Бұл сауал мектеп асханаларын жалға алып отырған кәсіпкерлерді жете ойландыра қоймайтын секілді. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасында мектептерге тамақтанудың жаңа стандартын енгізу мәселелері сөз болған жиында көз жеткізгендей болдық.
Зерттеулер көрсеткендей, елімізде 6 мен 9 жас аралығындағы балалар арасында семіздікке шалдығу көрсеткіші 20,6 пайызға жеткен. Сегіз жастағы оқушыларда артық салмақ өткен жылмен (18,7 пайыз) салыстырғанда 24,2 пайызға артқан. Қант диабеті, жүрек ақауы тағы басқа созылмалы аурулар көбейген. Тұздың тәуліктік тұтыну мөлшері нормадағы 5 грамның орнына 17 грамға дейін жеткен.
Қант та, зиянды май да тым көп қолданылады. Жағымсыз динамика әлі күнге дейін жалғасып келеді. 1,7 млн. мектеп оқушысына арналған тегін тамақтандыру ескірген жүйемен қаржыландырылады. Тағамның 50 пайызына дейін желінбей, қоқысқа тасталуы сапаның да, таңдау мүмкіндігінің де қандай деңгейде екенін көрсетіп отыр. Осы себепті оқушылардың дені фастфуд, гамбургер, хот-дог, пицца, чипсы секілді тәтті, бірақ құрамында зиянды қоспалар көп, қоректік заттар аз тағамдарды, сондай-ақ энергетикалық сусындарды талғажау еткенді жөн көреді. Осы тақылеттес факторлар, айналып келгенде, әлі буыны қата қоймаған ағзаның дамуын тежеп, бұзылу қаупін арттырары сөзсіз.
Бұл – біз көтеріп отырған мәселенің бір жағы. Жұртшылық Маңғыстау облысында орын алған, яғни 400 баланың тамақтан жаппай улану оқиғасын әлі ұмыта қойған жоқ. Өрескел санитарлық заң бұзушылықтарға жол беру салдарынан дайындалған тағамда патогенді бактериялар кездескен. Мектеп асханасында жұмыс істейтін қызметкерлерден стафилакок таяқшалары табылған, кей аспаздардың медициналық тексеруден өтпегені анықталған. Петропавл қаласындағы білім ошақтарын тексеру барысында балаларға көгеріп кеткен нанның берілгені, ас мәзірі газдалған сусындармен, майонез, маргарин сияқты зиянды тағамдармен толықтырылғаны, рационнан көкөніс, жеміс-жидек азайтылғаны, бір сөзбен айтқанда, ас әзірлеу тәртібінің өрескел бұзылғаны және де төрт аспаздың орнына бір адамның ғана жұмыс істегені, санитарлық кітапшасының болмай шыққаны қоғам тарапынан өткір сынға ұшырап, оның ақыры мектеп әкімшілігінің төрт білім ошағын жалға алып отырған кәсіпкерді сотқа беруімен аяқталған. Өңірде артық салмақ дімкәстігіне шалдыққан балалардың үлесі республика бойынша жоғары. Бұдан кейін тамақ сапасы жөнінде не айтуға болады?
Президент Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты кеңес өткізгенде: «Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден астам, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек», – деп атап көрсеткен болатын. Осы нұсқауға сәйкес, Үкімет 2025 жылғы №320 қаулысына оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарымен үйлесетін бірқатар жаңашылдықтар енгізді. Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктері, Қазақ тамақтану академиясы, ЮНИСЕФ және ДДҰ-ның қатысуымен мектеп оқушылары үшін, заманауи халықаралық шарттар жете ескеріле отырып, жаңа тамақтану стандарты әзірленді. Ондағы басты мақсат – қантты тұтынуды 3,6 есе, тұзды 5 есеге азайту арқылы балалардың дұрыс әрі қолжетімді тамақтануын толық қамтамасыз ету, тамақтануды ұйымдастыру деңгейіне қаншалықты көңіл толатындығын анықтау. Бұдан бөлек, тамақтануды ұйымдастыру жүйесінің тиімділігін бағалау үшін алғаш рет «Жеуге жарамсыздық индексі» енгізілді. Сарапшылар стандартты қатаң сақтау семіздікті – 10-15, ІІ типті қант диабетін – 10-20, артериялық гипертензияны – 8-18, басқа созылмалы ауруларды 5-15 пайызға төмендететінін, сонымен қатар оқу үлгерімін жақсартатынын алға тартып отыр.
«Жаңа стандарттың артықшылықтары көп. Олардың бастылары – тұз, қант және майды тұтынуды азайту, көкөніс пен жемісті, ет түрлерін (оның ішінде жылқы еті) көбейту, табиғи емес тағамдар мен зиянды өнімдерді (шұжық, ысталған ет, қант қосылған шырындар, т.б.) мәзірден алып тастау. Бұл өзгерістер балалардың денсаулығын нығайтып, семіздік, қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға бағытталған», – дейді жергілікті сарапшылардың бірі Айжан Ысқақова.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде асханасы жоқ 12 мектеп бар, оның 4-еуі облыс орталығында орналасқан. Осы білім ошақтарында оқушылар қалай тамақтанады деген күрделі сұрақ туындайды. Өйткені Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тілге тиек еткендей, асханасы жоқ 669 мектепте тамақтандырудың кейтеринг қызметі, модульді асханалар құру, буфеттік тамақтану тәсілдерін ұйымдастырудың ауылы әзірге алыс секілді. Бұл мәселе жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасында да талқыланды.
Кәсіпкерлер жаңа талаптармен мүлдем келіспейтіндерін еш бүкпесіз білдіргенімен, қарсылықтың түп тамыры тек өз қамдарын күйттегендей әсер қалдырды. Қала мектептеріне қызмет көрсететін 20-ға жуық шағын бизнес субъектісі 2023 жылы мектеп асханаларында ыстық тағам ақысының 2 рет, былтыр 500 теңгеден 614 теңгеге дейін өскенін азық-түліктің қымбаттауымен байланыстырған. Осы жолы да, ас мәзірінің бағасы қайта қаралмаса, қып-қызыл шығынға батамыз деп шыр-пыр болды. Бағаны барлығы бірдей көтеруге ымыраласқан сыңайлы. Жеткізушілердің өнім сапасына емес, арзанына ұмтылары, баладан гөрі өз пайдасын көбірек күйттейтіні, пайдалану мерзімі өтіп кеткен тағамдарды ұсына салатыны жасырын емес.
2011 жылы білім беру ұйымдарының асханаларында жұмыс істейтін бизнес өкілдерінің бастамасымен құрылған «Ботақан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ольга Усольцеваның уәжіне қарағанда, жаңа мәзірде өңір ерекшеліктері ескерілмеген, бұл тағамның сапасы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін. Мәселен, күркетауық еті, судак балығы, гүлді қытай капустасы жергілікті нарықта тапшы. Жаңа қондырғылар қымбат, мектептердің электр қуаты жеткіліксіз. Бір оқушыны тамақтантандыруға бөлінетін бюджет қаражаты шектеулі: бастауышқа – 637, орта буынға – 745, жоғары сыныпқа – 794 теңге. Ал жаңа мәзірдегі ең төменгі шығын 688 теңгеден басталады.
Оның сөзін қостаған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев жыл соңына дейін ескі мәзірмен жұмыс істеуді жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Әңгімеге араласқан республикалық бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптева тамақтану жүйесін реформалауды қолдайтындарын жеткізді, алайда жүзеге асырылу барысында қиындықтар барын да жасырмады.
«1 қыркүйектен бастап күшіне енетін жаңа тамақтану стандарты біріздендірілген. Бұрын әр өңір етті өз қалауымен ғана мәзірге қосатын. Енді қандай өнім қанша рет берілу керектігі, ең бастысы, тағамның құнарлылығы мен қоректік құрамы нақты реттелген. Мәзір балалардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескере отырып жасалады. Көкөніс, жеміс, ақуызға бай сүт тағамдары барынша мол қамтылады. Ал дәм күшейткіш өнімдер алынып тасталады. Шағын жинақты мектептерде арнайы ланч-блоктар енгізіледі (ыстық бутерброд, қышқыл сүт өнімі, жеміс, сусын). Мектептерде дәрігер-диетологтар жұмыс істейді. Алдын ала ескертусіз, жоспардан тыс тексерулер, ас блоктарына мониторинг жүргізіледі. Осылайша тағамның санитарлық және диеталық нормаларға сәйкестігі күн сайын қадағаланып отырады», – деді вице-президент.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Саржанов жаңа стандарт білім беру ұйымдарында тағам сапасын арттыруды діттейтінін, оның негізінде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова назарды бюджеттен бөлінетін қаржыға аударды.
Отырысқа қатысушылар мәзірді пысықтау мақсатымен ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамына санэпидбақылау департаментінің, білім және денсаулық сақтау басқармаларының, салалық қауымдастықтың, кәсіпкерлер палатасының өкілдері, технологтар мен диетологтар кірді. Әзірге мектеп оқушыларының тамақтануы ескі мәзір бойынша 2025 жылдың соңына дейін жалғасады. 2026 жылдан бастап азық-түлік құнын арттыруға бюджеттік өтінім жіберіледі.
Түйін: Бала – біздің болашағымыз. Олардың дені сау, санасы сергек болып өсуіне бәріміз жауаптымыз. Өйткені дені сау баладан мықты маман шығады. Өсіп келе жатқан ағзаны пайдалы тағам түрлерімен қамтамасыз етпеу түптің түбінде ұлттың денсаулығына кері әсер ететінін қаперден шығармайық!
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».