Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департамент кезекті баспасөз турына қатысушыларды өңір аумағына энергия қуатын тарататын “Солтүстік Қазақстан электр желі тарату компаниясы” АҚ-ның нысандарына апарды. Компания облыс орталығы мен сегіз ауданға қызмет көрсетеді.
Энергетиктер шара барысында биыл жаңартылған екі нысанның жұмысын көрсетті. Біріншісі облыс орталығының Жұмысшы кенті ықшамауданында тартылған әуе желісі болды. Ол аудандағы 91 абоненттің үйіне жаңа сым тартылып, заманауи есептегіш құралы орнатылған. Монополиялық субъектінің инвестициялық қаржысы есебінен бұған дейін жалаңаш тұрған сымдар оқшауланған жаңа технологиялы сымдарға ауыстырылды. Кәсіпорын бұдан өз жұмысының тиімділігін ғана арттырып қойған жоқ, сонымен қатар қызмет көрсету сапасын жақсартты. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін компания 18 миллион теңге жұмсаған. Сол сияқты, қала орталығындағы “Алтын Адал” базарының маңында орналасқан трансформаторлық қосалқы станса толықтай жаңғыртылған. Шағын стансаның ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, ішіндегі құрал-жабдықтардың барлығы автоматтандырылған жүйеге ауыстырылыпты. Ол үшін кәсіпорын инвестициялық қордың 7 миллион теңгесін пайдаланған.
Бұл компанияның қайта құру және жаңғырту бағдарламасы бойынша талап етілетін нысандарының санаулы бөлігі ғана. Ал жүйеге толық жаңғырту жұмысын жүргізу үшін қомақты қаржы керек. Осыған орай акционерлік қоғамның бас директорының міндетін атқарушы Виталий Фесько кәсіпорынның көрсететін қызмет түрлеріне тұтыну бағасын көтеру қажеттілігі туып отырғанын сөз етті. Сондықтан олар да табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі департаментке көрсететін қызметтерінің тарифін көтеру туралы өтінішін білдірген. Бүгінгі қолданыстағы тариф 40 пайызға дейін көтерілсе, монополиялық субъектінің өндірістегі құрал-жабдықтарын одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік ұлғаяды деп отыр. Департамент басшысының орынбасары Нелли Бабакехян тарифті өзгертуге өтініш білдірген энергетиктердің тілектері бойынша осы жылдың қазан айының 22-23-і күндері қоғамдық тыңдау өткізілетінін жеткізді. Биыл тариф өзгермесі анық. Бірақ 2016 жылы тұтынушылар жылу мен жарыққа көбірек төлем жасауы мүмкін.
Әзірге қолда бар инвестицияның көмегімен энергетиктер жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Соның бірі – “СевКазЭнергосбыт” серіктестігінің жаңаша жұмыс істеу үдерісі. Облыс орталығындағы бас кеңсесін күрделі жөндеуден өткізіп, қызмет көрсету құрал-жабдықтарын заманауи техникалармен жаңартқан мекеме тұтынушылардың төлемдерін қабылдау және өтініштерін қарау бойынша жұмыстарын біраз жеңілдеткен. Ондағы “Байланыс-орталығы” кеңсесі монополиялық субъектінің көрсететін қызметтеріне қатысты тұтынушы көкейіндегі барлық сауалдарға жауап береді. Соңғы айда серіктестік қызметін тұтынатын 22 мың адам осы орталық арқылы байланысқан. Күніне оның қызметкерлері 2500-ге дейін қоңырау қабылдайды. Сондай-ақ, “СевКазЭнерго” АҚ-ның ресми сайтындағы “Жеке кабинет” арқылы да көптеген ақпараттарға көз жеткізе отырып, тұтынушы уақытын үнемдейді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.