«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ МҰРА — ТАУСЫЛМАС ҚАЗЫНА

Жақында өңірдегі үздік жастарды анықтап, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған “Самұрық – 2018” конкурсында “Жас маман” аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Бұл жеңісіме тарихқа, рухани құндылықтарға қызығушылық танытып, осы бағытта атқарған жұмыстарым себеп болды.

А.Мырзахметов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқып жүргенде, “Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау орталығының” құрамында археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан едім. Университетті қызыл дипломмен тамамдағаннан кейін Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл №2 орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасып, қазба жұмыстарын жалғастырып, оған шәкірттерімді жұмылдыруды жөн көрдім.

Мектептегі жұмысқа кіріскеннен тәлімгерім, білім беру ісінің құрметті қызметкері Тұрлыбек Оспанов мені мектепішілік өлкетану-мұражай ісіне баулыды. Оқушыларыммен бірге өңірлерді аралап, түрлі экспедицияларға қатыса бастадық. Әсіресе, былтыр “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Шілде айында оқушылармен бірге Ботай қонысындағы археологиялық қазбаларға қатысып, он күн бойы ашық аспан астында зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Жұмыс барысында оқушылардың бұл іске үлкен қызығушылық танытып, көп еңбектенгенін айта кеткен жөн. Табылған заттардың арасында жебе, найза ұштары, қырғыштар, дискілер, керамика бөлшектері мен Ботай жылқыларының сүйектері де бар. Экспедицияның соңғы күні бірқатар оқушыға “жас археолог” атағы берілді.

Тамыз айында оқушылармен бірге “Қазақстанның киелі жерлері” картасына енген орындарды араладық. Олардың қатарында Ақмола облысындағы Абылай хан алаңы, Уали хан мазары, Көкшетау өлкетану мұражайы, қола дәуірінің тұрағы – Кеңөткел, темір дәуірінің тұрағы – Орманды бұлақ, Ботай тұрағы, Ағынтай-Қарасай батырлардың мемориалдық кешені, Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи этнографиялық музейі, Айғаным қонысы бар. Оқушылар екікүндік экскурсияда өлкеміздегі киелі жерлермен танысып, тарихи танымдарын арттырып, өткенімізді көздерімен көріп, ерекше әсерге бөленді.

Мырзағұл ауылына экспедиция барысында оқушылар ауылдың тарихымен және географиясымен танысты. Олар 2005 жылы ауыл тұрғыны Қуаныш Кабинов тапқан мамонттың сүйектеріне ерекше қызығушылық танытты. Содан кейін Аққұдық ауылына барлау экспедициясы ұйымдастырылып, Аққұдық ауылынан он шақырым жерде көне түркі заманына жататын екі балбал тас таптық. Аққұдық ауылынан 6 шақырым жерде араб әліппесінде шағатай тілінде жазылған құлпытас табылды. Құлпытасты зерттей келе, 1894 жылы қойылғанын анықтадық.

Аталмыш экспедициялардан ерекше әсер алған оқушылар газет беттеріне мақалалар жазып, әсерлерімен бөлісті. Көрген, барған жерлері бойынша Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлері туралы бейнероликтер жасады. Мектебіміздің 10-сынып оқушысы Бекзат Фазылов облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған “Киелі Қызылжар” атты конкурсқа қатысып, Ботай тұрағы туралы бейнеролигі бірінші орынға лайық деп бағаланды.

Мен биылғы жылдың басында Уәлиханов аудандық “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің жетекшісі болып тағайындалдым. Осы бағыттағы жұмыстар одан кейін де жалғасын тапты. Маусым айында Ақмола облысында орналасқан қола дәуіріне жататын Кеңөткел тұрағындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатыстық. Экспедиция барысында оқушылар қола дәуірінің қорымдарымен танысып, диаметрі сегіз метр болатын обаны қазуға кірісті. Қазба жұмыстары барысында үш қыш құмыра, қола моншақтар, аңның тісінен жасалған тұмар табылды. Экспедиция оқушылар үшін қызықты өтті. Балалар Зерендінің көрікті жерлерін аралап, бос уақыттарында Қошқарбай тауына шығып, суға шомылып, футбол, волейбол ойнады. Келесі саяхатты жазда ашылған “Ботай-Бурабай” атты ашық аспан астындағы мұражайға жасадық.

Осы жұмыстарды атқара жүріп, ұстаздық жолымда да біршама жетістіктерге жеткенімді мақтаныш етемін. 2016 жылы Тұрлыбек Темірғалиұлымен бірге ұстаздар күніне орай “Тәлімгер мен жас маманның педагогикалық дуэті” атты сайысқа қатысып, жеңімпаз атандық. Ал келесі жылы Алматы қаласында өткен “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” атты республикалық сайыстан екінші орын иеленгенім де бар. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өңірлік филиалы сол жылы мені үздік тарих пәні мұғалімі деп таныды.

Алдағы уақытта археологиялық экспедицияларды жалғастырып, киелі жерлерге экскурссияларды жандандыруды жоспарлап отырмыз. Ең басты мақсат – мектеп оқушыларымен бірге Уәлиханов ауданындағы тарихи ескерткіштерді табу мақсатында барлау жұмыстарын жүргізу.

Руслан ҚАЙЫРГЕЛДИН,

Кішкенекөл №2 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.

 Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp