Тайынша – өңірдегі алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Биыл өндіріс көлемі 42 млрд. теңгеден 75 миллиардқа жеткен. Аудан өндірісінің облыстағы үлесі – 10,5 пайыз. Мұндағы жаңа экономикалық аймақтың да игі әсері көп. Тайыншадағы кей серіктестіктердің тарихы әріден басталады. Мәселен, мұндағы Петровка ауылындағы өндіріс орны 1957 жылы құрылған.
Тоқтап қалған зауыт жұмысы 1997 жылы қайта жанданып, «Петровское KZ» серіктестігі құрылды. Түрлі қиындықтар мен өзгерістерге қарамастан май зауытының жұмысы содан бері бір сәтке де тоқтаған емес.
Еңбек адамдарының еселі жұмысының нәтижесінде бүгінде зауыттың ауқымы кеңейіп, өндіріс көлемі артқан. Тұрғындар тоқсаныншы жылдары табысты істі тұралатып алмай, нарық талабына бейімделіп, жаңа бағытта жұмыс істей бастады. Бүгінде мұнда 25-30 тонна сүт, шамамен екі тонна майы алынған ірімшік пен бір жарым тонна сарымай өндіріледі. Серіктестік нарыққа майлылығы 72,5, 82,5 пайыз сарымай, қаймағы алынған сүттен жасалған ірімшік шығарып келеді. Барлық өнім сапа стандарттарына сай. Өнімнің сапасына ерекше мән беріледі. Шикізат өндіріске жіберілмес бұрын арнайы тексерістен өтеді. – Өз зертханамыз бар. Онда өнім қабылдау мен технологиялық үдерістің әр сатысы бақыланады, – дейді компания директоры Асқар Нұрбай.
Бүгінде серіктестік өзі ғана табысқа жетіп қоймай, ауданда мал шаруашылығының дамуына да серпін беріп отыр. Ірі тауарлы-сүт фермаларынан бөлек, ұсақ шаруашылықтар да өнімін осында өткізеді. 22 елді мекеннің тұрғындары күнделікті сауған сүтін зауытқа жеткізеді.
Зауытта алдымен ақтан кілегей бөліп алынады. Кейін 33 пайыздық кілегей бір жаққа, майсыздандырылған сүт бір жаққа жөнелтіледі. Кілегей пастерленіп, термоөңдеуден өтіп, сепарацияланады. Нәтижесінде дәмі тіл үйіретін май алынады. Ал майы алынған сүттен ағзаға пайдалы, тез қорытылатын ірімшік жасалады.
– Жергілікті жұртшылық үшін бұл кәсіпорынның маңызы жоғары. Мамандар кездескен небір сынаққа қарамастан өндірісті сақтап, сапаны жоғалтпай келеді, – дейді серіктестік директоры.
Өндірістің өркендеуінде мемлекеттік қолдаудың да маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн. Былтыр серіктестік айналымдағы қаражатты толықтыру үшін «Қазақстан Халық банкі» арқылы несие алған. Несие пайызының бір бөлігі мемлекеттік субсидия есебінен өтелген. Биыл кәсіпорын бір топ жергілікті өндіріс орындарының қатарында Қытай елшілігінде өткен көрмеге қатысып, өз өнімдерін ұсынған.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».