«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛАПТЫ ЖЕТЕР ТАБЫСҚА

Бала кезімізде ата-әжелері­міздің сиқырға толы ертегі-аңыздарын тыңдап, қиял-ғажайып әлем­ге енгендей күй кешуші едік. Жақсылық пен жамандықты, адал­дық пен айуандықты әсерлі суреттейтін туындылардағы жағымды кейіпкерлерге ұқсағымыз келіп, солардай игі іс жасауға ұмтылып тұратынбыз. Бүгінгі техникасы дами түскен заман өнімдері тәлім-тәрбиесі мол, ақыл-ойды дамытатын дүниелердің орнын басып, балалардың еркін ойлау, қиялдау, жақсы нәрселерге талпыну сияқты мүмкіндіктеріне кедергі бола түскендей. Осы жайтты ескерген жас кәсіпкер, “QAZBUKA” ЖШС-нің директоры Жанат Кәкімов мектеп оқушыларының туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттырудың қызықты жолын ойлап тапқан.

Бірнеше жылдан бері ол өңіріміз бойынша киелі жерлер картасына енгізілген мәдени-тарихи ғимараттардың шағын барельефтерін жасайтын жиынтық шығарып, білім орындарына ұсынып келеді. Балалар бүгінде “Қызылжар” орталық мешіті, “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені, Ағынтай мен Қарасай батырлардың мемориалдық кешені сынды көрікті жерлерімізді өздері гипстен жасап, өлкетанудың бұл түріне зор қызығушылық танытуда.

Алғашында Жанат облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы “Жас кәсіпкерлер” мектебін тамамдаған кезде жасөспірімдердің латын әріптерін танып-білуіне арналған оқу құралын жасап шығарған. Кейін 20 жасар студент эпостық ертегілер кейіпкерлерінің мүсіндеріне кіріскен. Ол компьютерлік бағдарламаның көмегімен жырдастандар кейіпкерлерін, атап айтқанда, Алпамыс, Ер Тарғын, Қамбар батырлармен бірге Баян сұлу, Қыз Жібек және Айман мен Шолпан сұлулардың мүсінін жасайтын гипс жиынтығын шығарды.

Балалардың ой-қиялына ерік беріп, шығармашылық қырларын дамытатын мұндай гипс жиынтық­тарға өзге өңірлерден де сұраныс туындаған. Жанат Талғатұлы өзінің болашақ жоспарларымен де бөлісті. “Мектеп қабырғасынан түрлі фигуралар жасағанды ұнатамын. Әсіресе, қиялыма ерік беріп қазақ аңыз-ертегілеріндегі кейіпкерлерді мүсіндейтінмін. Бизнеспен айналысу туралы ой келгенде осы хоббиімді іске асыруға ден қойдым. Жоспарымды жүзеге асыру мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасындағы “Жас кәсіпкерлер мектебі” курсында білімімді жетілдірдім. Елбасының ұлттық әліпбиімізді латын қарпіне көшіру идеясын іс жүзінде қолдауды жөн көрдім. Алғашқы еңбегім гипстен жасалған, жасөспірімдердің латын әріптерін танып-білуіне арналған оқу құралы болды. Бұл жобам облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ, гипстен жасалған мүсіндердің көмегімен балаларға қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкерлерін, өңіріміздің және еліміздің қасиетті жерлерін таныстыру мақсатында 3 миллион теңгенің грантына ие болдым. Бұл қаржыға құрал-жабдықтар сатып алдым. Карантин талаптары бизнес-жоспарыма сәл кедергі келтіріп тұр. Алдағы уақытта жеке ғимарат алып, көмекшілеріммен жобамды жалғастырсам ба деймін”, – дейді ол.

Бүгінгі күні жерлесіміз 300-ден астам тауарын өткізіп үлгерген. Ол алғашқы туындыларын отбасылық үлгідегі балалар ауылына тегін таратқан. Жерлесімізге Қостанай, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарының білім бөлімдері мен жеке ұйымдардан тапсырыстар келіп түсуде. Сол себепті кәсіпкер өзге өңірлердің киелі жерлерімен жақынырақ танысу мақсатында 3Д турларға қатысуда. Көрші облыстардың өлкетанушыларымен байланыс орнатып, жақын арада жаңа жобасын бастамақ ниетте.

Сондай-ақ, Жанат Кәкімов өзін қоғам проблемаларына бейжай қа­рамайтын белсенді жас ретінде де таныта білді. Бүгінде ол – “Nur Otan” партиясының облыстық филиалы жанындағы білім беру нысандарын жөндеу және салу жөніндегі мониторинг тобының мүшесі. “Jas Otan” жастар қанатының белсендісі ретінде де жақсы бастамаларымен көзге түсіп жүр. Праймеризге қатысуға өтініш білдірді. Ол – республика бойынша бұл жобадағы ең жас үміткер. “Мақсатым – қалалық мәслихатта жастардың өкілі болғым келеді. Жастарды кәсіпкерлікпен айналысу үшін белсенді болуға шақырамын. Қазір мемлекеттік қолдау­дың көптеген түрлері бар, мыса­лы, “Бастау Бизнес” бағдарламасы және тағы басқалары. Алайда, жастар гранттар туралы, қайда бару керегін білмейді. Мен заман­дастарымды осындай мүмкіндіктерді барынша пайдалануға үгіттегім келеді”, – дейді Жанат Кәкімов.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp