
Абайдың жастық шақ туралы өлеңдері аз емес. Олар қымбат дәуреннің әр сәтін ұтымды пайдалануға ұмтылдырады. Мәселен, “Жастықтың оты жалындап” атты өлеңінде ақын жастық кездің қайта келмейтіндігін атап көрсетеді.
“Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.
Уайым аз, үміт көп,
Ет ауырмас бейнетке,
Бүгін-ертең жетем деп,
Көңілге алған дәулетке”.
Яғни, жастықтың оты жүректе жалындап тұрғанда талап тұлпарына мініп, әр қиынға қарай жұлқына шабуға болады. Бұл кезде уайым аз, бейнетті тірлікке төзім таныта аласың. Көңілге алған дәулетке бүгін-ертең жетем деген ізгі үмітпен алаңсыз өмір сүресің. Алайда, жастықтың оты үнемі лапылдай бермейді, ала-бұрта толқыған жанның қызуы уақыты келгенде басылады. Арындаған күш-қайратқа сене бермей, әр істі ақылмен шешу, мақтанға салынбай өмір сүру жастарға жарасымды.
“Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.
Құйрығы шаян, беті адам,
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы сыртта, іші арам,
Кез болар қайда сорлыға”.
Яғни, ақын денеңде жалын барда өмірден есеңді жіберіп алма, аларыңды алып қал, жастық та сынаптай ағып өте шығады дегенді меңзейді. Құрбың жақсы болса, жастығың текке өтпейді дейді. “Құйрығы шаян, беті адам сұмдардан сақтан, байқа, опық жеп қалма” деп кеңес береді. Өйткені, олар жылмаңдап, жаныңды жайлап алғанымен, артынан арамдығын жасап, өміріңе кесірін тигізеді. Демек, досты дұрыс таңдай білу керек.
“Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш,
Ойланып алмақ – сабыр сол.
Ақ көңілді жақсыдан,
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан,
Қу сөзін алма қолқаға”.
Бұл шумақтарда досыңа достық пейіліңді таныт, жақсылық жаса, өйткені, бұл қайтарымы бар іс десе, дұшпанға да әділ болуды, жауласпауды, ізгілікпен жеңгенді жөн көреді.
Ақын “Бір дәурен кемді күнге бозбалалық” атты өлеңінде де жалындаған жастарды алтын уақытты тиімді пайдалануға шақырады.
“Бір дәурен кемді күнге
бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік,
ойланалық.
Жастықта көкірек зор,
уайым жоқ,
Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық!” – деп бозбалалықтың көзді ашып-жұмғанша өте шығатын бір дәурен екенін, сондықтан албырттықпен қызық-қуанышқа алданып, қартаймастай болмайық дейді. “Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық!” деп кеудемсініп, әрнеге құмарланудан, көрсеқызарлықтан аулақ жүруге шақырады.
Қазір біреулер ән салып, сауық-сайран құруға әуес болса, енді біреулер қыздарға қырындауды зор қуаныш әрі мақтан санайды. Ақын ойынша, бұлай жүру – жастық шақты текке өткізу. Демек, жастық желігіне ермей, қайта оралмас уақытты бағалау ләзім. Бойда жігер бар бұл шақты пайдалы іске, оқуға, өнер үйренуге арна деген ойын жеткізеді.
Демеңдер:
“Өнбес іске жұбаналық”,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ –
қуаналық.
Қызды сүйсең, бір-ақ сүй
таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық –
диуаналық.
Жастықта бір күлгенің –
бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер
бишаралық.
Әуелі өнер ізделік,
қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен
мал табалық”.
Яғни, жастардың келешегіне алаңдап, уайым жеген ақын күйінішін осылай жыр-шумақтары арқылы жеткізеді. Сондықтан осынау келелі ойларға, ақыл-кеңестерге құлақ түруіміз парыз.
Әсем ШАЯХМЕТ,
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенті.