«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Талабы таудай Дидар

Қоғамның қозғаушы күші білімді де белсенді жастар екені даусыз. Егемен еліміздің ертеңі осындай жастардың қолында. Бүгінгі таңда ел болашағына сеніммен қарайтын жаңа буын өкілдері білім мен тәрбие, ғылым мен шығармашылық, еріктілік пен азаматтық белсенділік сияқты көптеген салада өздерін жан-жақты дамытып келеді. Солардың арасынан озық шыққан, ерекше білім мен жігер иелерін танытатын маңызды алаңдардың бірі – «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауы. Бұл – еліміздің әр түкпіріндегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жүрген талапты студенттердің жетістігін дәріптейтін беделді жоба.

Осындай байқауда жеңіс­ке жету тек жеке жетістік емес, бүкіл өңір үшін мақта­ныш десек, артық етпес. Биыл бұл мәртебеге ие болған жастардың қатарында Мағ­жан Жұмабаев ауданы Сары­томар ауылынан шыққан Ди­дар Аймұқан да бар. Ол білім­ге құштарлығы мен көшбас­шылық қабілетінің арқасын­да республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінді.

Ол 2006 жылдың 12 мамы­рында дүниеге келген. Сары­томар орта мектебін тамамда­ған Дидар – қазіргі таңда Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде «Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педаго­гикасы мен әдістемесі» ма­мандығы бойынша IV курс студенті.

«Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 сту­денті» республикалық бай­қауы жыл сайын сәуір айында өткізіледі. Мақсаты – еліміздің білім беру жүйесіндегі ең үздік, жан-жақты дамыған студенттерді анықтап, олар­дың оқу жетістіктері мен қо­ғамдық белсенділігін елге та­ныту, насихаттау.

Байқау бірнеше кезең­нен тұрады. Бірінші кезең колледжішілік іріктеу, мұн­да студенттің академиялық үлгерімі, ғылыми-шығарма­шылық жетістіктері, ері тілік қызметі, жобалық жұ­мыстары мен көшбасшылық қабілеттері бағаланады. Одан кейін облыстық деңгейде үздіктер анықталып, респуб­ликалық кезеңге жолдама ала­ды. Үздік жүздікке енген жас­тардың тізімі арнайы жи­наққа енгізіліп, Құрмет гра­моталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатта­лады.

Дидар Аймұқан осы бай­қаудың барлық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, үздік жастар­дың қатарынан көрінді. Бұл– оның жан-жақтылығы мен тынымсыз еңбегінің нәти­жесі.

Қазіргі таңда жас маман колледждің өзін-өзі басқару ұйымының президенті қыз­метін атқарып келеді. Оқыту­шылар, студенттер мен жас­тар ұйымдары арасында ал­тын көпір бола отырып, оқу ордасының қоғамдық өміріне тың серпін қосып жүр. Соны­мен қатар Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жа­нындағы «Ассамблея жаста­ры» ұйымы төрағасының орынбасары.

Кейіпкеріміз – еріктілер­қозғалысына да белсене ара­ласатын жан. Әсіресе өткен жылы су тасқыны кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Сол­түстік Қазақстандағы жағдай­ды баяндау жауапкершілігін өз мойнына алып, үлкен сенімді ақтады.

– Білім мен өнер – руха­ни байлықтың негізі. Өз ісімді, таңдаған маманды­ғымды шын жүректен сү­йемін. Елімнің дамуына тит­тей болса да үлес қосу – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Дидар Аймұқан.

Жас болса да талабы тау­дай кейіпкеріміздің жетістігі – бүгінгі жас буынның мүмкіндіктері шексіз екенінінің дәлелі. Ауылдан түлеп ұшып, республикалық дең­гейдегі жарыста топ жару ең­бекке деген адалдық пен ұм­тылыстың жемісі.

Ләзиза

МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp