«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҚ

Қазақстан мен Ресейдің өзара сенімді стратегиялық әріптестігі өз алдына, 2003 жылдан бері екі елдің шекаралас өңірлерінің ынтымақтастығын арттыруға серпін берген форумдар жүйелі өткізіліп келеді. Он бір жылдың ішінде екі елдің экономикалық байланысының нығая түскені даусыз. Екіжақты тауар айналымы 6 есе өсіпті. Қазақстан мен Ресей арасында экономиканың әр саласы қарқынды дамуға бет бұрды. Енді бұл байланыс көмір-сутегі саласындағы инновацияларды бірлесе енгізу тұрғысында да кең қанат жайғалы отыр. Бұлай деуімізге Атырауда өткен ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының “Көмірсутегі саласындағы инновациялар” деп аталуы дәлел болмақ.

Қазақстан-Ресей Пре­зи­денттерінің қатысуымен өткен форумда Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы мәселеге тереңірек на­зар аударудың бірнеше себе­бін тарқатып айтып берді. Бүгін­гі таңда көмірсутегі саласы Қа­зақ­стан экономикасында айрықша маңызға ие болып отыр. Еліміздің ішкі жалпы өнімінде мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі 22 пайызды құрайды, деді Елбасы осы орайда. Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемде 12-орынды иеленеді. Бұл – 3,9 миллиард тонна. Газ қоры бойынша алғашқы жиырма елдің қатарындамыз, бізде 1,3 триллион текше метр газ қоры бар. Сол себептен, бізге әлемнің көмірсутегі секторын дамытудың өзгеше тренд-терді таңдап отырғанына көңіл аудару қажет.

Былтырдан бері мұнайды тұ­тыну теңгерімі дамушы экономикалар жағына қарай ауды. Дамушы елдердегі мұнай тұтынысы тарихта бірінші рет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тұтынысынан асып түсті. Мұнай-газ саласындағы соңғы жылдардың негізгі тренді тақтатасты кеніштерді игеру болды. Көлбеу бұрғылау мен жер қыртысын сумен жарудың заманауи технологиялары газды да, мұнайды да өндіруге мүмкіндік береді, деді Қазақстан басшысы.

Дамушы елдердің мұнайға сұ­ранысының өсуі Қытайға тиесілі. Соңғы отыз жылда бұл елдің мұ­найға сұранысы 6 есеге өскен. Осыған сәйкес энергоресурс­тарды жеткізу географиясы өзгеріп келеді. Жаһандық жаңа технологиялық трендтер пайда болуда. Бүкіл әлем, соның ішінде, біздің еліміз де бар, болашақта жеңіл өндірілетін мұнайдың азаю проблемасымен бетпе-бет келеді. Сарапшылар саланың дамуын ауыр мұнайы бар кен орындары мен табиғи битумдарды игерумен байланыстырады. Қазір бұларды өндіру әлеуетті көлемнің 1 пайызынан кем көрсеткішті құрайды. Ал бұлардың қоры орташа және жеңіл мұнай қорынан әлденеше еселенеді.

Қазіргі уақытта Солтүстік Америкадағы тақтатасты газды өндіру көлемі өсті. 2007 жылы АҚШ-та мұндай газ үлесі барлық өнді­рілген газдың 5 пайызын, ал 2012 жылы шамамен 40 пайыз­­ды құраған. Сұйық отынды түр­лендірудің шикізаты көмір, газ және биомасса болуы ғажап емес. Экологиялық қауіптілігі жоға­ры болуына қарамастан, жеңіл қолжетімді мұнайдың тапшылығы кезінде аталған тәсілдердің маңы­зы артуы мүмкін.

Көмірсутегі саласы да ғарыш­тық технологиялар, металлургия жетістіктері және машина жасау мен роботты техникалар секілді осы- заманғы жаңа инновацияларды енгізуді талап етеді. Қазақстан мен Ресей көмірсутегі саласында бірлесе жұмыс істеу үшін орасан зор әлеуетке ие. Бұл – терең және шектен тыс терең бұрғылаудың озық технологияларын өндіру мен сынау, ол біз үшін Каспий маңы ойпатында өзекті. Қазақстанның ком­паниялары ресейліктермен бірге өз өндірісінің жоғары техно­логиялық жабдықтарын ұсына алады, деп форумға қатысушылар назарын аударды Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлім етуінше, екі елге мұнай мен газдың жаңа перспектива­лы кеніштерін анықтау үшін геологиялық барлау саласындағы бірлескен жұмысты жандандыруға әбден болады. Соның ішінде, бұл ресейлік тараптың халықаралық “Еуразия” жобасын жүзеге асыруға атсалысуына қатысты.

– Бұл жобаның негізгі міндеті – тереңдіктегі геологиялық түзі­лістерді және Каспий өңіріндегі жер қыртысының геохимиясын зерт­теу, уақыттық-кеңістіктегі модельді жасау, сондай-ақ, ресурс­тарды бағалау. Қазақстан мен Ресей аумағындағы мұнай-газды Каспий маңы ойпатының ғала­мат перспективалары халық­аралық ірі компаниялардың зор қызығушылығын тудырады, – деп атап көрсетті Қазақстан басшысы.

Мұнай саласының инфра­құры­лымын дамыту үшін көлік, логис­тика және құрылысты ғана емес, инжиниринг, жобалау, ақпа­раттық технологиялар секілді жоғары технологиялық қызмет­терді қоса қамтитын қызмет ауқы­мын кеңейтудегі екі елдің өзара іс-қимылының әлеуеті жоға­ры екені, энергетикалық сектор­ды дамыту үшін ғылыми зерттеу­лер­дің рөлі айрықша екені дау тудырмайтыны анық.

– Біздің ғылыми инсти­тут­тарымызға бірлескен зерттеулер арқылы ауыр мұнай өндірісін интенсивтендіру, терең суда өндіру, тақтатасты мұнай, мұнай синтезін алу, балама энергетика және басқа да перспективалы бағыттармен айналысуға болады, – деді осы орайда Елбасы.

ЖОО-ларда, орта білім беру мекемелерінде маман­дар дайын­дау­ды, студент алмасу сала­ла­рындағы ынтымақ­тасты­ғы­мызды арттыруымыз қажет. Сапалы мамандарды дайындамай тұрып бұл салада жетістікке жетеміз дей алмаймыз. Мұнайды тереңнен қазу, қатпарлы мұнайды өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуіміз керек. Осының бар­лығын есепке алып, көмірсутегі са­ласында алға басуымыз мүмкін. Бірлесіп жасаған еңбегіміз, серік­тестігіміз арқылы жаңа жетіс­тіктерге қол жеткізе аламыз.

Мемлекет басшысының атап өтке­ніндей, Қазақстан мен Ре­сей­дің мұндай бірлескен жұмыс­тарының нәтижелері Астанада өтетін “ЭКСПО – 2017” көрмесінде ұсынылуы мүмкін.

Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы ынтымақтастық форумының маңызын Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин былайша сипаттады. Оның айтуынша, өткен 11 жыл ішінде көрші елдердің экономикалық байланыстары жаңа сапалы деңгейге шықты. Екіжақты тауар айналымы 6 еседен астам өсті. Қазақстан эко­номикасына келген Ресейдің тіке­лей инвестициялар көлемі 10 есе ұлғайды. Мұндай жоғары қар­қын көбіне-көп екіжақты эко­но­миканың инвестициялық ықпал­дастығы арқылы қамтамасыз етілуде.

– Ресейлік субъектілердің көп­шілігі Қазақстанның бар­лық 14 облысымен тікелей серік­тес­тік қатынас орнатқан. 11 мыңнан астам бірлескен кә­сіп­орын құрылды. Өзара іс-қи­мыл және ынтымақтастық туралы 300-ге жуық өңіраралық келісімге қол қойылды. Ресей мен Қазақстан әлемдегі ең ұзын 7600 шақырымдық құрлықтық шекараға ие. Осы шекараның бойында орналасқан өңірлерге екіжақты тауар айналымының 40 пайыздан астамы тиесілі. Түмен, Орынбор, Атырау секілді көптеген шекаралас өңірлерде екі ел үшін стратегиялық маңызды жобалар іске асырылуда. Ресей газын Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне жеткізу жө­нін­дегі көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық ресейлік “Газ­пром” мен қазақстандық “Қаз­Мұнай-Газды” ортақ мүддеге тоғыстырып отыр. Компаниялар Орынбор газ өңдеу зауытында жылына 15 миллиард текше метр газды бірлесіп өңдеуді іске асырмақ, – деді Владимир Путин.

Қазақстан мен Ресейдің бір­лескен жобалары жетерлік. Соның ішінде Орынбор газ өңдеу кешені базасында инновациялық газ-химия кластерін құруды да жос­парлауда. Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергтің айтуына қарағанда, кластерді дамыту тұжырымдамасы Қарашығанақ кен орнынан газ жеткізу көлемін арт­тыруды, оны терең қайта өңдеу­ді, сұйытылған газды тазалау са­па­сын еуропалық стандартқа дейін арттыруды, сонымен қатар, ілеспе мұнай газын тиімді өңдеу­дің инновациялық технологиясын енгізуді қарастырады. Оның сөзіне қарағанда, бұл бастаманы жүзеге асыру ресейлік және қазақстандық жер қойнауын пайдаланушыларды кластер резиденттері қатарына тартуға мүмкіндік береді. Аталған жоба жоғары шекті өнімді ала отырып, өндірілетін мұнайдың ілеспе газын кәдеге жаратуды ын­таландыруға бағытталғалы отыр.

Форум барысында Қазақстан тарапынан – Энергетика министрі В.Школьник, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетов, сондай-ақ, Ресей тарапынан – Энергетика министрі А.Новак, Орынбор облысының губерна­торы Ю.Берг, Башқұртстан Рес­пуб­ликасының президенті Р.Хамитов баяндама жасады.

Қазақстан мен Ресейдің келесі ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы 2015 жылы Уфа қаласында (Ресей Федерациясы) өтеді.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.

(“Егемен Қазақстан”,

2014 жылғы 1 қазан.

Ықшамдалып алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp