«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАПСЫРЫСПЕН АЛҒАН ТАҒАМ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУІПСІЗ?

Тағам жеткізу қызметінің пайда болуына байланысты кеңседен немесе үйден шықпай-ақ қалаған асыңызға тапсырыс берудің мүмкіндігі туды. Ғаламтор арқылы тапсырыс берсеңіз, аз уақыт ішінде буы бұрқыраған ыстық тағам алдыңызда тұрады. Рахат! Алайда, дайын ас қандай жағдайда әзірленді? Көпшілік тұтынатын самса, суши сияқты тағамдардың сақталу жағдайы мен мерзімі қадағалана ма? Тәбетті ашар тағамнан дәм татпас бұрын осы сұрақтардың жауабына сенімді болған абзал.

Базарға бас сұқсаңыз, донер, самса, кә­уап сияқты аспаздық өнімдердің түр-түрі да­йындалып жатқанын мұрын жарар иістен-ақ түсінуге болады. Ондай жерлерде тағам сақ­таудағы санитарлық талаптардың ескеріле бермейтіні бірден көзге түседі. Аядай жерде лас алжапқышқа қолын сүрте салып, түтін­деп жатқан майға тамақ қуырып жатқан “ас­паздарды” жиі жолықтыруға болады. Дүңгір­шек маңында кезекте тұрғандардың бұл кө­рініске шамданып жатқандары жоқ. Тұты­нушыларға тез бұзылатын азық-түлік өнім­дерін сату кезінде температуралық режімнің сақ­талуына, мамандардың жеке бас гигиенасының тазалығына арнайы киімдер мен бірреттік қолғаптарды пайдалануына, сол сияқты медициналық тексерістен өт­кендігіне, нысанның жалпы санитарлық жағ­дайына қаншалықты назар аударылады?
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлованың айтуынша, қоғамдық тамақ­тану нысандары эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары және елеу­сіз болып екі топқа бөлінеді. Ал орын саны 50-ден ас­пайтын дүңгіршектер елеусіз нысандар қа­тарына жататындықтан, ондай орындарға тек шағым түскенде ғана жоспардан тыс тек­серу жүргізіледі екен. Былтыр санитарлық талаптардың бұзылғаны туралы шағым түс­пеген көрінеді.
Қоғамдық тамақтану орындарында күріш пен теңіз өнімдерінен дайындалатын жапон халқының “суши” деп аталатын тағамы қа­зіргі таңда үлкен сұранысқа ие болып отыр. Тұздалған, ысталған, пісірілген және шикі ба­лықтан дайындалатындықтан, тағамға қо­сылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын рас­тайтын құжаты, яғни балықтың ветери­нар­лық сертификаты немесе анықтамасы бо­луы қажет. Балықты аулаған кезден бас­тап, сауда орындарына дейінгі жеткізілу жағ­дайын да жауапты органдар бақылауы тиіс.
– Дайындау технологиясы бойынша кө­біне мұздатылған балықты дұрыс ерітпеу, яғни қайта ерітіп, қайта мұздату кезінде өнім­нің екінші рет лас­тануы, қолданылатын шикізаттардың дұрыс өңделмеуі сани­тар­лық-эпидемиологиялық тұрғыдан қауіп ту­ғы­зуы мүмкін. Мәселен, суши тағамына тұр­ғындардың сұранысы өскен сайын әлеу­мет­тік желілер арқылы үйге жеткізу қызметі мен суши-­барлар да дамып келеді. Бірақ тапсы­рыспен дайындалған сушидің адам ағза­сына қауіпті болуы ғажап емес. Өйткені, оны қандай жағдайда, кімнің дайындағаны тура­лы мәліметтер болмайды, – дейді Татьяна Горлова.
Ал қаланың сауда орындарындағы өнім­дерге, соның ішінде балық өнімдеріне де­партамент тарапынан зертханалық тексе­ріс­тер жиі жүргізіледі екен. Департамент ма­мандары жыл басынан бері бірқатар отан­дық және шетел өнімдерінен санитарлық-гигиеналық зерттеуге 130 сынама алыпты. Соның 42-сі таңбалау бойынша сәйкес кел­мепті. Олардың біреуі отандық өндіру­шінікі болса, 41-і – шетелдік өнім. Жа­рамдылық мерзімі, өндіруші жайлы мәліметтер көрсетілмеген олардың микробиология­лық, паразитологиялық көрсеткіштері де та­лапқа сай болмай шыққан. Абырой болғанда, өткен жылы балықтан улану дерегі тір­келмепті.
Шикі ет, балық, сүт өнімде­рінің сатылым­ға дейінгі сапасы мен қауіпсіздігі ветери­нарлық мекемелердің бақылауында болға­ны­мен, тұтынушылар да балық өнімдерін сатып аларда оның қауіпсіздігі мен сарап­тамадан өткендігін растайтын құжаттардың болуын талап еткені абзал. Соны­мен қатар өндірілген уақыты мен сақтау мерзіміне және температуралық жағдайдың сақта­луына жіті назар аудару керек.
Пәтерлерінде үй тағамын әзірлеп, оны­сын әлеуметтік желілер арқылы саудалай­тын­дар да аз емес. Оған тапсырыс беруші­лердің өнімді дайындау кезінде үй жағда­йын­­дағы санитарлық талап пен жеке бас гигиенасының қаншалықты сақталғанына мән беретіндеріне күмәнім бар. Былтыр кондитерлік өнімдерді үй жағдайында рұқ­сат құжатсыз дайындап келген осындай 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 212 096 теңгенің айыппұлы салынған екен.
– Жалпы тағам өнімдерін заңсыз сауда орындарынан, көшеден, кез келген жеке тұл­ғалардың қолынан, әсіресе, пойыз­да сатып алуға болмайды. Сырттан тамақтанғанда, тағам сатып алғанда барынша сақ болуға шақырамыз, – дейді Татьяна Горлова.

 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp