Халқымызда ұл бала алғаш рет әкесіне, қыз бала шешесіне ілесіп, түрлі жұмыстарына қолғабыс тигізіп жүргенін бірінші рет көргенде туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң: “Балаларың жігіт болыпты, бойжетіпті, қажетке жарапты”, – деп жабыла құттықтап, балаға түйме тана, білезік, сөлкебай тағып жібереді. Кейде оны көптің атынан біреу барып тағып қайтады. Міне, бұл “танабау тағу” деп аталады.
Салт бойынша, баласына “танабау” тағылған ата-ана бұл жағдайды міндетті түрде атап өтеді.
Танабау шайына барған кісілер баланың ата-анасына “балаңның танабауы” деп әртүрлі бағалы тартулар мен қой-қозы, тай-тайынша беріп, игі тілектерін айтады.
Бұл дәстүр адамдар арасындағы достық, сүйіспеншілік пен береке-бірлікті нығайтып, адамдарды күйініш-сүйініште бірге болуға шақырады.