Солтүстік Қазақстан облысында коммуналдық қызметтердің тарифі төмендеді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай өңірдегі коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері қызмет құнын арзандатты.
– Қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығын ескеріп, осындай қиын жағдайда тұрғындарға түсетін қаржылық салмақты азайту мақсатында коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар тарифтерді төмендету туралы шешім қабылдады. Яғни, тұрғындар үшін коммуналдық ақы мөлшері 1 сәуірден бастап 10 пайызға дейін азайды, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Абай Балабеков.
“Қызылжар су” кәсіпорны қызмет құнын 10 пайызға арзандатты, яғни сумен қамту қызметінің бағасын 1 текше метрі үшін 81,25 теңгеден 73,12 теңгеге дейін азайтты. Ал кәріз қызметі 74,94 теңгеден 67,44 теңгеге дейін төмендеді.
“СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і Петропавл қаласы, Шал ақын, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Есіл, Жамбыл және Тимирязев аудандары үшін электр қуатының тарифін 5 пайызға төмендетті. Тұрғындар 1кВт/сағ. үшін енді 12,32 теңгенің орнына 11,70 теңге төлейтін болады. “СолтүстікЭнергоОрталық” Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау, Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарында электр энергиясы тарифін 14,35 теңгеден 12,91 теңгеге дейін немесе 10 пайызға түсірді.
Сурет inform.kz сайтынан алынды.