«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАПТЫРМАС ҚҰРАЛ

Өртсөндіруші кәсібі басқа жұмыстарға қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, төтенше жағдай туралы хабар түскеннен кейін арнайы киімдерімізді киіп, оқиға орнына барынша жылдам жетуге міндеттіміз. Дегенмен, біздің жұмысымыздағы ең қиын сәттердің бірі – өртке оранған нысанға кіру. Қазіргі уақытта көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің басым бөлігінде темір есіктер орнатылған. Әр секунд санаулы кезде ол құтқарушыларға үлкен кедергі келтіреді. Мұндай жағдайларда біз жұмысымызда арнайы техникалар мен құрал-жабдықтардың көмегіне арқа сүйейміз. 

Биылғы жылдан бастап біздің бөлім өрт оқиғалары кезінде “Halligan Tool” деген құралды қолдана бастады. Бұл құрал болаттың өте төзімді түрінен жасалады. Оның бір шетінде шеге суырғыш болса, екінші шетінде бір-біріне көлденең орналасқан балта мен темір кескіш бар. Ол баспаналардың темір есіктерін лезде ашуға, қабырғалардағы тақтайларды бұзуға мүмкіндік береді. Өртсөндірушілер ломының жетілдірілген түрі алғаш рет 1940 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы өрт сөндіру департаментінде қолданыла бастаған. Оның атауы құрылғыны ойлап тапқан өртсөндіруші Хью Хэлиганның есімімен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда АҚШ пен Еуропа және ТМД елдеріндегі әріптестеріміз өрт оқиғасы кезінде “Halligan Tool” құралын жиі қолданады. 

Өкінішке қарай, қазақстандық өртсөндірушілер өз жұмысында оны пайдаланбайды. Өзім өртсөндіруші болғандықтан, бұл құрал туралы көп ізденіп, біраз ақпаратқа қанықтым. Шынында да, ол біздің жұмысымызды біршама жеңілдетер еді. Сондықтан жергілікті темір ұстаның көмегіне жүгініп, шетелдік құрылғының отандық баламасын жасап шығардық. Бүгінге дейін бұл құрылғыны облыс орталығында тіркелген жиырмаға жуық өрт оқиғасы барысында қолдандық. Біз бұған дейін темір есіктерді лом немесе балтамен ашып келген болатынбыз. Яғни, бұл жұмыстар кезінде темір есік қатты зақымданады. Бұл өз кезегінде баспанасы күйіп, шығын көріп отырған азаматтардың қалтасына қосымша салмақ түсірері сөзсіз. Ендігі кезекте есіктерді бүлдірмей ашу мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. Оның артықшылығына көз жеткізген облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығы бұл бастамамызға қолдау білдіруде. Алдағы уақытта Петропавл қаласындағы және аудандардағы бөлімшелер осы құралмен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

 

Самат ЖАПАРОВ,
өрт сөндіру және
апаттық-құтқару жасағының
бөлімше командирі,
азаматтық қорғау старшинасы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp