Ливерпульде өткен әлем чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері көк Туымызды биікке көтеріп, ел қоржынына жеті алтын, бір күміс, екі қола жүлде салды. Осылайша Қазақстан жалпы есепте бірінші орынға көтеріліп, чемпиондар кестесінде топ бастады.
51 келі салмақта Алуа Балқыбекова, 50 келіде Санжар Ташкенбай, 55 келіде Махмуд Сабырхан, 65 келіге дейінгі салмақта Аида Абикеева, 70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан, 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай алтыннан алқа тағынды. Ал солтүстікқазақстандық Наталья Богданова 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Бұған қоса Назым Қызайбай – күміс, Викторич Графеева мен Елдана Тәліпова қола медаль еншіледі. Осылайша 20 алтынның жетеуі Қазақстан қоржынына түсті.
26 жасар Наталья Богданова финалда австралиялық Лекеиша Перголитиді жеңсе, жартылай финалда ағылшын Шантель Ридпен жұдырық түйістірген. Спортшыны айтулы жеңісімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
«Наталья Богданованы бокстан әлем чемпионатындағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Жерлесіміз халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, әлем чемпионы атағын иеленді. Оның бұл жетістігі – барша қазақ елі үшін үлкен мақтаныш. Жерлесіміздің алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындырып, жарқын жеңістерге қол жеткізуін тілеймін!», – деді өңір басшысы.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».