
Жандос 2009 жылы Астана медициналық академиясын бітіріп, тіс дәрігері мамандығын алып шыққаннан кейін туып-өскен ақ қайыңдар өлкесіне оралды. Облыс орталығында “Дентэкс” ЖШС-іне жұмысқа орналасып, аз уақыттың ішінде жақсы қырынан таныла білді. Жас маманның алға қойған мақсатына жетпей-тынбайтын алғыр қасиетін, іскерлігін байқаған тәжірибелі әріптестері кәсіпкерлікпен айналысуға кеңес берді. Бастапқыда ол бұл ұсынысты қалжың ретінде қабылдағанымен, ой елегінен өткізе келе, расында да неге бағымды сынап көрмеске деген тоқтамға келді. Алайда, қомақты қаржылық қолдаусыз ештеңе өнбейтінін аңғарған соң батылы жетпей, көпке дейін тайсақтап жүрді. Бірде Трудовое ауылында тұратын әке-шешесіне барып келуді ұйғарды. Жолай аудан орталығы Смирново кентіне соғып, құлын-тайдай бірге өскен жора-жолдастарына жолықты. Әңгіме арасында жергілікті жерде жекеменшік құрылым ашсам деген ниетін жұқалап жеткізіп еді, олар оны дедектетіп отырып иесіз тұрған бір ғимаратқа алып келді. Бұрын дүкен болса керек. Енді иесіз қалып, тоза бастағаны аңғарылады. Аукцион арқылы сатылымға қойылыпты. “Орталыққа жақын. Бұдан артық не керек? “Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы” бағдарламасына қатысушы ретінде тіркел. Жөндеп алсаң, жұтынып шыға келеді”, – деген достары дегендеріне көндіріп тынды. Оның үстіне аудандағы жалғыз ғана стоматологиялық кабинет тұрғындарға қызмет көрсететінін естіп, ала құйындай бұлқынған көңілі орныққандай болды. Ертеңіне барлық шаруаны жиып қойып, халықты жұмыспен қамту орталығына қарай жол тартты.
Оны жылы ілтипатпен қарсы алған Әсем есімді жас қыз мемлекеттік бағдарлама жайлы тап-тұйнақтай түсіндіріп берді. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жеке кәсіпкерлікпен шұғылдану құқығы барын естіп, қуанып кетті. “Іздегенге – сұраған” деген осы. Бұдан артық қолайлы мүмкіндік болмайтынына көзі жетті. 3 миллион теңге жеңілдікті несие алуға өтінім түсіріп, тиісті құжаттар сол күні әзір етілді.
Бұл 2013 жылдың күзі болатын. Тозығы жеткен үйді өз қаражатына қалпына келтіріп, анадайдан көз тартатын жаңа стоматогиялық ғимараттың маңдайшасына “Кенжетаев Clinic” ЖШС деп жазып қойды. “Даму” қоры арқылы тегін кәсіпкерлік курста оқып келісімен жұмыспен қамту орталығынан бағдарламаның қатысушысы ретінде қолайлы шартпен несие алу жөнінде хабар тиді. Қаражатқа стоматологиялық құрал-жабдықтар алынып, шағын кабинет талапқа сай жабдықталды. Алғашқы науқасты қабылдағаны күні бүгінгідей есінде. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, уақыттың қалай сусып өткенін де байқамай қалған. Кейуана ақысыз қызметке алғысын жаудырып кете барған.
– Бұрын бір ғана стоматологиялық кабинет жұмыс істеп келсе, бүгінде емдеу, тіс жұлу, тіс тістемесін түзету, тағы басқа қызметтер көрсетіледі. Қосымша екі зертхана мен рентген кабинетін іске қостық. Қаладағыдан бір кем емес. Баға қолжетімді. Күніне 15-20 адам қаралады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар мен отбасылар үшін – тегін, – дейді серіктестік директоры Жандос Кенжетаев.
Қазір мұнда 7 адам жұмыспен қамтылып, ұжым терапевт-хирургпен, тіс технигімен, мейірбикелермен толыға түскен. Валентин Гнелозуб, Арман Құдабаев секілді жоғары білімді дәрігерлер өз саласының білгірі саналады.
Өз жолын енді тапқан Жандос стоматологиялық қызмет түрлерін одан әрі кеңейту мақсатымен екі бөлмелі үй сатып алыпты. Онда емдеу кабинеті мен дәріхана орналасып, жаңа жұмыс орындары пайда болады.
Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері жас кәсіпкерге құшақтарын айқара ашып, кезекті несие алуға қуана келісіп отыр.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аққайың ауданы.