«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАНТТЫЛАР МЕН ТАЛАПТЫЛАРҒА ЖОЛ АШЫҚ

Жер-жерде түрлі салтанатты оқиғаларға орай олардың маңыздылығына, шама-шарқына қарай мәдени-бұқаралық шаралар өткізіліп, концерттер қойылатыны жаңалық емес. Әсіресе, ауылдық клубтардан бастап, аудандық Мәдениет үйлерінде, басқа да бұқаралық ойын-сауық мекемелерінде ұйымдастырылатын мұндай шаралардың астарында кей-кейде бұларды жоспарлап, мазмұнды, тартымды етуге жауапты адамдардың сіңірген еңбегі елеусіз, ескерусіз қалатыны да бар. Осы шаралардың діттеген мақсаттарына сай болуы оларды ұйымдастырған адамдардың кәсіби шеберлігіне байланысты екендігін де айтуымыз керек.

Бір кездегі дағдарыс жылдарының қыспағына шыдамаған әлжуаз мәдениет мекемелерінің көбі тістегеннің аузында, жұлғанның жұмырында кетіп, өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмаған, қоймаларға, дүкендерге айналып шыға келген уақыт артта қалды. Бүгінде мәдениет мекемелерінің іргесі қайта бекіді, шаңырақтары нығайды. Олар жұртшылықтың әлеуметтік-рухани белсенділігін арттыратын орталық мәртебесін қайтадан иеленді.

Тәуелсіздік ту тіккеннен кейін еліміздің тұрғындарының рухани сұраныстары артқан шақта мәдениет мекемелерінің жұмысын ширата түсу қажеттігі туындады. Бұл жұмысты көлденең көк аттылар емес, арнайы білім иеленген кәсіби мамандар атқаруы қажеттігі анық аңғарылды. Сол себепті осы бағыттағы жоғары білімді мамандарды даярлау күн тәртібіне қойылды. 2013 жылы облыстық әкімдіктің ұсынуымен академик Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің музыкалық-педагогикалық факультетінің жанынан “Мәдени және демалыс жұмыстарын ұйымдастыру” мамандығы ашылды.

Бұл бөлімшеде білім алып жүрген студенттер “Шоу-бағдарламаларды ұйымдастыру”, “Көркем шығармашылық”, “Сценарий жасау шеберлігінің негіздері”, “Ән шырқау негіздері”, “Демалысты ұйымдастыру әдістемесі” сияқты мамандықтарды игереді.

Студенттер үйренгісі келетін аспаптарды өздері таңдай алады. Айталық, домбыра, қобыз, фортепьяно, баян сияқты аспаптарда ойнау шеберлігіне машықтанады.

Сол ашылған жылы қалың көпшіліктің ықыласын аударатын түсінік жұмыстарының олқылығынан ба екен, әлде жарнаманың жеткілікті болмауынан ба, әйтеуір, бөлімшеге небәрі алты-ақ студент қабылданды. Олардың үшеуі – грант бойынша білім алса, қалғандары ақы төлеп оқиды.

Биылғы оқу жылында екі студент грант иеленсе, өзге алтауы өз қаражаттарымен білім алуда.

1978 жылы шаңырақ көтерген музыкалық пәндер кафедрасының құрамындағы аталған бөлімшенің өзіне тән ерекшелігі онда даярланатын мамандар мектептерде ұстаздық етуге емес, мәдени және демалыс жұмыстарын ұйымдастыруға бейімделеді. Атап айтқанда, бұл мамандар мәдениет және өнер ұжымдарының көркемдік жетекшілері болады, бұқаралық-мерекелік қойылымдардың сценарийлерін жазады, концерттер мен спектакльдерді дайындайды, мектептердің және мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінің мәдени-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырады.

Аталған бөлімшеге оқуға түсер кезде талапкерлердің Қазақстан тарихы, қазақ және орыс тілдері бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудегі ұпайлары ескеріледі.

Мен кафедраның оқытушыларымен кездесіп, мұндағы білім берудің ерекшеліктеріне бойлауға тырысып әңгімеге тартқанымда, әсіресе, оқып жүрген студенттердің аздығына байланысты қойған сауалыма кафедра меңгерушісі Г. А. Колесникова мұндағы оқытушылардың аудандардағы мектептерде, колледждерде және басқа да арнаулы оқу орындарында болып, аталған “Мәдени және демалыс жұмыстары” мамандығының мән-маңызын барынша түсіндіргенін тілге тиек етті. Студенттерді көптеп тарту мақсатымен аудандардың әкімдеріне олардың өз аумақтарында тұратын талапкерлерінің оқу ақысын көтеріп алуы жөнінде ұсыныстар жасағанын айтты.

– Алайда, – деді Галина Афанасьевна, айтылған сөз сол жерде қалған сыңайлы. Қозғалыс бола қойған жоқ. Мұндай білікті, жоғары білім игерген мамандар сол аудандарда мәдени-демалыс жұмыстарын ұршықтай үйіріп әкетер еді ғой.

Оның айтуынша, бұл талапкерлерді іріктегенде оқуға “Орындау шеберлігі”, “Ұйымдастыру-қойылым жасау шеберлігі” сияқты шығармашылық сынақтардан өткендер қабылданады екен.

Бөлімшеде бірнеше аспаптар бойынша оқытатын мамандар баршылық. Біз солардың ішінде қазақтың негізгі музыкалық аспаптары – домбыра мен қобыз бойынша білім алып жүргендердің болмауын алға тарттық.

– Бұл аспаптар факультетте оқытылады. Олар бойынша педагогика ғылымдарының магистрлері Жанна Құлжанова (қобыз) және Самал Асылбаева (домбыра) білім береді, – деді кафедра меңгерушісі.

Музыкалық-педагогикалық факультетте Жеңіс Қабдолбәриев жетекшілік ететін “Шертер” ансамблі жұмыс істейтінін білеміз. Оның орындаушылары – факультеттің студенттері мен оқытушылары.

– Бұл ансамбльді 1999 жылы құрған едік, – деді Жеңіс Қабдолбәриев.

Оның айтуынша, содан бері университеттің өнер ұжымы көптеген мәдени шараларға қатысып, қазақтың ұлттық аспаптарының үнін тыңдармандарға жеткізіп келеді. Ансамбльде домбыра, қобыз, шертер сияқты негізгі ұлттық аспаптармен қатар, сазсырнай, жетіген, адырна қосылған. Осы фольклорлық-этнографиялық ұжым факультеттегі өзге әріптестерімен бірге студенттердің бойында ұлттық өнерге деген ұмтылыс пен ықыласты арттырып, шеберліктерін шыңдауға септігін тигізіп жүргені айтылды.

Аталған мамандық бойынша білім алып жүрген студенттер оқудан және зерттеу жұмыстарынан өзге шығармашылық шараларға, байқауларға, фестивальдарға ұдайы қатысады. Өткен жылы “Мәдени және демалыс жұмыстары” мамандығы бойынша оқитын екінші курстың студенті Дарья Калякина мәдениет жұмыстарын ұйымдастырушылардың “Жақсы көңіл күй шебері” концерт және ойын-сауық бағдарламасы бойынша облыстық конкурсқа қатысып, “Жас дарын” аталымында бас жүлдені еншіледі. Ал Наталья Геращенко “Таңшолпан” ән байқауының лауреаты болды. Болашақта мәдени және демалыс жұмыстарын ұйымдастыруға ден қойған талапкерлер хореографияны да игеруге талпынуда. Олардың алды – Сабина Балтабаева, Тамаша Шәкімова сияқты студенттер. Бұлар қазірдің өзінде университетте өтетін және қалалық концерттерді ұйымдастыруға тартылып жүр.

Ал кафедраның студенттер хоры өткен жылдың 4-9 қарашасы аралығында Астанада болып, шығармашылық жастардың ХVІІ Халықаралық “Шабыт” фестиваліне қатысты. Биыл сәуір айында елордада Халықаралық “Жеңіс жолдарымен” фестивалінде өнер көрсетті.

Болашақ абитуриенттерді қандай мәселелер толғандыратыны біздің назарымыздан тыс қалмады. Сондықтан факультет оқытушыларынан, кафедраның меңгерушісінен және Елена Шеффинг пен Татьяна Жуковадан осы жайында сұрағанымда олар талапкерлер: “Бұл мамандық бойынша гранттар бөліне ме және түбінде жұмысқа орналасу қиындық тудырмай ма?” – дегенге көңіл бөлетінін айтты. Алайда, осы жерде бізге мынадай ой келді. Егер бұл мамандық қоғамымызға қажетті, сұранысқа ие болса, оқып жүрген студенттер саны неліктен аз? Әлде жастар бұл мамандыққа ықылас аудармай ма, немесе түбінде жұмысқа орналасуда қиындықтар туындай ма?

Осы орайда біз университет проректоры Мүкәрам Тайжановадан аталған кафедрада білім алып жүрген студенттердің аздығының себебін анықтағанымызда, ол аудандар әкімдерінің мәдени-демалыс жұмысын ұйымдастыратын мамандарға грант бөлуге аса құлықты еместігін тілге тиек етті. “Қазір барлық округтерде Мәдениет үйлері жұмыс істейді. Оларда өткізілетін бұқаралық шараларды арнайы, жоғары білімді игерген мамандар ұйымдастыруы керек. Бірақ аудандар әкімдері мәселенің маңызына аса бойламайтын сыңайлы. Біздің университетте жоғары білімді мәдениет мамандарын даярлайтын бөлімше ашылуы – облыс әкімдігінің бастамасы”, – деді проректор.

Жақында облыс әкімдігінде өңіріміздегі мәдениет саласының жай-күйі мен дамуы туралы мәселе қаралған жиын өтіп, онда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рустам Бикенев есеп берді.

Қаралған мәселе бойынша облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Қаулының екінші тарауында “Аудандардың және Петропавл қаласының әкімдері жас мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын қабылдасын” деген тапсырма бар. Оның қалай шешілетіні аудан әкімдерінің іскерлігіне байланысты. Олар жас мәдениет мамандарына қолдау жасай ала ма? Әкімдердің өз аудандарындағы мәдениет жұмыстарына лайықты көңіл бөлуі қажет-ақ.

Осы орайда аты-жөнін айтпауды қалаған бір мәдениет маманы: “Меніңше, мұның мынадай астары бар. Қазір мәдениет қызметкерінің беделі жоқ. Жалақысы аз. Жергілікті жерлерде оларға лайықты көңіл бөлінбейді. Оның үстіне жастар ауылдық жерлерге барып, жұмыс істеуге құлықты емес. Осыдан кейін олар бұл мамандықты қаламайды”, – деді.

Кафедра ұстаздары саусақпен санарлықтай студенттердің бәрімен жеке жұмыс істелетінін, әр аспапты жеке үйрететінін айтты. Бұл тұрғыда ешқандай олқылық орын алмағанын ұқтырды.

Алдағы оқу жылына қабылдау комиссиясы 20 маусымнан жұмыс істей бастайтыны да айтылды.

Ашылғанына екі-ақ жыл болған “Мәдени және демалыс жұмыстары” мамандығының болашағы алда деуге болады. Ең бастысы – өнерге деген ықыласы бар жас түлектер осында білім алуға ден қойса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp