Дипломы қалтасында, бірақ мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды жиі кездестіреміз. Алайда, олардың арасында мемлекеттің қолдауын пайдаланып, өз ісімді ашсам дейтіндері шамалы. Керісінше күнкөріс үшін такси жүргізушісі, жүк көтеруші, тағы басқа жұмыстарға таңдау жасайтындар көп. Елімізде өз ісін қолға алуға ниеттенген азаматтарды қолдау, әсіресе, жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында қомақты қаржы бөлінуде. Бірақ осы тұста кәсіпкерлік негіздерін тегін меңгеріп, қайтарымсыз грант алғандардың барлығы табысты жұмыс істеп жатыр ма немесе мемлекет қаржысы желге ұшты ма деген орынды сұрақ туындайды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңіріміздегі 2,6 мың бизнес субъектісі – жастарға тиесілі. 2018 жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға көбейгені жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді. Жас кәсіпкерлердің дені, яғни 33,3 пайызы көтерме сауда-саттықпен айналысса, 17,8 пайызы ауыл, балық және орман шаруашылығы саласын таңдаған.
Өткен жыл “Жастар жылы” болып жарияланып, өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған іс-шаралар еселенгені белгілі. Мәселен, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен бөлінген 21 млн. теңге қаржы толық игерілген. Өңірімізде істің тетігін білетін тоғыз жас қана өз ісін ашу үшін грантқа ие болған. Олардың қатарында Жамбыл ауданындағы “Косинов М.В”, Тайынша ауданындағы “Туған ел”, Тимирязев ауданындағы “Family”, Аққайың ауданындағы “Жүнісов Д.К.”, облыс орталығындағы “Омарова Ж.К.” бастаған жеке кәсіпкерліктер бүгінде табысты жұмыс істеуде. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылының тұрғыны, гір спортынан әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Михаил Косинов жергілікті мектептің ғимаратында фитнес клуб ашты. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі фитнес клуб ашуды бұрыннан армандағанымен, ойлағанын іске асыру үшін қомақты қаржы керек еді. Осыған байланысты ол облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жүгінуге бел буады. Онда жас маманға “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында гранттық қаржыландыруға қатысуға ұсыныс жасалып, қажетті құжаттар пакетін жинауға, бизнес жоспар әзірлеуге тиісті көмек көрсетілді. 900 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грант қаржысына қолынан іс келетін жас жігіт бірден қажетті құрал-жабдық: велотренажер, гимнастикалық құрылғылар, басқа да спорт жабдықтарын сатып алды. Өткен жылдың соңында ашылған фитнес залда жергілікті тұрғындар спортпен шұғылданып жүр.
– “Бастау-бизнес” жобасының аясында 720 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Аяғынан нық тұрып кеткен бизнесмендер мен жас кәсіпкерлерді жолықтырып, өзара тәжірибе алмасуларына мұрындық болу, жастардың кәсіпкерлікке деген құлшынысын ояту және жастар арасында кәсіпкерліктің даму қарқынын арттыру мақсатында семинарлар, “дөңгелек үстелдер” мен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама бойынша берілген 1099 гранттың 160-ы жастарға тиесілі екенін де айта кеткен жөн. Сонымен қатар кәсіпкерлік негізін оқытуға арналған шаралармен 1418 жас қамтылса, соның 600-і “Жас кәсіпкер” бағдарламасының аясында. Берілген гранттың есебінен 764 жас 351 млн. теңгеге өзінің бизнес жоспарын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов.
Жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруда түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Әсіресе, ауылдық жерде тұратын жастар мұндай мүмкіндіктерден бейхабар. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы қолға алған “Жастар керуені” жобасы осы мақсатты көздейді. Яғни, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, насихаттау, өскелең ұрпақты жұмыспен қамтуға үлес қосу, ауылдық жерде бизнесті дамыту мақсатында жұмыс істейді. Бағдарлама аясында өткен жылы аудан орталықтарымен қатар ауылдық округтерді де аралаған мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды биыл да жалғастыруда.
Есептік кезеңде “Бастау-бизнес” және “Жас кәсіпкер” бағдарламаларының аясында 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант алған жастар заман қажеттіліктерін ескере отырып, түрлі салаларды таңдаған. Мәселен, курсты аяқтағандардың бірі Әмина Тәжиева экологиялық сөмке тігумен айналысуды жөн көріпті. Облыс орталығының тұрғыны “Жас кәсіпкер” бағдарламасы арқылы тігін машинасы мен қажетті құрылғыларды сатып алған. Бизнесті тиімді ұйымдастыра білуге талпынған жас экологиялық қолдорбаны тігумен шектелмей, оған қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбаевтың қанатты сөздерін латын қарпімен жазуды, түрлі суреттер салуды қолға алған. Осылайша, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәселені шешуге де атсалысуда. Қолдорбаны экологиялық таза материалдардан тігу үшін қайта өңделген зығыр, мақта, тағы басқа материалдарды қолданады. Бір сөмкені тігуге бір сағаттан артық уақыт жұмсайды екен. Осы орайда кәсіп табысты болуы үшін қолға алған дүние жастар арасында сұранысқа ие болуы тиіс екенін айта кеткеніміз жөн.
Мемлекеттің қолдауы арқылы өз ісін ашып, табыс тауып отырған жастар жетерлік. Дегенмен, грант ұтып алғанымен, жұмысын табысты жүргізе алмағандар да бар. Алайда, облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары мемлекет қаржысын ұтып алып, бірақ өз ісін дөңгелете алмағандар жайлы мәлімет беруден бас тартты.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы үш жылда 1700 кәсіпкерлік банкротқа ұшыраған. Әсіресе, бизнес жүргізу екі адамның бірінің қолынан келе бермейтін күрделі іс екені белгілі. Ауқымды қаржы жұмсалған шаралардың тиімділігін арттыру үшін жастарды бұл мүмкіндіктерден хабардар ету аса маңызды. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жетілдірудің пайдасы зор болатын сияқты. Ал мемлекеттің қолдауына ие болған жастар жауапкершілікті түсініп, ақшаны желге ұшырмай, оны тиімді пайдалану арқылы ғана арманына қол жеткізе алады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.