Карантиндік режім кезінде тұтынушылардың әлеуметтік жағдайын жеңілдету мақсатымен «СевКазЭнерго» компаниясының басшылығы жылу және электрмен жабдықтау қызметтерінің тарифін тағы бір мәрте азайтты. Атап айтқанда, 18 сәуірден бастап жылумен қамтамасыз ету тарифтері 5 пайызға төмендетіледі. Сөйтіп бір г/кал.құны 3228,5 теңгені құрап, есептеу құралдары болмаған жағдайда тұрғын үйдің бір шаршы метріне 120,67 теңге төленеді. Төмендетілген тарифтердің қолданылуы «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Президенттің Жарлығына сәйкес карантин режімі аяқталғанда дейін сақталады.
Мұның алдында, яғни 1 сәуірден бастап Петропавл қаласы мен Аққайың, Есіл, Мамлют, Жамбыл, Қызылжар, Тимирязев, М. Жұмабаев және Шал ақын аудандары үшін электрмен жабдықтау қызметі 5 пайызға арзандатылған болатын. Осылайша электр плиталарын пайдаланбайтын жеке тұлғаларға сараланған тарифтің үш деңгейі анықталып, бір кВт/сағат 10,48 теңге, 14,04 теңге және 17,56 теңге болды. Бұл орайда, электр энергиясын тұтыну мөлшері алдымен ескеріледі. Ал, электр плиталарын пайдаланатын жеке тұлғалар үшін 9,6 теңге, 14,04 теңге, 17,56 теңге болып белгіленді.
Жалғыз тұратын зейнеткерлер, мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар үшін де жеңілдіктер қарастырылған.
Сурет: https://www.zakon.kz/