
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай республикалық “20 игі іс” акциясы бастау алған болатын. Оның барысында елордамыз – Астанадан жол тартқан “Тайқазанның” кіші көшірмесі өңірлердің барлығын аралап өтіп, сәуір айында өтетін Ассамблеяның мерекелік сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс етілмек.
Ақмола облысынан бізге жеткізілген тайқазанды облыстық ассамблея өкілдері алдымен Смирноводағы Қарттар үйінің тұрғындарына көрсетті.
Ассамблея жылының символына айналған тайқазан – молшылықтың кепілі.
1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирново интернат-үйінде бүгінгі күні 345 адам тұрып жатыр. Олардың отыз сегізі – тыл еңбеккерлері.
“20 игі іс” акциясы барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы өкілдері алдымен аталмыш мекеме тұрғындарының қолынан шыққан бұйымдар қойылған көрмені тамашалады. Бұдан соң қоғамдық институт өкілдері интернат-үйі тұрғындарымен кездесіп, сапар мақсаты жайында әңгімелеп берді.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл. Еліміздегі тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайтуда қоғамдық институттың атқарып отырған еңбегі ұшан-теңіз. Осыған орай Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялаған болатын. Ондағы мақсат – Ассамблея жұмысын жұртшылыққа кеңінен насихаттау. Осының аясында “20 игі іс” республикалық акциясы жарияланған болатын. Өңіріміздегі бұл жұмысты біз сіздерден бастауды ұйғардық, – деді кездесуді ашқан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.
Өз кезектерінде сөз алған ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері интернат тұрғындарын Ассамблея мен Конституцияның – 20, Ұлы Жеңістің – 70, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойларымен құттықтап, интернат-үйінің тұрғындарына өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі бірлігіміздің бастауы. Осыдан жиырма жыл бұрынғы өмір мен бүгінгі күнімізді салыстырсақ оң өзгерістер бар. Ең бастысы – еліміздегі тыныштық. Бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешудеміз. Мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасы. Ал оның тапсырмаларын жүзеге асыруда бірінші кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше. Біртұтас ел болып өмір сүруіміздің де басты ұйтқысы болып отырған Ассамблея, – деді өз сөзінде облыстық еврей қауымдастығының төрағасы Рашбиль Евдаев.
Бұдан соң Ассамблея өкілдері аталмыш мекемеге “20 игі іс” акциясы шеңберінде плазмалы теледидар тарту етті. Кездесу соңы облыс орталығындағы көркемөнерпаздар ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты. Оның барысында әншілер мен бишілер өз өнерлерін ортаға салып, қамкөңіл жандардың көңіл күйлерін бір марқайтып тастады.
Осы күні облыстық ассамблея өкілдері Қызылжар ауданына қарасты Соколовка ауылында да болды. Онда олар даму мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілерімен кездесіп, “20 игі іс” республикалық акциясы шеңберінде оларға “Отау ТВ” сандық телевизиясының қондырғысын сыйға тартты. Балаларға тайқазан көшірмесін көрсетіп, оның неліктен Ассамблея жылының символына айналып отырғандығы жайында әңгімелеп берді.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.