Биыл “Болашақ” халықаралық стипендиясының тағайындалғанына 25 жыл. Талантты жастардың білім алуына арналған жоба ширек ғасыр ішінде қазақстандық брендке айналды. Бүгінде ол жастардың дүниенің төрт бұрышына барып, білім алып қайтуына жасалған теңдессіз мүмкіндік десек те болады.
“Болашақ” бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы бері бакалавриат, магистратура, докторантура дәрежелері бойынша білім алып, тағылымдамалардан өтем деген 13,2 мың қазақстандыққа стипендия тағайындалып, экономиканың басым секторлары үшін 10 мыңнан астам жоғары білікті маман даярланды. Ал қазіргі уақытта 1,2 мың жас шетелдерде білімін жетілдіруде.
Мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, экономика салаларының қайсысын алып қарамайық, олардың бәрінде табысты еңбек етіп жүрген “Болашақ” түлектері аз емес. Әрі олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бұл шетелде оқудың тартымдылығының ғана емес, жастардың сапалы білімге құштарлығы мен мансаптық өсуге деген талпынысының артқанының белгісі.
Біздің облысымызда бағдарлама түлектерінің қауымдастығы барын көпшілік біле бермейді. Оның құрылуына атсалысып, талапкерлерді белсенді істерге жұмылдырған Ермек Тентек – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің түлегі. 2015 жылы жобаларды басқару мамандығы бойынша Шотландияның Абердин бизнес мектебін аяқтаған. Бұған дейін екі жыл АҚШ-та тұрып, тілді меңгерген жас жігіт Еуропаның 500 жылдық тарихы бар көне мектептерінің бірінде білім алуын өз өміріндегі маңызды кезең деп санайды.
– Абердин – Еуропаның энергетика және мұнай мен газ саласының астанасы. 200 мың халқы бар шағын қала болса да, онда дүниежүзілік белгілі компаниялар орналасып, мұнай-газ инфрақұрылымы терең дамыған. Іскерлік әлемінің өкілдері тоғысатын қала бизнес пен оны басқарудың қыр-сырын үйрететін орталық ретінде де танымал. “Сондықтан бұл жер таңдаған мамандығымды игеріп, мол тәжірибе жинақтауыма нағыз қолайлы жер болды”, – дейді Ермек Тентек.
Ол магистрлық оқу барысында теориялық білім алып қана қоймай, бірнеше компанияда өз мүмкіндігін сынап көрген.
– Тәжірибелік сабақтар барысында әдеттегі жетекші мамандар секілді кәсіпорын жұмысына қатысты шешімдер қабылдауымызға тура келетін. Бірде компания басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпорынды дамыту идеяларын ұсынып, олардың тиімділігін дәлелдеуіміз керек болды. Бір ай бойы командамызбен кәсіпорын жұмысындағы артықшылықтар мен кемшін тұстарды зерделеп, жаңа табыс көздерін іздедік. Ақырында тапсырылған істі бұлжытпай орындап шықтық. Жаңартылатын қуат көздері өндірісін дамыту туралы ұсынысымызға көңілі толған басшылық қаласақ бізді жұмысқа алуға дайын екенін жеткізді. Командамыздағы бес адамның біреуі қазір сол компанияда қызмет етіп жүр, – дейді Ермек Тентек.
“Болашақ” түлегі шетелде үйренген тәжірибесін бүгінгі күндері өзінің жеке бастамаларында қолданып жүр. Еуропадан елге оралған кезде оның алдында бұрынғы саласына қайтып оралу немесе өз ісін ашып, дербес жұмыс істеу таңдауы тұрды. Ата-анасының шағын кәсібіне көмектесе жүріп, жеке іс бастауды ұйғарады. Осылайша, отбасымен құс өсіру кәсібін қолға алады. Бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бүгіндері кәсіпкер жігіт бизнес жобаларын жасаумен айналысады. Сондай-ақ, уақытының біраз бөлігін маңызды қоғамдық істерге де арнайды.
– Қазіргі уақытта “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арадағы әріптестік аясында Қазақстан мектептерінде “Кәсіпкерлік негіздері” атты жаңа пәнді енгізу жобасын іске асырып жатырмыз. Осы жобаның арқасында оқушылар іскерлік әлемінің қыр-сырын танып, бизнес идеяларын жасау, жеке істі ашып, кеңейту тәсілдерін ерте жастан үйрене бастайды. Бұл жастарымыз үшін аса қажет. Сондықтан жобаның болашағы зор деп ойлаймын, – дейді ол.
Мемлекетіміз бен қоғамдық өмірдегі маңызды бастамаларға атсалысу мақсатымен құрылған “Болашақ” стипендиясы түлектерінің қауымдастығы – еліміздегі жас ұйымдардың бірі. Әрине, қауымдастық мүшелерінің өзара талқылайтын ортақ тақырыптары көп, алайда, бұдан гөрі олар өздерінің ізбасарларына оқуға түсу, тіл үйрену мәселелері бойынша кеңес беріп, талапкерлермен кездесулер ұйымдастыруға көбірек уақыт арнағанды жөн санайды. Расында, сапалы білім алып, озық елдер тәжірибесімен танысуды және осылайша өзіміздің жаңа мүмкіншіліктерімізді ашуды көздеген жастарға артылған үміт зор. “Қазір біз үшін маңыздысы – “Болашақтың” әрбір түлегінің білімі мен мүмкіндігін қажетті арнаға, яғни Қазақстанның дамуына бағыттау”, – дейді Ермек Тентек. Стипендия иегерлерінің арқасында елімізде білім, спорт пен мәдениет салаларын дамытуға және тұрғындарды әлеуметтік қолдауға бағытталған жүздеген жоба іске қосылды. Біздің өңірімізде, мәселен, “Bolashak books”, “Кәсіпкерлік негіздері” пәні мен ағылшын тілін тегін үйрету жобалары көпшіліктің оң ықыласына ие болды.
– Осы күнге дейін бағдарлама бойынша тәлім алған жастардың үш мыңнан астамы әлеуметтік салада жұмыс істейді. Білім мен ғылымға берілген екі мыңнан астам түлек те өз орнын тапқан. Денсаулық сақтау және өндіріс саласында еңбек етушілер де мыңнан асып жығылады. Ал мемлекеттік қызмет саласында жүргендері қаншама? Солардың барлығы ел үшін аянбай еңбек етіп, қоғамға зор пайда әкеліп жүргені аян, – дейді өңірлік “Болашақ” түлектері қауымдастығының жетекшісі. Қайткенмен де, кез келген түлек елге оралған соң жұмыс сапасын арттыруға барынша үлес қосуы керек. Сонда ғана олар қалаған еңбегінің нақты жемісін көре алмақ.
Ермектің алға қойған мақсаты – оқытушылық қызметпен айналысу. Былтыр ол Петропавлдағы балалар ауылында ағылшын тілінен сабақ берген екен. Жастармен жұмыс істеу қолынан келетініне көзі жеткен ол бұл іспен шындап айналыспақ ниетте. “Өзгелерге пайдам тиіп жатса, мен үшін бұдан артық қуаныш жоқ”, – дейді ол.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.