«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЙҚАЗАН ПАВЛОДАРҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

“Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс” республикалық эстафетасының символы – Тайқазан салтанатты түрде Павлодар облысына табыс етілді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Тайқазанның символикалық үлгісін ортаға алып шығу рәсімі театрландырылған қойылыммен басталды. Актерлер сомдаған Қожаберген жырау, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды ұлы жерлестеріміз эстафетаның бас символына ақ жол тілеп, баталарын берді.

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қызылжар өңіріне осыдан бірнеше күн бұрын жеткізілген Тайқазанды игі істермен толтыру мақсатында облыс аумағында бірқатар ізгі шаралар атқарылды. Эстафета аясында көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, қайырымды істер атқарылып, ұлттың бірлігі ұлықталды.

Ізгі істерге толы шара енді Павлодар облысында жалғасын таппақ. Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова Тайқазанды Қазақстан халқы Павлодар облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сейсенбай Жетпісбаевқа салтанатты түрде табыс етті.

– Еліміздегі Ассамблея жылында сонау ата-бабамыздан қалған көне жәдігер ретінде мұра болып келе жатқан Тайқазан қоғамның ауызбіршілігін сақтай отырып, тату-тәтті тұрмыс кешудің тамырын тереңдете түссін! Тайқазанның іші игі істерге толы болып, ел игілігіне айналуына тілектеспіз. Еліміздің бірлігі мен берекесі арта берсін! – деді Анархан Қалиқызы.

Ал Сейсенбай Жетпісбаев мерейлі міндетті жүзеге асыруға павлодарлықтар көп болып атсалысатындарын жеткізді.

Ел халқын бірлікке бастаған Тайқазан биылғы жылдың сәуірінде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Елбасына тапсырылмақ.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp