда айналымында аталмыш зауыттың өнімдері жоғары сапалы болып табылады. Мәселен, көпке танымал “Тайынша сүті” майы көпшіліктің сұранысына ие. Көкшетау, Астана қалаларында да осы зауыт өнімдеріне деген қызығушылық жоғары. Демек, өнімге сұраныс болса, атқарылған жұмыстың да сапалы болғаны. Балқытылған ірімшік өнімін шығару да қолға алынған. Келешекте кәсіпорынды одан әрі кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыру және бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығару арқылы халықаралық сауда нарығына шығу жоспарда бар. Өткен жылдың тамыз айында “Қазақстанның үздік тауары” өңірлік байқау-көрмесіне қатысып, жеңімпаз атанған да осы ”Тайынша сүті” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болатын.
Үстіміздегі жылы Қайыргелді Торғауытов өзі басқаратын өндіріс өнімдерінің сапасын көтерумен қатар, өндірістің барлық талаптарына сәйкес жекелеген табыс салықтарының айшықтылығы арқылы әлемдік нарықта беделділер қатарынан көрінді. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес беделі рейтингін ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша отандық тауардың әлеуетін қолдап, құқықтық, сонымен қатар, экономикалық мемлекет болып дамуына, ел экономикасына елеулі үлес қосқаны үшін Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь, Әзірбайжан Ұлттық бизнес рейтингтері одағында “Сала көшбасшысы” мәртебесін иеленді. Кәсіпорын басшысының осы бағыттағы еңбегі жоғары бағаланып, «Даңқ жұлдызы. Қазақстан экономикасы» орденімен марапатталды. Серіктестік ұжымының Отанымыздың экономикасын өркендету жолындағы жемісті еңбегіне сәттілік тілей отырып, Қайыргелді Хамитұлына еңбегіңіз де, көпшілікке ұсынып отырған дәмді өнімдеріңіз де жоғары бағалана берсін дегіміз келеді.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша қаласы.