Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыстар жалпыұлттық сипат алған. Ал оның негізгі мақсаты – халықтың сенімін нығайтып, азаматтардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын қызметкерлердің қызметтік әдепті сақтауы болып табылады.
Елбасы “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында Ұлттық қордан бөлінетін қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы қажеттігін атап айтқан болатын. Осы орайда Елбасы Жарлығына сәйкес 2011 жылы еліміздің барлық облыстарында тексеру комиссиялары құрылған еді. Содан бері бұл орган жергілікті бюджеттің мақсатты жұмсалуын қадағалап келеді.
Әрине, бюджет қаражатының жұмсалуын тиімді және пәрменді бақылау мықты мемлекеттің өмір сүруінің, демократиялық негіздерін нығайтудың қажетті шарты, дамуының маңызды факторы болып табылады. Осыған орай, облыс бойынша тексеру комиссиясы бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына толық мемлекеттік және қоғамдық бақылауды орнату үшін “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалымен және мемлекеттік бақылау органдарымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойды. Бұл шешім Мемлекет басшысы жариялаған жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру жолында бірлесе іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін қаржыға бақылау орнату үшін жұмыс жоспары қайта қаралып, бақылаудың тиімділігін арттыруға басымдық берілді. Жаңа заңнамаға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы салада алдын алу шараларының жаңа тетіктері анықталып, тексеру кеңесінің жұмысында белсенді пайдаланылуда.
Атап айтқанда, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы мемлекеттiк аудит нысандарының тiзбесiне сәйкес 22 нысанда 8 аудиторлық тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 1 550,1 млн. теңгенiң заңнама нормаларының бұзушылықтары анықталды. Соның iшiнде қаржылық бұзушылықтар – 89,2 млн., рәсiмдiк сипаттағы бұзушылықтар – 1 333,8 млн., бюджет қаражаттарын, мемлекет активтерiн тиiмсiз пайдалану 124,0 млн. теңге. Тиiмсiз жоспарлау 3,1 млн. теңгені құрады. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде мақсатсыз жұмсалған мемлекет қаражатының 44,8 млн.теңгесі қайтарылды.
Тексеру комиссиясының ұсынымдарын орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн екi аудиттік бақылау нысанының басшылары “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 462-бабы 3-бөлiмi бойынша 63,6 мың теңгеге әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды. Аудит нысандары және мүдделi мемлекеттiк органдарға тексеру комиссиясының нұсқамаларындағы айқындалған бұзушылықтар мен жол берiлген жұмыстағы кемшiлiктерді жою үшiн 56 тапсырма берiлдi. Олардың 38-i толық көлемде атқарылды.
Жүргізген тексерістердің нәтижесінде облыс бойынша 117 тұлға жауапкершілікке тартылды. 76 тұлға – тәртіптік, 41-і – “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекс бойынша жауапкершілікке тартылып, оларға әкімшілік айыппұл салынды. Тексеру комиссиясының аудит материалдары бойынша салынған әкiмшiлiк айыппұлдың жалпы сомасы – 9,7 млн. теңге.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік жағдайын жасау мақсатында тұрақты түрде бақылау нысандарында сауалнама жүргізіліп, 26 семинар ұйымдастырылды.
Қорыта келе, қазіргі кезде мемлекеттің қаржылық ресурсының мақсатты жұмсалуының ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз ету мәселелері өзекті екенін атап өткім келеді.
Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес аса өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан облыстық тексеру комиссиясының мүшелері бұдан былай да талап деңгейін төмендетпей, өз жұмысын биік жауапкершілік тұрғысынан атқара беретін болады.
Дулат ЕДРИСОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы.