«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАНТЫМЕН ТАМСАНДЫРДЫ

Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы (түзету) мектеп-интернатында дарынды жерлесіміз Виктор Денисенконың шығармашылық кеші өтті.

Бойында сан қырлы өнері бар дарынды жерлесіміздің құрметіне ұйымдастырылған шығармашылық кеш өлең-жырмен, әсем әуенмен өрілді. Өмірге құштар дарын иесінің туған жерге деген іңкәр сезімі оның әр бастамасынан айқын аңғарылып тұрады. Әсіресе, туған жер тақырыбын шығармашылығына арқау еткен ақынның, музыканттың көңіл толқынысы лирикаға толы. Оның сыршыл өлеңдері мен әндері жүрекке жылы. Адамға ерекше әсер сыйлайды. «Талантты адам барлық жағынан талантты» демекші, ол джиу-джитсу бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдо, самбо, қоян-қолтық ұрыстан жоғары санатты ұлттық төреші. Ағарту ісінің үздігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып еңбек етті. Спорттың әр түрінен көптеген жарыстарға белсене қатысып, соңғы жылдары полиция қызметкерлері үшін қоян-қолтық ұрыс бойынша нұсқаушы болып жұмыс істеді. Мұндай дарынды адамның құрметті еңбек демалысында бос отыруы мүмкін емес. Ол әлі күнге дейін жас спортшыларды жаттықтыруда. Өнегелі ұстаз самбо және қазақша күрестен көптеген спорт шеберлерін дайындады. Соның ішінде Сергей Горлов, Виктор Грудинин, Олег Александров, Роман Джантлеев сынды Қазақстан Республикасының, Азия және Еуропаның бірнеше дүркін чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Ол музыка, өлең шығарумен қатар, сурет салып, бильярд ойнауға уақыт табады.

Ерен еңбегінің арқасында көптеген марапаттарға ие болған жерлесіміздің шығармашылық кеші әсерлі өтті. Отырыс барысында автор шығармашылықтан бөлек, туған жер туралы тебірене ой бөліскенін айтып өткен жөн. Жиын соңында қатысушылардың назарына ақынның «Қазақстан» атты өлеңінің желісі аясында түсірілген бейнеролик ұсынылды.  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp