Төрт түліктің ішіндегі ірі қараны түлету үшін “Сыбаға” бағдарламасының мүмкіндігі зор. Оның көмегімен өңірімізде мал шаруашылығын дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Солардың қатарында Уәлиханов ауданының тұрғыны Біләл Сарқытжанды да атауға болады.
Ол осыдан ширек ғасыр бұрын Моңғолия республикасынан Кішкенекөл ауылына қоныс аударған болатын. Қосалқы шаруашылығында малды көп ұстап, отбасына табыс көзін қалыптастырып жүрген отағасы бұл тіршілігін бизнеске айналдыруға бел буады.
Біләл Сарқытжан 2010 жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы алған 500 мың теңге несиемен бизнесін бастаған еді. Одан кейін аталмыш қаржы орталығынан 1 миллион теңге алса, 2015 жылы өзіне сенімді кәсіпкер “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы 8 миллион теңге несиеге өтініш білдірді. Ол қаржының бір бөлігіне ауыл шетінде бос тұрған гараж ғимаратын сатып алып, оған жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазір оның 83 бас сиыры бар. Қарамағында екі адам жұмыс істейді.
– Мемлекеттік бағдарламаларға иек артқаным жөн болды. Ауыл тұрғындары үшін мұндай қолдау үлкен көмек. Бастапқыда отбасымды асырау үшін жағдай қалыптастыруды ойласам, бүгінгі таңда мемлекеттің көмегінің арқасында шаруашылықтағы мал басын көбейте отырып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өңір экономикасын дамытуға үлес қоссам деген міндет қойып отырмын, – дейді кәсіпкер.
Сарман АЯЗБЕКОВ,
журналист.
Уәлиханов ауданы.