Облыстық ішкі істер департаментінде Қылмыстық кодекстің жаңа жобасы бойынша жұмысты ұйымдастыру жөніндегі дайындық басталды.
Жаңа жылдан бастап құқық қорғау органдары жаңа заңнама аясында жұмыс істейтін болады. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Хайыр Байқадамовтың айтуынша, бүгінде полиция қызметкерлерінің алдында Қылмыстық, Әкімшілік және Қылмыстық атқару кодекстеріндегі өзгерістерді зерделеу міндеті тұр.
Заңнамалардың жаңа модельдеріне өту жөніндегі бірыңғай мемлекеттік іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру аясында облыстағы бөлімшелердің басшылары Ішкі істер министрлігінде болып, біліктіліктерін жетілдіріп келді. Қалалық және аудандық бөлімшелерге Қылмыстық кодекстің электронды нұсқалары жіберіліп, прокуратура және сот органдарымен бірлескен семинарлар өткізіліп, Кодекстердегі жаңашылдықтарға байланысты оқыту-әдістемелік оқу құралдары дайындалуда.
Тергеу-криминалистикалық бөлімшелерді қажетті компьютер, бейнетехникаларымен жабдықтау қажеттігін айтқан облыстың бас полицейі Берік Біләлов: “Анықтауға, қатені түзетуге уақыт болмайды. Әр қылмыстық істің артында адамдардың тағдыры тұрғанын ұмытпаңыздар. Сондықтан қалған уақыт жеке құрамды белсенді оқыту кезеңі болуы тиіс”, – деді.
Жаңа үлгі бойынша өтініштерді алудан бастап оларды тіркеу, істі сотқа беруге дейінгі кезеңдер ерекше назарда болмақ.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті бастығының баспасөз хатшысы.