Облыстық ішкі істер департаменті жедел қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Туғанбаевтың облысымызға белгілі спортшы-биатлоншы болғанын біреу біліп, біреу білмес. Кезінде биатлоннан Қазақстан құрамасының мүшесі болған, КСРО спорт шеберімен редакцияда жүздесіп, әңгімелесудің сәті түсті.
– Талғат Мергенұлы, өз өмірбаяныңыздан сыр тартып, әңгіме желісін тарқатсақ деп едім.
– Құптаймын. Алайда, менің өмірбаяным сондайлық бір ерекше оқиғаларға толы дей алмаймын.
Қазіргі Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында өмірге келіппін. Қазақ ауылында ең кең тараған спорт күрес қой. Аталар жаздыгүні алқа-қотан отырып алып, жас балаларды ортаға шығарып, күрестіреді. Немерелері жеңіп жатса, мұрттарын ширатып, мақтанады-ай келіп. Жеңіліп қалса, өздері жығылғандай жер шұқиды. Мұның өзі ежелден келе жатқан дәстүр екенін кейін аңғардым. Қазақтың ең құрметті ұлттық спорты күрес екен ғой. Сөйтіп, бала кезімнен мен де күреске үйір болдым.
Күреспен шұғылдануды одан әрі жалғастыруға да жол ашылды. Өйткені, Дайындықта төрт сыныпты тамамдаған соң “Ленинский” кеңшарының орталығындағы мектепке бесінші сыныпқа келген кезім. Мұнда еркін күрес үйірмесі бар екен. Ал қазақ күресі, әсіресе, іштен шалу, жамбасқа салу әдістерімен еркін күрестен аумайды ғой. Соның арқасында Дайындықта бірқыдыру даярлығым болғандықтан, көзге түсіп, жеңістерге жете бастадым. Жасөспірімдер арасында бірінші спорт дәрежем де болды.
Бірақ өмірде өзгерістер болып жатады емес пе? Соның бір мысалын өз басымнан айтайын. Сегізінші сыныпта оқитын кезім, біздің мектепте шаңғы спорты мықты дамыған екен. Ол, әрине, ұстазға байланысты ғой. Мектеп шаңғышыларын Владимир Шепелевич деген тамаша энтузиаст жаттықтырады. Мен де күресті қойып, шаңғы үйірмесіне қосылып кеттім. Көп ұзамай ауданның оқушылар құрамасына алындым. Онда бас жаттықтырушы Петр Рауш тәрбиелеп, күш-қуат әдістеріне баулыды.
Жалпы шаңғымен шұғылдану аса қиын. Жарыс үстінде сезесің мұны. Аяқ-қолыңа бірдей күш түседі. Арқа бұлшық еттері мықты болуы керек. Жаттығуларда осындай ауыртпалықтарға көндігіп, шымырлыққа шыңдалдым.
– Ал биатлонға қалай ден қойдыңыз?
– 1981 жылы 17 жасымда Петропавл педагогика институтының дене тәрбиесі факультетіне оқуға түскен едім. Шаңғыдан жақсы даярлығым барын мұндағы жаттықтырушыларым аңғарды да, мені студенттердің облыстық құрамасына қабылдады. Құраманы шебер шаңғышы, республикалық жарыстардың неше дүркін жеңімпазы Виктор Дурнев баптайды екен. Ол мені республикалық құрамаға мүшелікке ұсынды. Осылайша шаңғымен айналысып жүрер ме едім, бір күні, бұл 1982 жылы болатын, жақсы биатлоншы-жаттықтырушы Александр Топоров маған биатлонмен айналысып көруге ұсыныс жасады. “Сіздің шаңғы тебу әдісіңіз, әл-қуатыңыз маған ұнайды. Осыған мылтық атып, нысана көздеуді қоссаңыз, биатлонның шебері боласыз”, – деді.
Әкемнің аты Мерген ғой. Несі бар, мен де мерген болайын деп, келісім бердім (жымияды – З.Ә.).
Сонымен, енді биатлонмен шындап айналыса бастадым. Бес ай бойы жаттықтым. Әсіресе, жаз айларын да құр жібермей, роликті шаңғымен жүріп, нысана көздеуге машықтандым. Менің бір істі қолға алсам, тындырмай қоймайтын әдетім бар. Қаншама тер төгілгенін кім білсін, әйтеуір, ерінбей-жалықпай жаттығу күндегі әдетіме айналды. Шаңғы тебуден осал еместігімді өзім білемін, ал нысана көздеу оңай болмады. Ақыры, мергендікке де қол жеткіздім.
Сол, 1982 жылы жазғы биатлоннан облыс чемпионатында жеңіске жеттім. Осыдан соң қысқы биатлон бойынша өзім жаттығатын “Спартак” орталық кеңесінің жеңімпазы болдым.
– Қысқы биатлонда да қомақты жетістіктеріңіз бар ғой?
– 1983 жылы маған спорт шебері атағы берілді. Бұл үшін елеулі бір жарыста соған сәйкес нормативті орындау керек. Мысалы, кілең спорт шеберлері қатысатын ірі жарыста ең кемі жүлделі үштіктен орын алуға тиіссің. Ол жарыс жолын шаңғымен жүріп өтіп, нысананы дөп көздеуіңе байланысты. Мен сол 1983 жылғы жарыста осы деңгейде болдым. Яғни, республикалық чемпионатта он төрт спорт шеберінің арасында топ жардым.
Осыдан соң Қазақстан құрамасында бес жыл бойы мүше болып, республикалық жарыстарда намысты қорғадым.
Әскери борышымды Алматыда орналасқан Орта Азия әскери округінің сапындағы спорт ротасында өтедім.
Мұның өзі спортпен, соның ішінде биатлонмен үзбей жаттығуыма жағдай жасады.
– Сіз биатлоннан жеті рет Қазақстан чемпионы болдыңыз ғой. Сол 1982-1985 жылдары атағыңыз дүркіреп тұратынын газет тілшісі болғандықтан білуші едім. Бірақ сізбен кездесудің сәті бір түспей қойды. Өйткені, үнемі шетте, жаттығуларда жүресіз. Ал өзіңіздің ойыңызша, бұдан да толымды жетстіктеріңіз бар ма?
– Жеті рет Қазақстан чемпионаттарында жеңіске жетсем де, мен 1982 жылы Свердловскіде “Урал кубогында” үшінші орын алғанымды және Новосибирскіде кәсіподақ спорт қоғамдарының орталық кеңесі ұйымдастырған жарыста жеңіске жеткенімді бәрінен де жоғары бағалаймын. Неге десеңіз, сол кездері Кеңес одағында бүкіл жазғы және қысқы спорт түрлері кәсіподақ қоғамдарында өте мықты дамығанды. Бұл қоғамдарға “Динамо” (милицияның спорт қоғамы) және “ЦСКА” (әскерилердің спорт қоғамы) қарсы тұра алмайтын. Кәсіподақтардың чемпионатында жеңіске жету деген – КСРО чемпионы болу дегенмен парапар. Өйткені, бұл жарыстарға Кеңес одағының ең мықты биатлоншылары қатысады. Ал Қазақстандағы қарсыластар олардай емес, осалдау. Сондықтан жеті мәрте Қазақстан чемпионы болсам да, одақтық жарыстардағы жетістіктерімді айрықша көремін.
– Қазір облысымызда биатлонның дамуы қалай?
– Жасырмайын, тоқырап қалған кездері болды. Бұл – лайықты мамандардың болу-болмауына байланысты өтпелі нәрсе. Тоқырау жылдары біраз мамандар өңірімізден Ресейге қоныс аударып, Түмен, Қорған, Омбы облыстарына кетіп қалды ғой. Біздің институттан көптеген мықты жаттықтырушылар және де жалғыз шаңғышылар мен биатлоншылар ғана емес, өзге спорт түрлері бойынша мамандар ауысып кетті. Осы жылдары қиындықтар болғаны рас.
Бүгіндері біздің облысымызда жастарды баулу шебер де жігерлі жаттықтырушы Игорь Ильинге жүктелген. Шәкірттерінің жетістіктері олқы емес. Соған қоса, жасы жетпістен асса да, жігері мықты шаңғышы Виктор Дурнев жастарды шаңғымен жылдам жүруге ойдағыдай баптап келеді.
– Сізден бір сұрағым келіп отырғаны – белгілі спортшылардың көбіне тән құбылыс, жеңістерге жеткенге тым масайрап, кеуде қағып кету жайы. Сіз жеті мәрте республика чемпионы болдыңыз. Соның арқасында сабаңыздан асып-тасып кеткен кезіңіз болды ма?
– Дұрыс айтасыз. Әсіресе, әлемдік деңгейде тамаша табыстарға қол жеткізген спортшыларда және де жалғыз оларда ғана емес, басқа да өнер, мәдениет, әдебиет саласындағы адамдарда, әсіресе, әншілерде “Жұлдыз” деп аталатын ауру болады. Мұндай сырқатты оларды тым қолпаштап, басына көтеретін айналасындағы адамдар тудырады.
Ал жеңіске жеткендер де адам емес пе? Мақтағанды кім жек көреді? Бірақ өзіңде бармен көзге ұру жақсылыққа апармайды. Ондайға жол бергендер бір мәрте қолы жеткеннен әрі аса алмай қалуы да ғажап емес қой. Осыны өзімнің бапкерлерімнің үнемі сақтандыруынан ойыма түйдім. Және де кейбір спортшылардың осы “дертке” шалдығып, жанбай жатып, сөнгенін де білемін. Әйтеуір, кеуде қағып, жеңістен басым айналып кетпеді. Мұндайды біздің бабаларымыз “Семіздікті қой ғана көтереді” деген екен. Қалай тауып айтқанына таңғаламын.
– Сіздің ішкі істер департаментінде қызмет атқаруыңызға қандай жағдай себеп болды?
– Жоғарыда әскери борышымды спорт ротасында өтегенімді айттым ғой. Әскерге Петропавл педагогика институтының дене тәрбиесі факультетін тамамдаған соң жоғары біліммен алындым. Лейтенант әскери шенім болды. Сондықтан 1987 жылы облыстық ішкі істер департаментіне қызметке орналасқанмын. Қызмет атқара жүріп, Қарағандыдағы жоғары милиция мектебін сырттан оқып бітіріп, милиция майоры шенімен диплом алдым. Міне, 1987 жылдан бері ішкі істер департаментінде қызметтемін.
– Тұлғаңызға көз салғанда сіз спорттан әлі де қол үзбеген сияқтысыз?
– Белсенді түрде шұғылданамын дей алмаймын. Алайда, аяғыма шаңғы байлайтыным рас. Әуелбастан, ежелден келе жатқан әуестігім ғой.
Одан соң айтарым, біз бір топ тілеулес, спортқа бейім азаматтар “Қызылжар” әуесқой волейбол командасын құрғанбыз. Оның басшысы – Маралбек Мұстафин деген досымыз. Міне, осы командаға мүше жігіттер әрбір демалыс күндерінде үнемі, үзбей волейбол ойнаймыз. Демек, қашанда сергек жүресің, шымырлыққа шыңдала түсесің. Өйткені, допты қақпақылдап қана қоймаймыз ғой. Ойын басталар алдында міндетті түрде күш-қуат жаттығуларын жасап, тер шығарып алып, волейбол ойнауға кірісеміз. Мен осылайша өзге жолдастарыммен бірге саламатты өмір салтын ұстанып келемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.