Қарулы Күштердегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалау – әскери прокуратураның басты міндеті. Мемлекеттің айбынды тірегі саналатын әскери саладағы заңсыздықтар және олармен күрес жайлы Петропавл әскери гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Талғат Бекбергеновтен сұрап білген едік.
– Талғат Сапарбекұлы, мемлекетке келтірілетін залалды өндіру, қылмыстарды әшкерелеу бойынша әскери прокуратура органдары қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Заңға қайшы әрекеттерге барғаны үшін абырой-беделінен айрылып, қызметіне кір келтіретіндер тәртібі қатал әскери салада да жетіп артылады. Ал заңды белден басқан әскерилерге кешірім жоқ. Себебі, әскерилер талап пен тәртіптің үлгісін көрсетулері керек. Өткен жылы әскери прокуратураның бақылауындағы әскери бөлімдер мен мекеме қызметшілерінің тарапынан орын алған 13 қылмыстық іс сотқа жіберіліп, 14 адам жауапкершілікке тартылды. Прокурорлық тексеріс кезінде де әскери саладағы біраз былықтың басы ашылған болатын. Бір мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, 17 заңсыз құқықтық актіге 7 прокурорлық наразылық енгізілді.
Былтыр көтермеақы, іссапар шығындарын, тұрғын үйдің өтемақыларын уақтылы төлемеу сияқты заңсыздықтардың орын алғаны анықталып, 633 адамның құқықтары қорғалғанын айта кетсек артық болмас.
Шығындарды өтеу бағытындағы жұмыстар нәтижелі. Прокурорлық әрекет ету шараларының арқасында өндірілген сома 3 миллионнан 26 миллион теңгеге жетті.
Биылғы жылға келер болсақ, жыл басынан бері тергелген екі қылмыстық іс әскери соттың қарауында. Олардың екеуі де шекара қызметінде орын алған.
– Сыбайлас жемқорлық мәселесіне ауыссақ. Сіздердің тараптарыңыздан осы кеселдің тамырына балта шабу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, жасыратыны жоқ, әскердегі сыбайлас жемқорлықтың ауқымы елеулі, онымен күресте ең қатаң шаралар қолданылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отырамыз.
Былтыр прокурорлық әрекет ету актілерінің қорытындысы бойынша екі жүзге жуық лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, олардың 4-еуі сыбайлас жемқорлық заңын өрескел бұзғаны үшін жазаланды.
Былтырғы жылы сыбайлас жемқорлыққа жол берген шекарашыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Топпен жасалған аса ауыр қылмыс санатындағы бұл іс әлі де сотта қаралуда.
– Өткен жылы қарамағындағыларды соққыға жыққан шекарашының ісі не болды?
– Басшылық қызметті атқара отырып, ақылға сыймайтын әрекетке жол берген капитан заң талаптарына сәйкес тиісті жазасын алды. Оқиға өткен жылдың қазан айында орын алған. “Жаңажол” шекара бақылау бекеті бөлімінің аумағында бөлім бастығының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Н.Бопышев қарамағындағы қызметкерлер Д. Бектасовты және Н.Бегалинді шақырып алып, Бектасовтан алкогольді ішімдіктің иісі мүңкіп тұрғанына наразылығын білдірген. Аға бақылаушының міндетін атқарған Бегалин қарамағындағы қызметкер Бектасовтың ішімдікті қызметтен тыс уақытта пайдаланғанын айтқан.
Ашуға булыққан капитан Бопышев Бектасовты кеуде тұсынан жұдырықпен қойып жібереді. Содан кейін Бегалинге қоқан-лоқы көрсетіп, балағаттап, оны да бетінен ұрып, соққыға жығады. Жерге құлаған қызметкерді тепкінің астына алады.
Осы оқиғадан кейін Н.Бегалин әскери прокуратураға жүгінуге мәжбүр болады. Әскери прокуратураның зерттеуінен кейін бұл іс сотқа берілгенді. Сот отырысында Бегалин бастығын толық кешіретінін айтты. Бопышев та кешірім сұрап, келген шығынды өтеді. Алайда, сот мұндай бассыздыққа кешіріммен қарай алмады. Үкімге сәйкес Бопышевқа еңбекақысынан 900 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу және түзеу жұмыстары түрінде жаза тағайындалды.
– Шекарашылардың шектен шығып, қылмысқа баруына не себеп болып отыр? Елдің іргесін бекем етуі тиісті құрылымдағы қылмысты құрықтауда қандай амалдар жасалуда?
– Шынымен де, шекара қызметінде де құқық бұзушылықтар қылаң беруде. Ел аумағынан шығуға тыйым салған, құжаты ретке келтірілмеген азаматтарды сыртқа шығарып, “қайырымдылық” жасаған, әріптестеріне қиянат жасап, қоқан-лоқы көрсеткендер заң алдында жиі жауапқа тартылуда.
Бұл саладағы қылмыстармен күрестің бір шарасы ретінде шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесуді жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсат – шекара бекетінде жұмыс істеп жатқан әскерилер тарапынан бопсалау, қоқан-лоқы көрсету, жемқорлыққа жол беру сияқты заң бұзушылықтарының бар-жоғын анықтау. Жергілікті тұрғындар болған жағдайларды жасырмайды. Олардың бағыт-бағдарымен талай істің ақ-қарасын ажыратуға болады.
Бүгінде мемлекет шекарасына байланысты заңға өзгерістер енгізілуде. Соны жеріне жеткізіп, шекарашылармен қоса, елді мекен тұрғындарына түсіндіріп, әскери қызметшілердің міндеттері мен құқықтарын түсіндіру жұмыстары да жоспарланған. Биыл прокурорлық әрекет етудің нәтижесінде екі қылмыстық іс сотқа берілді. Олардың екеуі де шекара мәселесіне қатысты қозғалды.
– Соңғы уақытта елімізде әскери қызметшілердің өзіне-өзі қол жұмсау фактілері жиілеп кетті. Әскерилердің осындай қадамға баруларына не себеп болып отыр? Бұл орайда өңірдегі ахуалға да тоқтала кетсеңіз.
– Әскери қызмет саласында негізінен, қызымен ұрсысып қалу, ажырасу сияқты отбасылық кикілжіңнің салдарынан сарбаздардың өзіне-өзі қол жұмсауы, әке мен бала арасындағы келіспеушіліктен әкесінің асылып қалуы сияқты оқиғалар орын алуда. Бұл мәселе біздің жіті бақылауымызда. Ал өз өңірімізге келсек, соңғы жылдары әскерилердің өзіне-өзі қол жұмсау фактілері орын алған жоқ.
Үйдегі ұрыс-жанжал көп жағдайда қаражаттың тапшылығынан туындайды. Ауыр қызметке тұрмыстағы қиындықтар жамалса, кез келген адамның күйзеліске душар болары анық. Сондықтан бүгінде несиелері бар әскерилермен алдын алу жұмыстарын қолға алып отырмыз. Кейбір қызметкерлер жалақысының аздығына қарамастан, көп мөлшерде несие алып жатады. Егер қызметкер бірнеше несие алса, міндетті түрде оның себебін анықтаймыз. Банк өкілдері өтініш негізінде көмек көрсете алатындарын айтып отыр. Мәселен, көп соманы төлей алмай жатқандар болса, несиені төлеу мерзімі ұзартылып, осылайша ай сайын төленетін сома мөлшері азайтылады. Банк қызметкерлерінің көздегені несие беріп, үстеме пайызға қарық болу ғана. Сол себепті әркім бірінші кезекте өзінің жағдайы, кепілдікке қойылатын мүліктері туралы ойлауы керек.
Бізде несие алған әскерилердің тізімі бар. Оларды ұдайы назарда ұстап, жеке жұмыс жүргіземіз. Командирлер қарамағындағы адамдармен сөйлесіп, несие алудың себебін анықтайды. Мүмкін оларға біреулер қысым көрсететін шығар. Мұндай жағдайларға жол бермес үшін банктер несие алушыдан жұмыстан анықтама қағазын міндетті түрде талап етуі тиіс. Сонда басшы қызметкеріне не себепті анықтаманың қажет болғанын біліп отырады. Осындай міндетті талапты енгізуге қатысты Бас әскери прокуратураға және банктерге ұсыныс жасап жатырмыз.
Қызметкерлердің психологиялық жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мекемелердегі психологтер қатер тобындағыларды анықтап, олармен тікелей жұмыс жасайды. Олардың үйдегі, жұмыстағы жағдайларын анықтаған соң мамандар командирлерге бар жағдайды баяндап, мұндай қызметкерлермен сөйлесудің амалдарын айтып, қажет болса демалысқа жіберу туралы ұсыныс енгізеді.
– Әскери бөлімдерде тәртіп орнату үшін не істеу керек?
– Бұл бағыттағы жұмыс әскери құрылымдарда бейнекамераларды орнатудан кейін реттеліп, тиімділігін көрсете бастады. Бүгінде барлық әскери бөлімдердегі адамдар көп шоғырланатын жерлерде және қараңғы қуыстарда, қоймалар мен казармаларда, асханаларда бейнекамералар орнатылған. Бұл камералардағы түсірілімдер командирлердің ұдайы бақылауында. Қызметкерлердің бойы үйренбес үшін камералардың орындарын ауыстырып отырамыз.
Сондай-ақ, мекемелерде сенім телефондары көрсетілген әскери прокуратураның билбордтары ілулі тұр. Бұл да құқық бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізуде.
Жалпы, биыл әскери саладағы қылмысты жасыру фактілері орын алған жоқ. Жасырылған қылмыс үшін бірінші кезекте өздері жауапқа тартылатынын білетін командирлер қандай да бір заңсыздықтар орын алса, бірден тиісті орындарға хабарлайды.
– Әскери қызметшілер діни экстремизмнен қорғалған ба?
– Әскери салада қызмет еткен соң оның талаптарына жауап беру – міндет. Яғни, әскери жарғыға сай қызмет ету – заңдылық. Ал егер әскери адам өзінің діни қажеттіліктерін жүзеге асырғысы келсе, қызметке кедергісін келтірмеуі керек. Әскерилердің дені қолдарында қару ұстайтыны белгілі. Сол себепті бұл мәселе қатаң бақылауға алынған.
Біз ел бойынша дүдәмал сайттардың сараптамасын жасаймыз. Кіруге болмайтын сайттар, оқуға тыйым салынатын әдебиеттерді іздестіреміз. Анықталған жағдайда олардың тізімдері Бас әскери прокуратураға жіберіліп, көп ұзамай мұндай сайттар жабылады. Экстремизм мен лаңкестікті анықтау тәсілдері, олардың айырмашылықтары мен ұқсастықтары қызметшілерге егжей-тегжейлі түсіндіріледі.
Сұхбаттасқан
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
