«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИФТІ ӨСІРУ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖАЛҒЫЗ ЖОЛ МА?

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті жанындағы сараптау кеңесінің мүшелері “СевКазЭнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметін сынға алды.

Бұл әңгіме облыс орталығында өткен кезекті қоғамдық тыңдауда қозғалған еді. Жиын барысында монополистің электр қуаты тарифін көтеру жөніндегі өтініші қаралды. Электр қуатын беруші департаментке үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап қызметтерінің құнын 3,8 пайызға, яғни қосалқы құн салығын қоса есептемегенде 13,553 теңгеге дейін көтеруді ұсынған.

Бір атап өтерлігі, бұл серіктестік өткен жылы электр қуатының тарифін қымбаттатқан болатын. Сол жолы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті сараптама жүргізгеннен кейін қосымша құн салығын есептемегенде орташа тариф 1 кВт/сағат үшін 13,058 теңге деп бекіткен. Жеке тұлғалар жаңа тариф бойынша 11,55 теңге (ҚҚС-сыз) төлесе, ал заңды тұлғалар 13,85 теңге (ҚҚС-сыз) төлейтін болып шешілген.

“СевКазЭнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағындықов жаңа тариф жобасы бойынша хабарлама жасады. Тарифті көтерген жағдайда түсетін қаржы кәсіпорынның жұмысын жақсартуға бағытталып, бірқатар түйінді мәселелердің оң шешілуіне жол ашатыны атап айтылды.

Арада бір жыл өткен соң қызметінің құнын қайтадан өсіруге өтініш берген кәсіпорын басшысы бүгінгі тариф саясатын қайта қарамаса, мекеменің жағдайы мүшкіл болатындығына меңзеді. Баяндамашының айтуынша, қаржы тапшылығынан құрал-жабдықтарға жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі, салық және басқа төлемдерге бөлінетін қаржының жылдан-жылға көбеюі аяққа тұсау болып отыр. Бүгінде облыс бойынша 156 мың абонент серіктестіктің қызметін пайдаланса, Петропавл қаласында тұтынушылардың саны 85 мыңды құрайды. Сондай-ақ, олардың қатарына өндірістік, бюджеттік, коммерциялық және басқа да абоненттерді қосыңыз. Алайда, серіктестік әлі де шығынға батуда. Мәселен, облысымыздың ең ірі электр қуатын пайдаланушы серіктестіктердің бірі – “Қызылжар су” ЖШС-і өткен жылдың наурызында электр қуатын таратушының қызметінен бас тартқан. Бұл да монополист кәсіпорынның жұмысына өз әсерін тигізген.

Мағауия Қарипұллаұлының айтуынша, ендігі жерде кәсіпорын мұнан әрі шығынға ұшырамас үшін, электр қуаты тарифін көтеруге мәжбүр болып отыр. Нақты деректерді сөйлетсек, жылына 801 346 мың кВт/сағаттың қызметін көрсететін серіктестік 2015 жылдың 10 қарашасынан бүгінге дейін 652,6 миллион теңге шығынмен жұмыс істеп келген. Сондықтан бүгінгі тариф олардың бір жыртығын жапса да, толықтай ахуалдарын жақсартуға мүмкіндік бермейтін көрінеді. Міне, осылай басшы тыңдаушыларға кәсіпорын жағдайының мәз емес екендігін жеткізді. Алайда, тыңдауға қатысушылар электр қуатын берушіні қолдамады. Тұрғындар коммуналдық төлемдер үшін отбасылық бюджеттің біраз бөлігі кететінін айтып, шағымданды. Әсіресе, бұл бастама зейнетақысы аз қариялар мен тұрмысы төмен отбасылардың көңілінен шыға қоймасы анық.

Тыңдауға қатысқан Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті жанындағы сараптау кеңесінің мүшелері де электр қуатының бағасын көтеру туралы ұсынысқа наразылықтарын білдірді. Кеңестің мүшесі Марат Ысқақов өткен жолы тиісті жұмыстарды жүргізу үшін және келесі кезеңде қызмет көрсету сапасының жақсаруы үшін тарифті көтеруге рұқсат берілгенін айтып, бағаны қанша көтергенмен, бәрібір баяғы жартас сол жартас күйінде қалу себебін сұрады. Шараға қатысқан сараптама кеңесінің мүшелері Амангелді Кенжеғозинов, Александр Казанцев, Сергей Мартемьянов әріптесінің бұл пікірін құптады. Дегенмен, сараптамашылар сұрақтарына тұшымды жауап алды деп айта алмаймыз.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті наурыздың 29-ына дейін бұл мәселенің нүктесін қоймақ.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp