Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Нәби Ғали сүт, ет сынды тағамдардың сапасын анықтайтын индикатор ойлап тапты. Жас ғалымды мұндай жаңалық ашуға әжесінің білместікпен ашыған сүттен тамақ пісіріп, ұшынып қалуы себеп болған. Оқушыға биология пәнінің мұғалімі Садат Демеубаев жетекшілік етіп, бағыт-бағдар берген. Олардың ендігі мақсаты – жаңашылдықты қолданысқа енгізудің жолдарын табу.
– Сүт бұзыла бастағанда қышқылданады. Индикатор әдетте күлгін болып тұрады да, сүт бүлінгенде қызыл түске боялады. Индикаторды тетроқаптама ішіне орналастырамыз. Ол сүтпен жанаспауы үшін мембранамен қапталады. Жобаны әрі қарай дамытып, тиісті деңгейіне жеткізген кезде сүт зауыттарына ұсынбақпыз, – дейді биология пәнінің мұғалімі Садат Демеубаев.
Индикатор арқылы ет тағамдарының да балғындығын анықтауға болады. Сүттің индикаторы қаптамада тұрса, еттікін кез келген адам өзімен бірге алып жүре алады. Етті тексерерде индикатордың беткі қабатын сыдырып алып, жапсырады. Егер өнім бүлінген болса, индикатордың түсі өзгереді.
Әлемде мұндай индикатордың баламалары болғанымен, бұл жаңашылдық елімізге әлі жете қоймаған. Сондықтан Нәби Ғали өнертабысын тиісті органдарда тіркеп, патент алмақ.
Бұған дейін оқушылар ұстаздарының жетекшілігімен тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін қондырғы ойлап тапқан еді. Жас ғалымдардың сөзіне қарағанда, бұл өнертабысты жүзеге асыруға демеушінің жоқтығы қолбайлау болып тұр.