«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІКТЕР

Жоғары оқу орнын тамамдап, қолына диплом алған жас мамандардың көбі ауылды жерде жұмыс істеуден қашады. Бүгінде көптеген жас екі қолға бір күрек таппай жүргенімен, елді мекендерде маман тапшы. Бұл мәселені тиімді шешу мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының берері мол.

Осыдан төрт жыл бұрын жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін өзім туып-өскен Айыртау ауданына барып, мамандығым бойынша мектепке жұмысқа орналастым. Бүгінге дейін Арықбалық, Сырымбет ауылдарында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқардым. Шәкірт тәрбиесімен айналысып, өрендерге білгенімді үйретуге тырыстым. Отбасында үш қызбыз. Әпкелерім де ауылда жұмыс істейді.

Әрбір қыздың арманы – тұрмыс құрып, сәби сүю. Мен де өзімнің теңімді тауып, биыл тұрмысқа шықтым. Жұбайым – әскери адам. Жас отбасы ретінде өзіміздің жеке баспанамыздың болғанын қаладық. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы арқылы үш бөлмелі пәтерге қолымыз жетті. Қазір “Родничок” бөбекжайбалабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеймін.

Осылайша, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының өзім секілді жас мамандардың аяққа тұрып кетуіне септігін тигізетініне көзім жетті. Себебі, жастарды баспанамен қамту өзекті мәселе саналады. Ойлап қарасақ, қалада мамандарға осындай қолдау көрсетілмейді. Сондықтан олардың табысының бір бөлігі пәтерақыға жұмсалады. Бұл бағдарлама осы тұрғыдан өте тиімді.

Ауылда еңбек етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеп, елімнің көркеюіне үлесімді қосып жатқаныма ризамын. Диплом алып, жұмыссыз жүрген жас мамандар осы бағдарламаға қатысып, ауылдарға барса, нұр үстіне нұр болар еді.

Гүлдәрия ҚАЙЫРЛЫ, “Родничок” бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp