Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары жақында мазмұны терең жаңа туындымен толықты. Елбасының бұған дейінгі кітаптарын да қалт жібермейтінмін. “Өмір өткелдерінің” электронды нұсқасын да бір деммен оқып шықтым да, ел өмірінің күрделі кезеңдеріне жеке өз басының көзқарасын білдіріп, бағасын берген Елбасының бұл кітабы міндетті түрде елім деген әр азаматтың үйінде болуы керектігін ұқтым.
Нұрсұлтан Әбішұлының бүкіл өмір жолы – өнеге мектебі. Кітапта Елбасы өзінің шыққан тегінен, балалық шағынан бастап, мектептегі, Днепродзержинскідегі жастық шағы, Теміртаудағы құрыш құйған шағы туралы әсерлі әңгімелеген екен. “Ұшқан ұя ұлағаты” деген тараудан басталып, “Нұрлы жолға” ұласқан кітапта Мемлекет басшысының өмір соқпақтары тарихи оқиғалармен сабақтастырыла рет-ретімен берілуі, Қазақ елінің жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуіндегі қиын шақтар көз алдымнан өткендей болды. Бұл кезеңдердің куәсі болсақ та, сол уақытта Елбасының еңсерген қиындықтарын жете түсіне бермеппіз. Әсіресе, Семей ядролық полигонын жабу, “Байқоңыр” ғарыш айлағының мәртебесін белгілеу, мемлекеттік шекараны бекіту кезіндегі Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше саяси ерік-жігері мен көрегендігіне таңғаласың. Кітапты оқи отырып, еларалық кездесулер мен келіссөздердегі Мемлекет басшысының сұңғыла саясаткерлігін, қажыр-қайратын шынайы сезініп, мақтан етесің.
Президенттің кітапта айтылған әрбір сөзінде, оның әрбір иірімінде жан дүниеңді қозғайтын терең ойлы толғаныстар жатыр. Елбасы: “Менің тағдырым – бақытты тағдыр. Маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім, алдымнан талай кедергілер де кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін адам қойды. Соның бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгінгі бақытты, ертеңгі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!” – дейді.
Бұл кітап бірінші кезекте Президенттің ұлы істері мен ұлағатты өмірі жайындағы шығармалардың бастысы ретінде бағаланса, сонымен қатар ол қазақстандық патриотизмнің оқулығы деп айтар едім. Яғни, бұл құнды қазына қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдар мен студенттердің, жалпы жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. “Мен бұл кітапты біздің еліміздің болашағын қалайтын, жерімізді аялайтын, Отанымызды қорғайтын жас қазақстандықтарға арнап әңгімелеп шықтым”, – дейді Президент. Ендеше елдің тәуелсіздік жолындағы тарихы мен Елбасының өнегелі өмір жолын жастар міндетті түрде білулері тиіс деп ойлаймын.
Сәуле ТӨЛЕШОВА,
Шал ақын аудандық білім бөлімінің қызметкері.