«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАМЫРЫ – ТЕРЕҢ, ТАҒЫЛЫМЫ – ЗОР

(Соңы. Басы өткен сандарда).

6. “ЕРКІН АДАМ”

Түркі-моңғол зерттеуші-ғалымдарының басым көпшілігінің пікірі бойынша, “казак” этнонимінің дұрыс аталуы – “қазақ”. Орталық Азияның ежелгі ескерткіштерінде “казачество” түсінігі “еркіндік, еркін өмір-салт” ұғымының баламасы ретінде қолданылған. Ол Шығыс және Батыс елдері авторларының жазған әдеби шығармалары куәландырғандай, сол мағынада көптеген ғасырлар бойы түсіндірілді. Түркі-славян қарым-қатынасының және байланысының беделді білгірі, академик Н.А. Баскаков: “казак-козак” сөзі көрші түркі тілдерінен поляк және украин тілдері арқылы алынған болуы мүмкін және орыс тіліндегі жазбаларда алғаш рет 1395 жылы “жұмысшы, батрак” мағынасында, ал кейінірек “козак” мағынасында, яғни әскери шекаралық қорғаныста міндет атқаратындар ретінде тіркелгенін пайымдайды.

В. Даль “казак” – “козак” этнонимін “кезу, қаңғу”, сол сияқты “гайдук”, “гайдамак” сөздерінен пайда болуы мүмкіндігін атады. Н.А. Баскаков көрсетілген жоғарыдағы сөздердің мағыналарының барлығы бір-бірімен өзара байланыстылығын және жалпы мәні – “тәуелсіз адам” ұғымын беретінін нақтылай келе, “бұл мағынамен түркі ұлты – қазақ (казах) – еркін тәуелсіз көшпелі атауымен де байланыстылығын” алға тарта, қорытынды жасайды. Г.Ф. Благова “қазақ” және “казак” этнонимінің үйлесуінің тегін емес екендігі жөнінде жазады. Ежелгі заманда Солтүстік Кавказда “касоги” деген өмір сүрген, қазіргі кабардин, черкес, абхаздықтардың ата-бабасы. Бірақ бұл жағдайда “касоги” мен “қазақ” этнонимдерін фонетикалық ұқсастығы ғана біріктіретін сияқты (Н.М. Карамзин (История государства Российского. Соч. в 12-томах. М., 1993; В.О. Ключевский (“Курс лекций по русской истории”), қазақтың белгілі ғалымы Ш. Уәлиханов “Қырғыз шежіресі” зерттеуінде казак этнонимі және казачество ұғымы әлеуметтік құбылыс ретінде Русь жеріне Орталық Азия көшпелілерінен ауысты деген тұжырымды қолдайды. Бәріңізге белгілі, Еуразияның түркі және славян тайпалары арасындағы алғашқы және мықты байланыстар б.д. V-VI ғасырларда бекігенді. Кейінірек көшпелі түріктер, берендейлер, печенегтер өздерінің ағайындары половцылардан қорғанып, Днепр мен Донға қоныстанды. Ғылыми ортада “половцыларды” түркітілді кумандар және қыпшақтармен нақты бірегейлендіреді. Ежелгі Русь географиялық жағынан Шығысқа, оның ішінде көшпелі халықтармен де жақын орналасқан, христиан дінін қабылдамастан бұрын-ақ олармен арада тығыз байланыс болған. Әрине, олардың мәдениеті мен тілдерінің өзара әсері болған. Кезінде О. Сүлейменовтің “Аз и Я” кітабында жазылғандай, “Игорь полкі туралы жырда” көптеген түркі тілінен шыққан сөздердің кездесуі тегін емес және заңды.  

“Қазақ” сөзі, “казаковать” түсінігі сияқты түркітілді тайпалармен бірге Русь халқы ортасына енуі әбден мүмкін. Ш. Уәлиханов өзінің “Қырғыз (қазақ) шежіресі” еңбегінде былайша жазады: “… казачество Азияда басталғаны және дамығанына күмән жоқ және татарлар арқылы орыстар арасына енді. … Русь үшін Украина сияқты кең-байтақ қырғыз (қазақ) даласы, бостандық пен бай олжа іздеуші батылдар мен батырлардың түйісу орнына айналды”. Н.М. Карамзин де осындай көзқарасты ұстанды. Ол: “…1444 жылы Василий Темный кезеңіндегі жылнамашылар рязаньдық казактар туралы, жаңа замандағы даңқты ерекше жеңіл әскер жөнінде жазғанынан…” хабар береді (Рязаньның татарлар орналасқан жерге тым жақындығына назар сала). Осы тұста, XVIII-XIX ғасырларда Еуразия және Кавказ халықтарын, ноғайларды, қазақтарды, қырымдықтарды және, тіпті, әзірбайжандықтарды да, яғни көптеген түркітілді халықтарды татар атауымен атағанын атап өту керек.

Кіші жүз тайпаларының өздерін қазақтар деп атағандығы жөніндегі Ш. Уәлихановтың пайымы, Еділ бойы және Қырым хандары ұлыстарындағы әлеуметтік топтар ретінде – казактардың өмір сүруі туралы біздің қорытындыларымызды тағы да бекіте түседі. Яғни, 1517 жылдар шамасында тарих бойынша олардың тарихта белгілі болған казактар атауы бір ғана Украинада ғана емес екендігі айқындала түседі. Бірақ Н. Карамзин ойлағандай, ол Ресейде ежелгі Батый шапқыншылығында және жарлы-құздармен қоршалған, адам жүре алмайтын қамысты және ми батпақты Днепр жағалауында өмір сүрген түріктер мен берендейлерге тән болуы мүмкін.

“Қазақ” этнонимінің пайда болу себептерін сипаттай келе қазақстандық ғалым В.П. Юдин былайша жазады: “Казак сөзінің шығу мәніне қатысты келесіні байқауға болады. Қазақ сөзі қандай мән бергенін айқындау үшін, ол этнонимге айналғанда, оның барлық “семантикалық” тарихын білудің қажеті жоқ. Пікірталасты доғару үшін этнонимнің семантикалық базасына қандай нақты маңызды мәселе қызмет атқарғанын білудің өзі жеткілікті. Оның мәні бұрыннан бекіген. Ол – түрік халықтарындағы казачество институтын көрсететін, казак ретінде іс-қимыл жасайтын казактардың өмір-салтына апаратын бейнесінің белгісі. Бұл сөздің көп аудармалары ұсынылды. Сол аудармалардың барлығын да дұрыс және бұрыс деп айтуға болады. Аудармалардың басқа бөлігін жабулы күйінде қалдырып, казак қызметінің белгілі бір жағын дұрыс сипаттайды. Басқаша айтқанда, казак сөзі аударылмайды. Сондықтан орыстар оны аудармастан сол күйінде қабылдады” (ауд. – Қ. Ерімбетова).

Қазіргі кезеңде этноним ретінде казак анықтамасы қандай да бір ұжымды белгілеу үшін алғашқы қолданылғанына және бұл жөнінде қандай да бір ауытқу мен сенімсіздікке орын жоқ. Осындай адамдар тобы қоныс аударған кезеңде Керей және Жәнібекке ерді және сәл кейінірек Жетісуда оларға қосылды. Казак атауының этнонимге айналу тарихы осы қоныс аудару кезеңінен басталады. Казак сөзінің Дешті-Қыпшақ көшпелілерінің жеке біреуді немесе топтарын белгілеу үшін, басқа да қолданыс жағдайында, оның этнонимге айналуы кездеспейді. Мұндай жағдайлар Керей мен Жәнібектің қоныс аударуынан бұрын да және кейін де көп болды. Деректерден үзінді келтіре отырып, біз түркі қауымындағы нөкер қазақтар туралы айғақ келтіре аламыз. Біріншіден, бұл “Шыңғыс-наме”-ден алынған үзіндідегі казактар, Өзбек ханның Алтын Киіз үйін Қызыр хан олар (казактар) үшін қиратқан.

Өтеміш-қажының белгілі “Шыңғыс-наме” еңбегінде жоғарыдағы оқиғаны сипаттайтын белгілі фактілер келтіріледі. Автор Алтын Ордадағы дау-дамайлар туралы көріністерінде келесі мәселелерді баяндайды. “Ханша Тайдула (орыс деректері бойынша) Қызыр ханды шақырып алды да оны Саин тағына хан қылды… және Қызыр ханға тұрмысқа шығуды қалады. Ханның да оған үйлену ойы бар еді. Бірақ, оның қасында бұл мәселеге келіспейтін найманнан шыққан бек – Құтылық-Бұғы болды. Ол: “Үйленбе!” – деді. Оның сөзін тыңдады да үйленбеді. Өзін жар ретінде қабылдамайтынын сезген бегімнің ханға деген сый-құрметі, бұрынғыға қарағанда азая түсті. Оған ашуланған хан да Алтын киіз үйді қиратып, ал алтынды өздерінің казактар арасында бөліп алуға шешім қабылдайды. Мұны естіген бегім ханға адам жіберіп: “Райынан қайтсын!” – деген хабар жібереді. Оның сөзін елемеген Қызыр хан киіз үйді қиратты және бөліске салды. Ханға ашу-ызасы келген Бегім өзінің бектерін жинады және оны қуып жібереді. Қызыр хан кеткенмен, кейін әскер жинап, қайта Ақкөлге келеді, Тайдулаға қарсы жорыққа аттанады және Алтын Орданың ханы болады. Тайдула бегімге ауыр өлім жазасы кесілді”.

Бұл үзіндіде назар аудартатын екі ақпараттың маңызы бар. Біріншіден, Қызыр хан өздерінің казактары арасында болған, яғни әскери үзеңгілестерімен, нөкерлерімен. Өтеміш қажы Алтын Орда тұсындағы казак атауын нақты жазады, яғни XIII-XIV ғғ. Демек, әскери қауым ретінде ерекше артықшылығы, ұландар – “казактар” Алтын Орда тұрғындары арасында танымал болған. Жалпы алғанда, Өтеміш-қажы сол кезеңдегі Тоқтамыс және басқа жігіттердің (“о казаковании”) қазақ болып жүрген іс-қимылдары туралы жиі атап өтеді. Ол кезеңдегі саны аз казактар кейінірек көбейіп, Алтын Орданың кең даласына тарады. Екіншіден, Өтеміш қажы Қызыр хан Ақкөлге “кетті” деген мәлімет береді. Еділ бойында, Оралда Ақкөл атауымен көлдер көп кездеседі. Бірақ дәл осындай көлдер қазіргі Қазақстан аумағында да көп. Қызыр ханның Қазақстан жеріндегі Ақкөлге қоныс аударуы да әбден мүмкін.

В.П. Юдиннің “В “Устюжском летописном своде»” жылнама жинағында Шайбани Ивак пен (Ибак) казактар-шибандар және казактар-ноғайлар қосылып, алтын ордалық Ахмад ханның Ақ ордасына жасаған шабуылы туралы беріледі. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірақ тек Керей мен Жәнібектің қоныс аударуы ғана казак сөзінің этникалық мазмұнын толықтырды. Бұл қоныс аударудың мәнін кейде әсерлеудің қажеттігі жоқтығы айтылуда және жазылуда. Бірақ оны бағаламауға да болмайды. Оның себебі, Керей мен Жәнібектің қоныс аударуының қазақ халқының тарихындағы маңыздылығына хандықтың құрылу көзі ретінде бағаламау әділетсіз болар еді. Бірақ бұл оқиға халықтың қалыптасуының бастауы немесе аяқталуы, процестердің басқа да деңгейлері болды ма, ол әлі зерттеу жұмысын жетілдіруді қажет етеді. Болжамдап айтқанда немесе кейбір фактілерге жүгінсек, өз алдына қазақ этносының құрылуының алғашқы кезеңі “казак” атауын қабылдауымен өтті деген пайым айтуға да болады.

* * *

Ұлы тарихшы және философ Арнольд Тойнбидің іргелі “Постижение истории” (“Тарихты түсіну”, 419-429-бб.) еңбегінен қызықты мысалдар табуға болады. Ол былайша жазады: “Ненадежный татарский “qazaq”, одержавший победу над иранским катафрактом, разграбивший Багдад и заморивший голодом аббасидского халифа, был легковооруженным конным лучником устойчивого кочевнического типа, который впервые заявил о себе и заставил себя бояться в Юго-Западной Азии в киммерийских и скифских набегах на рубеже VIII-VII вв. до н.э”. Автор “qazaq” этнониміне берген түсіндірмесінде “qazaq” – кезбе, тонаушы, теңіз қарақшысы деп көрсетеді. Осының соңынан “казак” сөзі шыға келеді. “Казак-казах” этнонимінің пайда болуы туралы біздің қорытындымыз Арнольд Тойнби тұжырымдамасымен бүтіндей сәйкес келеді. Мұнда есте сақтайтын жайт, ағылшын авторы тек этнонимнің пайда болуы ғана емес, сол сияқты ол ағылшынтілді тарихшылар басқа тілдегі қолжетімді еңбектеріне және деректеріне сүйенеді.

Көптеген авторлар, мәселен, В. Вельяминов-Зернов және М. Худяков казактардың Ресейге татарлардан, яғни түркілерден келгенін ашық жазады. Яғни, әскери қауым ретінде кәсіби сапаға иемденіп, олар өздерін “казактармыз” деп атаған. Олай боса, Ш. Уәлихановтың тұжырымы толықтай объективті және ғылыми негізделген. М. Худяковтан келтірілген дәйек, татар казактары 1546 және 1551 жылдары құрылтайға (Қазанда) қатысқандығы да өте маңызды.

Украин тарихшысы Олекса Гайворонский өзінің “Повелители двух материков” монографиясында, ертеректе “қазақтар” деп еркін өмір сүру салтын ұстанатын Шыңғыс ұрпағының төре өкілдері аталғанын айтады. Сұлтан болған казактар болды, яғни билік жүргізушілер өкілдері. Қорытындыласақ, “Қазақ” атауы анықтамасының бірнеше нұсқасы болды, бірақ түпкі мағынасы өзгеріссіз қалуы тиіс, олар “еркін адам” болған.

Белгілі зерттеуші М. Тынышпаев бұл атауды қолданған келесі мысалды келтіреді: “1356 жылы “казактар” Мауреннахарға шабуыл жасады…”. “1397 және 1410 жылдары қырым татарларының бір бөлігі Литваға қоныс аударды және өздерін “казактар” деп атағандар король жанында қызмет атқарды”. 1474 жылы Қырым ханы Меңлі-Керей III Иванға хат жазады: “Мне твоей земли не воевать, моим уланам, ни князьям, ни казакам”. 1471 жылы Новгородқа жасалған шабуылға өзінің “казактарымен” Қасымның Данияр ханзадасы қатысты. Басқа да бізге белгілі деректер бойынша, 1481 жылы Шайбани Ибак хан “1000 казакпен” және ноғайдың мырзалары Мұса және Жаңбыршы “15000 казакпен” қосылып, Ахмед ханға шабуыл жасаған. 1499 жылы “орда казактары және Козелск түбіндегі азовтықтар келді және Олеша селосын алды”. Қазан ханы Абдуллатиф 1508 жылы князь Василийге “өздерінің казактарын соғысуға жібермейтініне” уәде береді. Жоғарыдағы мысалдар “казак” терминінің еркін, ерікті, тәуелсіз батылдылар қауымының таза әлеуметтік мәнін білдіреді. 1523 жылы Стамбулда орыс елшісі И. Морозовтың сұлтанға айтқан сөзі былайша беріледі: “Твои казаки азовские наших изымают в поле и водят в Азов и продают”. Белгілі мемлекет қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин қазақтардың шығу тегі, “қазақ” – “казах” этнонимінің пайда болуы туралы терең де мағыналы жұмысын 1931 жылдың наурыз айында жариялады.

Украин тарихшысы Олекса Гайворонскийдің пайымдауынша, Қырым хандығының Буджак Ордасы бойынша славянтілді деректерде “казак” этнонимі “ақ қалалық казактар” (“белградские казаки”) ретінде қолданылды, яғни Қырымдағы “Ақ-кермен” (“Ақ бекініс”) Ақ-қала қаласы атауымен астасып жатыр (Ақ-Кермен, қазіргі – Симферополь қаласы).

* * *

XVIII және XIX ғасырларда тілінде, дінінде және антропологиялық типі бойынша да ортақ белгілерін жоғалтқан қазақтар мен казактар арасында бір-бірімен шиеленісті қақтығыстар болды. Олардың арасындағы болған бұрынғы байланыс бірнеше ғасыр бұрын үзілген еді, олар бір-біріне жат және тіпті де танымады. “Қазақ” этнонимін алып жүргендер XIX ғасырда мүлде басқа халықтар болып кеткенді. Сонымен қатар олар бір-біріне қарама-қарсы екі жақта тұрды: біреуі Ресейге қатысы бойынша жері мен мемлекеті тәуелді (қазақтар), кейін отарлы елге айналғандар, ал келесілері (казактар) – метрополия мүддесіне сай, олардың тілегін орындаушы топ болатын.

Ал Жәнібек пен Керей бастаған қауым әлемге “Қазақ хандығы, қазақ мемлекеті” келгенін паш етті. Сол заманнан бері Қазақ есімі тарихи санаға, басқа елдерге танымал болды.

Бүркітбай АЯҒАН,

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp