Ұлттық салт-дәстүріміз – баға жетпес байлығымыз. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету – бүгінгілердің парызы. Бұл ретте “сабақты ине сәтімен” дегендей, шешіліп жатқан істер де бар. Бірақ соңғы кезде салт-дәстүрлерімізге көлеңке түсірер сүйкімсіз әдеттер пайда бола бастады. Солардың бірі – шақырған қонақтардың алдына қойған етті турамай-ақ өзара бөліп алуы. Сыртынан қарап тұрсаң, бұл – өзі бір аса жөнсіз құбылыс. Жақында өзім де осындай көріністің куәгері болдым. Қазақта не көп? Той көп. Сондай той-томалақтың бірінде отырғанда табақ-табақ етті көтерген он шақты жігіт асүйден шығып, әр үстелдің қасына барып, дастарқан ортасына ет қойды. Қонақтардың жасына қарай мүшелеп салынған етке қарасаң, көзің тояды. Ет табағы келгені сол еді, тойды жүргізіп тұрған асаба: “Ал енді қандай дастарқан табақтағы етті бірінші болып турап болады, соларға арнайы сыйлық беремін”, – деп жоқ жерден аламан бәйге шапқызғандай жарысты бастап жіберді. Сол-ақ екен, әр үстелде отырған қонақтар арасынан “пысықтауы осы” дегендері пышақты ала сала етті турай бастады. Ондай адам біздің үстелден де табыла кетті. Менің қарсы алдымда отырған келіншек табақтағы еттің әр мүшесін, кем дегенде, екі-үш бөлікке бөлді де кесек-кесегімен барлығымызға таратып шықты. Осылай алдымыздағы жаңа ғана таудай болып тұрған ет бірер минуттың ішінде жоқ болды. “Жарыстың” өткізілген түріне қарағанда, бұл сайысты әу баста асаба “Етті тез турау” деп емес, “Етті тез бөліп алу” деп атаса, дұрыс болатын еді. Өйткені, бұл жерде мүшелерді әдемілеп турап отырған адамды көрген жоқпын. Байқасам, үлкендер ғана алдарына келген етті асықпай турап, табаққа сәнімен салып, бұйырған ас-судан жеп-ішіп отыр. Ал қалғандары болса, құлақ нан жегендеріне мәз-мейрам. Есесіне, әр қыз-келіншектің қасында бір-бір целлофан пакет. Бұл – табақтан тиген “енші”.
Астың берекесін кетіретін осындай жөнсіздіктің кімге керегі бар? Рас, дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден келе жатқан сарқыт деген ырым бар. Ол дегеніміз – кәмпит, құрт, өрік-мейіз сияқты дәмнен алып, үйдегі балалар мен келіндерге ауыз тигізу. Ал қазіргі сарқыт деген ырымның “өрісі кеңейіп” кеткен сияқты. Тәттілерді былай қойып, етпен қоса торт, тоқашқа дейін бөліске кетеді. Сонда асүйде жүрген қыз-келіншектерге сары табақтан сарқыт та қайтпай қалатыны шындық.
Қазақ халқы қашанда асты қадірлей білген. Ел дәулетін кең дастарқан арқылы, яғни ас, қонақасы арқылы көрсеткен. Бұл да ұлттық құндылықтардың бір белгісі болып табылады.
“Табақ асымен жарасты, кәрі жасымен жарасты” деген нақыл сөзді дуалы ауыз тегін айтпаған болар. Олай болса, сарқыт алғанның жөні осы екен деп, алдымызға келген табақтағы етті талапайлап бөліп алатын “жаңа ырымдардың” тамырына балта шапқанымыз жөн болар!
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.