«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАМАША ОҚИҒАЛАРҒА ТОЛЫ КҮН

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында облыс орталығында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекеде “ДСР” шағынауданында пайдалануға берілген “Колокольчик” балабақшасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты.

– Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақ. Тәуелсіз елдің ұландары үшін елімізде көптеген заманауи балабақшалар бой көтеруде. Президент күнін мерекелеу аясында біздің өңірде де заманауи үлгідегі балабақша пайдалануға беріліп, баршамызды қуанышқа бөлеуде. Осындай естен кетпес жарқын сәттердің куәсі болғаныма қуаныштымын. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ошағында бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған, – дей келе облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сейпілұлы ата-аналар мен балаларды мерекемен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ол елімізде өскелең ұрпақ тәрбиесінде атқарылып жатқан шаруалар аз еместігін тілге тиек ете келе, облыстық бюджеттің 30 пайызы білім саласына бөлінетінін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған ата-аналар да облыс басшылығына өздерінің ризашылықтарын айтып, алғыс білдірді. Тағы бір айта кетерлігі – үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері облыста 542 орындық балабақша пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 606 орындық тәрбие мен білім беру ошағы ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша Петропавл қаласында 320 орындық балабақша салынуда.

Жекеменшік балабақша 42 орынға шақталған. Жылы әрі жарық бөлмелер заманауи құралдармен жабдықталған. Балабақша меңгерушісі Татьяна Андросова мұнда 3-4 жас аралығындағы балалар қабылданғанын айтып, алдағы уақытта нысан ауқымын кеңейту қарастырылатынын жеткізді. Мұнда қазақ, ағылшын тілдері мен хореография, ән-күй сабақтары оқытылады. Логопед мамандар да жұмыс істейтінін ерекше атап өткен жөн.

* * *

Мерекелік шара Спорт сарайында жалғасты. Онда облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова шайбалы хоккейден “Алтын шайба” облыстық турнирінің ашылуына қатысып, спорт саласындағы жетістіктерге тоқталды. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының маңызды бағытының бірі спорт саласын дамыту екенін тілге тиек етті. Елбасының қолдауы арқасында спортшыларымыз бел-белестерді бағындырып жатқанын ол ерекше атап өтті. Сонымен қатар, облыс бойынша биыл 115 корт пайдалануға беріліп, бұқаралық спортпен айналысып жатқандардың қатары көбейгенін мысалға келтірді. Жарысқа қатысушы барлық командаларға ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі.

Турнирдің ашылуында Петропавл қаласы мен Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың командалары күш сынасты.

Осы күні облыстық перинаталдық орталықта 6 ұл мен 3 қыз дүние есігін ашты. Бұл барша солтүстікқазақстандықтардың қуанышы. Жарқын сәттердің бірінде дүние есігін ашқан сәбилер жақсылықтың нышанындай. Осы орайда облыс әкiмiнiң гендерлiк саясат жөнiндегi кеңесшiсi, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева бастаған топ мүшелері перинаталдық орталықта болып, мерекеде туған сәбилердің аналарын қуаныштарымен құттықтады. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен 1 желтоқсан күні туған сәбилерге сыйлықтар үлестірілгенін де ерекше атап өткеніміз жөн. Тағы бір айта кетерлігі – кәмелеттік жасқа дейін ол балалар аталмыш ұйымның қамқорлығында болады.

* * *

Тұңғыш Президент күні облыс орталығындағы Береке шағынауданында 93 пәтерлі бесқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Мереке күні көптен күткен пәтерлеріне қолдары жеткен жас отбасылардың қуаныштарынде шек болмады. Оларды осындай бақытты сәттерімен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан құттықтаған оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров:

– Бұл – “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында өңіріміздің жас отбасыларына арнайы салынған үйлердің бірі. Биыл облыста жалпы аумағы 124 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Осылайша облыста тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін табуда, – деді.

Жалпы жыл аяғына дейін тағы да үш көппәтерлі тұрғын үй мен “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында құрылысы басталған екі жатақхана пайдалануға беріліп, болашақ иелері қуанышқа бөленбек. Осындай әдемі әсерге бөленгендердің бірі – Исиндер отбасы.

– Бүгін – менің отбасым үшін аса маңызды күн. Өзімдікі деп айтар жылы ұяға қол жеткізіп, бір арманым орындалды. Осы орайда Елбасына және оның жүргізіп отырған саясатын жергілікті жерде жүзеге асырып жатқан азаматтарға алғысым шексіз. Еліміздегі біздей жас отбасылардың тілектерін орындайтын мемлекеттік бағдарламалар көптің көңілінен шығуда, – деді отағасы Жандос Исин.

Салтанатты жағдайда пәтер кілттері қолдарына тиген қуаныш иелері жаңа бой көтерген шаңырақтарына асығып, алғашқы қонақтарды қарсы алып жатты.

* * *

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Тұңғыш Президент күніне арналған театрландырылған концерт өтті. Театр ұжымы атаулы күнге ерекше дайындалыпты. Әсіресе, жас әртістер сахна төрінде Елбасының абыройын асқақтатқан, ерен еңбегін еселеген жыр жолдарын оқып, халықтың келешегі, елдің болашағы жарқын болатындығына сенім білдірді. Сондай-ақ, ұлттық рухты көтеріп, отансүйгіштік сезімді оятар ән мен би сахнаның көркіне айналды. Домбыраның күмбірімен дәстүрлі әндер де әуеледі, қошемет көрсеткен көрермендер де қосылды. Елбасының сүйіп орындайтын әндері де шырқалып, сол кездегі жастардың бет-бейнесін көз алдымызға келтірді. Ұлттық бояуға қанық болған концерт барысында викториналық ойындар да ойнатылды. Жиналған қауымға Елбасының өміріне қатысты үш сұрақ қойылып, жеңімпаздарға “Дауылпаз баба – Қожаберген” спектакліне шақыру билеттері тапсырылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсіргендер

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp