Қоғамның қозғаушы күші білімді де белсенді жастар екені даусыз. Егемен еліміздің ертеңі осындай жастардың қолында. Бүгінгі таңда ел болашағына сеніммен қарайтын жаңа буын өкілдері білім мен тәрбие, ғылым мен шығармашылық, еріктілік пен азаматтық белсенділік сияқты көптеген салада өздерін жан-жақты дамытып келеді. Солардың арасынан озық шыққан, ерекше білім мен жігер иелерін танытатын маңызды алаңдардың бірі – «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауы. Бұл – еліміздің әр түкпіріндегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жүрген талапты студенттердің жетістігін дәріптейтін беделді жоба.
Осындай байқауда жеңіске жету тек жеке жетістік емес, бүкіл өңір үшін мақтаныш десек, артық етпес. Биыл бұл мәртебеге ие болған жастардың қатарында Мағжан Жұмабаев ауданы Сарытомар ауылынан шыққан Дидар Аймұқан да бар. Ол білімге құштарлығы мен көшбасшылық қабілетінің арқасында республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінді.
Ол 2006 жылдың 12 мамырында дүниеге келген. Сарытомар орта мектебін тамамдаған Дидар – қазіргі таңда Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде «Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша IV курс студенті.
«Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауы жыл сайын сәуір айында өткізіледі. Мақсаты – еліміздің білім беру жүйесіндегі ең үздік, жан-жақты дамыған студенттерді анықтап, олардың оқу жетістіктері мен қоғамдық белсенділігін елге таныту, насихаттау.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең колледжішілік іріктеу, мұнда студенттің академиялық үлгерімі, ғылыми-шығармашылық жетістіктері, ері тілік қызметі, жобалық жұмыстары мен көшбасшылық қабілеттері бағаланады. Одан кейін облыстық деңгейде үздіктер анықталып, республикалық кезеңге жолдама алады. Үздік жүздікке енген жастардың тізімі арнайы жинаққа енгізіліп, Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Дидар Аймұқан осы байқаудың барлық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, үздік жастардың қатарынан көрінді. Бұл– оның жан-жақтылығы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Қазіргі таңда жас маман колледждің өзін-өзі басқару ұйымының президенті қызметін атқарып келеді. Оқытушылар, студенттер мен жастар ұйымдары арасында алтын көпір бола отырып, оқу ордасының қоғамдық өміріне тың серпін қосып жүр. Сонымен қатар Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» ұйымы төрағасының орынбасары.
Кейіпкеріміз – еріктілерқозғалысына да белсене араласатын жан. Әсіресе өткен жылы су тасқыны кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Солтүстік Қазақстандағы жағдайды баяндау жауапкершілігін өз мойнына алып, үлкен сенімді ақтады.
– Білім мен өнер – рухани байлықтың негізі. Өз ісімді, таңдаған мамандығымды шын жүректен сүйемін. Елімнің дамуына титтей болса да үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Дидар Аймұқан.
Жас болса да талабы таудай кейіпкеріміздің жетістігі – бүгінгі жас буынның мүмкіндіктері шексіз екенінінің дәлелі. Ауылдан түлеп ұшып, республикалық деңгейдегі жарыста топ жару еңбекке деген адалдық пен ұмтылыстың жемісі.
Ләзиза
МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».