Асқар таудай ағаларымыздың да, қара ормандай қатарымыздың да, тіпті, соңымыздан желкілдеп өсіп келе жатқан інілеріміздің де біразы бұл дүниеден озыпты. Енді олардың мәңгі жас жырларымен ғана жүздесіп, жүрекке сәуле түсірген сонау сағымды жылдарды сағына еске аламыз. Өткендер елесіне зар болған сайын қасыңда жүрген жандардың қадір-қасиетін терең сезіне бастайды екенсің. Кім білсін, “жер ортасы – Көктөбеге” шығып қалғандығымыздан да болар.
1969 жылы біздер оқуға келгенде алдымызда бір шоғыр жас жігіттер университетті жаңа бітіріп, республикалық газет-журналдарда жұмыс істей бастады. Арамыз онша алшақ болмаса да, алғашқы өлеңдеріміз алдарынан өткендіктен оларды аға тұтушы едік. Әсіресе, ол тұста “Жалын”, “Лениншіл жас”, “Қазақстан пионерінде” істеген Оралхан, Сағат, Жарасқан, Нұрландардың қамқорлығын көргенімізді әрдайым айтып жүрміз.
Алдыңғы толқынның қарасына ілесе, олардың аяқ алыстарын қалт жібермей қадағалап отыру – кейінгі толқынға тән ғадет. Біз бұл күнде қабырғалы ақындарымыздың біріне айналған Нұрлан Оразалин жырларының табиғатын ерте танып, ішкі-сыртқы әлеміне етене бауыр бассақ, сол бір жұлдызды жылдардың әсері. Нұрланның сол кезеңдегі сырлы да, сазды жырлары жанымызға жақын еді. Ой ағысы, сезім толқынындағы тазалық тәнті ететін. Кейіннен Нұрлан ақын драматургия ауылына бет бұрды, қоғамдық жұмыстарға араласты. Өткен жылы “Атамұра” баспасынан жарық көрген “Құралайдың салқыны” атты кітабы араға жылдар салып барып қолымызға тиді. Ақын жырларын жариялауға асықпаған. Есесіне ондаған жылдар бойы іштей буырқанып, жыр көрігінің қызыл шоғын маздата үрлеуден тынбаған. “Құралайдың салқынына” енген өлеңдер мен “Қарақазан ғасыр” атты драмалық дастан – заман тудырған, өмірдің отты өзегінен жарып шыққан шынайы да шабытты туындылар. Нұрлан өлеңдеріндегі мінез байыптылығы, бетінен қалқымай, беталды шалқымай, ағыстың астымен шымырлап сырғу, ой тереңіне сынаптай сүңгу – ілуде біреуге ғана бітетін бірегейлік.
Медеу сайы…
Талықсып құз бұлағы…
Сам жанды да аспаннан
сыз құлады.
Сағат тілі секілді
сырт-сырт етіп,
Бір жыр менің жанымды
сызғылады.
Нұрлан да сіріңкенің сырт еткенінен алдағы жанатын оттың ауқымын көзге елестетіп, бүкіл дүние тынысын тани алатын әсершіл ақын. Қуаныш пен күдігі егіз мынау опасыз жалғанға ақын көңілі сергек қарайды. Шабыт құшағындағы әр мезеті – төгіліп тұрған өлең. “Сағаттың тілі секілді сыртылдап, ақын жанын сызғылаған жыр” – аса сезімталдықтан туған сәтті жолдар. Мұндай маржандар жинақтың өн бойынан молдап кездеседі. Шебер ақынға көз алдында тұрған шегені де өлең етіп, одан ой өзегін өріп шығу онша қиын емес. Дегенмен, ондай жыр жолдарының ішінде жылтылдап жасандылықтың шоғы жүретіні тағы бар. Нұрлан өлеңдері одан ада.
Түн қараңғы.
Түндей көңіл қараңғы,
Мұң-көкбөрі…
Ашатындай аранды.
Аспан толы мың-мың
жұлдыз – мың аруақ,
Бір жетім ой қаситындай
жарамды.
Қараңғыға ұмтылады
неге ойым?
Қамықтың деп кімді
қалай сөгейін?
Беу, көк аспан,
аруақтардың мекені,
Тіл қатшы бір, тірілерге
не дейін?
Таба алмастан жанның
асау бір емін,
Тірелгендей тұйыққа
кеп жүрегім.
Сендер қалай?
Жердегі жұрт шаршады,
Білмей ертең қалай
өмір сүрерін.
Нұрланның ой көзі де заңғар биіктегі осы бір алтын қазықтың ұшын ертерек шалыпты. “Жердегі жұрт шаршады, білмей ертең қалай өмір сүрерін”, – деп ақын ғаламшардағы адамзаттың ХХ ғасыр соңындағы тауқыметті тіршілігіне ғарышпен тілдесе отырып, қабырғасы қайысады.
Кітапқа алғы сөз жазған заманымыздың ұлы жазушысы Ш.Айтматов пікірі де қазақ поэзиясына соңғы жылдары қосылған бір асыл қазынаның сүйіншісіндей қуанышқа бөлейді. Әдетте әртүрлі жағдаймен алғы сөздер жазылып жатады. Кейбір дүниелер алғы сөз авторларының атағының қанжығасына байланып, жалаң мадақтың құрбанына айналып кететінін де жасыра алмаймыз. Мына кітаптың көркемдік келбеті Шыңғыстай жазушының ағалық ақ тілегіне әдемі орайласқаны көңілге ілтипат ұялатады.
Жинаққа топтасқан жырлар өзара іштей үндестігімен де ұнамды. Толғаныс, тебіреністерде тыныс кеңітетін тұтастық бар. “Құралайдың салқыны” деген аты да іргелі шығарманың шарайнадай төңкеріліп тұрған сәулелі қырларынан хабар бергендей. Ақын өмірдің сыртқы суреттерін қызықтаудан гөрі өз жүрегіне көбірек үңілуге, сол арқылы бүкіл тіршілік көкірегінің қуаныш-қайғысын жыр жолдарына түсіруге құштар. Талант даралығы деп осыны айтар болар.
Нұрлан ақын тек өзіндік туа біткен табиғатымен тамаша көрінеді. Көбінесе тереңнен қозғап, сыр түбіндегі тұнық ойды аялап тербетеді. Қайғырса да, қуанса да жырдың жібек орамалының көркем кестесін құлпырта түседі. Қайсы өлеңін оқысаңыз да, әуені мен мәнерінен жаңылмай, өнердің көсегесін көтеруге талпынған ақын қаламның айшықты ізін танисың.
Көңілдерде жаңылып
ән ырғағы,
Қан да салқын тартқандай
тамырдағы.
Қан жылады жүрегім…
Үсік ұрған
Табиғатты көргенде
мамырдағы.
Қатал қандай,
Апыр-ай, аспан мына?..
(Бір алапат ішімде
басталды ма?!)
Шие ағаштың бүртігі
бүрісіп тұр,
Ұқсап анық тұл жетім –
тастандыға…
Күнделікті тіршілікте, қызмет бабында салиқалы, салмақты, іскер көрінетін жігіттің жырмен бетпе-бет келгендегі жанның нәзіктігі ақындық табиғаттың мөлдір тамшысындай дірілдейді.
Ақынның қарапайым өмірдегі болмысы мен шабытты шақтағы жан дүниесі мүлде екі басқа.
Бір бойымда екі адам тіреседі,
Біріншісі өртеніп, жыр еседі.
Екіншісі жасырып өз сезімін,
Ел алдында “кісімсіп”, сіреседі.
Алғашқының сезімі
бұлақтайын,
Асып-тасып жатады
құлап дәйім.
Ал екінші?
Ұстамды шамадан тыс,
Қара көрік кеудесі –
сұрақ дәйім.
Осы арада өнер алдында өтірік айтып көлгірси алмайтын, ағынан жарылған ақын жүрегіне риза боласыз. Шынында да, бұл ақиқатты Нұрлан көңіл қатпарында бүгіп қалса, оның жыр жалауы биікте бұлай желбіремес еді. Әрине, өлең бітімінен асыққа құйған қорғасындай құйылып түскен көркемдік айшық онша көзге ұрмаса да, күйкі пендешіліктің парасат құдіреті алдында тізе бүккеніне шүбәсіз сенесіз. Сенесіз де өнер ләззатын терең сезінесіз.
Нұрлан туындыларындағы тағы бір тосын мінез – өзі туған ортасын емірене, тебірене өзгеше толғауында. Ақын тақырып іздеп, ауа жайылмайды. Төңірегі тұнған сыр мен жыр. Қысылып, қымтырылмайды. Еркін көсіледі.
Ойға мені қыркүйек батырады,
Қайың қыздың ұшады
жапырағы.
Қарақазан тірлікті ұмыттырып,
Қаз-тырнаның дауысы
шақырады.
Шақырады ойымды, ән,
мұңымды,
Тербетіп бір баяғы
балғын үнді.
“Қазан ұрып, қараша,
желтоқсан кеп,
Қар басады қайтадан
шалғыныңды…”.
Әр жырлаған сайын жарқылдап әр қырынан елес беретін сиқырлы дүние-ай! Нұрлан ақын да соны қатты сезінеді. Сайып келгенде, ақынға ешқандай эпитеттің керегі жоқ. Ақын екен деген сөздің өзі жетіп жатыр. Нұрлан Оразалин – ақын. Бізге қымбаты да – сол!
“Қарақазан ғасыр” драмалық дастаны туралы арнайы тоқталған абзал. Ақынның драмалық шығармаларға ертерек ойысып, жинақтаған тәжірибесі үлкен дүниеге діңгек болғаны байқалады. Ақын ХХ ғасырдағы халық басынан өткен зобалаңға үкім айта отырып, арқалы ойларға құлаш ұрады. Кейіпкерлердің жан толқытар тағдырлары, жүрек дауыстары терең ойға батырады. Шығарманың шиыршық атқан сезім, ой шарпысулары, ақ пен қараның мәңгілік тартысы мен арман-үміттің өмір талқысындағы талпыныстары ақындық қуаттың куәсіндей.
Дастандағы ой батылдығы, қиыннан қиысқан көркемдік тапқырлықтар оқырманын ынтықтыра түседі.
Аспан, дала кең дейді,
Қоғалы жер көл дейді,
Көл, сулы жер – құйқалы,
Көл жағалай ел дейді.
Ел ішінде бір атты,
Ел тірегі бел дейді.
Көл төсінде бір аққу,
Қалқып ұшып көлбейді.
Аққу төгіп зар-мұңын,
Сағыныштан шөлдейді,
Ел сыйлаған арлының
Асыл сөзі өлмейді.
Сонау халықтық алтын бастаулардан Мұқағали ағасынша сусындаған Нұрлан ақын осылай толғайды. Дастандағы Едігенің қаралы хабарды естірту күйі – бұл. Міне, бұл – Нұрлан өзі айтқандай, “асыл сөздің өлмейтіндігінің” бір белгісі.
Мына заманда талант тұлпарын тасырқатпай өрге шапқан ақындарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Нұрлан тәріздес тұлғалы ақындарымыздың қатары сиремесе екен деп тілеймін. Себебі, өнер жүгі – ауыр жүк. Оған нардың қайраты, батырдың айбаты қажет.
Құралайдың салқыны
далада жүр,
Құралайдың салқыны
санада жүр, –
дейді Нұрлан ақын.
Екі жолдың астарында екі ғасыр аралығындағы ұрпақ үні жатыр.
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.