
Қазақ халқының ардақты перзенті, “Алаш” қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхан “Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы”, деп айтқан еді. Ұлы тұлғаның бұл ғибратты сөзі бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.
Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам баспасөздің қоғам өміріндегі орны ерекше екенін жақсы біледі. Өмір көшінде тар жол, тайғақ кешкен Алаш қайраткерлері, соның ішінде Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаевтың ізі қалған ұлттық басылым “Кедей сөзінен” бастау алған қазіргі облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінің тамыры тереңде. Сондықтан біздер бұл басылымды тарихи жәдігер ретінде санаймыз.
Көненің көзіндей болған ұлттық газетке қолдау білдіру – парыз. Әсіресе, баспасөз науқанында газетке жазылу баршамызға абыройлы іс деп ойлаймын. Облыста қазақ тілінде тарайтын жалғыз басылымға жаппай жазылуға шақырамын. Қазіргі таңда бірқатар ұжымдар тарапынан баспасөзге жазылу бойынша түрлі қолдау шаралары көрініс табуда. Әрине, ұлттық руханиятқа, ана тілімізге қамқорлық танытқан азаматтардың бұл ісі көпке үлгі болуда. Ана тіліміздің мәртебесін көтеруде облыстық музей бірлестігі де бұл көштен қалып қоймай, облыстық “Soltústik Qazaqstan”, сонымен қатар қалалық “Qyzyljar nury” газеттеріне жазылуда. Әсіресе, өз дәуірінің айнасы болған қазақ баспасөзінің қарашаңырағы “Soltústik Qazaqstan” газетіне жазылуда ұжымдар ғана емес, жекелей адамдар да үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір ауызбіршілігімізді танытатын сәт туды. Елдің ертеңіне алаңдаймын деген әр адам, әр ұжым газет қолға алған челленджге үн қосуы керек. Бұл орайда облыстық музей бірлестігі игі істі әрі қарай жалғастыру үшін челленджді әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смайыловаға жолдайды.
Гүлнәр МҰҚЫШЕВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің директоры.