«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЛШЫҚТАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Ақжар ауданының жетекшісі Ербатыр Мадияровтың Талшық ауылы тұрғындары алдындағы есепті кездесуіне қатысты.

Аудан басшысы әдеттегідей өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Былтыр аудан бойынша 2585 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 5 елді мекенде салынып жатқан 32 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Талшық ауылында 81 млн. теңгеге екіқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар ауданда өзге де маңызды бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда. Солардың бірі – “Туған жер” бағдарламасы шеңберінде 25 жоба қолға алынған. Нәтижесінде ауызсу, жол, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі шешімін табуда.
Ербатыр Қайыргелдіұлы атап өткендей, 2019 жылғы қаңтар-қарашада ауданның негізгі капиталына 4290,3 млн. теңге жеке инвестиция салынған. Ақжарлықтар ауыл шаруашылығы саласында да жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Былтыр жергілікті агроқұрылымдар 185,7 мың гектарға дәнді, ал 72,7 мың гектарға майлы дақылдар сеуіп, мол өнім алған. Өткен жылы шаруашылықтар 1,5 млрд. теңгеге заманауи 116 техника сатып алды. Ауданда мал шаруашылығы да серпінді дамып келеді. 334 млн. теңге қаржыға “Сыбаға” бағдарламасы аясында Австрия, Словакия және Чехия елдерінен 410 бас асылтұқымды ірі қара сатып алынған.
Кездесу барысында аудан басшысына ауылдықтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерін жеткізді. Талшық ауылының тұрғыны Қалима Махметова Юбилейная көшесінде жарылған су құбырының қашан жөнделетінін сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, аудандық тұрғын үй-қоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі құбырды жөндеген, қазір су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындар кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелерді де көтерді. Бүгінгі таңда Ақжар ауданында 787 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Алайда, олардың арасында тері өңдеумен айналысатын бірде-бір кәсіпкер жоқ.
– Елімізде тері өңдеу өндірісі кенже дамуда. Бұл қолда барды ұқсата алмай отырғанымызды көрсетеді. Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Іскер азаматтарға “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы тері өңдеу цехын ашуға кеңес беремін. Бұл кәсіпті игеруге ниет танытқандарға жергілікті билік тарапынан да қолдау көрсетілетін болады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Иманбайұлы.
Ал зейнеткер Хаджа Сатыбалдинов соңғы кездері жемазық, оның ішінде жарманың тым қымбаттап кеткенін айтып, шағымданды. Аудан әкімі “Талшық-Астық LTD” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығымен бұл мәселе бойынша келіссөздер жүргізілгенін хабарлады. Алдағы уақытта жарма аз қамтылған отбасыларға төмен бағамен өткізілетін болады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Президенттің “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауын басшылыққа ала отырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық жерлердегі өзекті мәселелерді шешу бағытында аудан басшысына бірқатар тапсырма берді.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp