«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ ҒИМАРАТ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен өңір басшысы атбасын тіреген нысан – Петропавлдағы “көпес Мұратовтың диірмені” атты тарихи ғимарат. Жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан “Оптима Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Денис Мартыненконың айтуынша, 1904 жылы іргетасы қаланған ғимаратқа кеңес заманынан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

– Қазіргі уақытта есік-терезелері орнатылып, ішінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жылу, су және жарық тартылған. Нысанның тарихи қалпын сақтап қалмақпыз. Барлық құрылыс жұмыстарына 200 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалды. Жөндеу жұмыстарын аяқтауға әлі де қаржы қажет, – деді Денис Мартыненко.

Сәулеттік ескерткішті қаланың туристік нысандарының тізіміне енгізу жоспарланған. Ауданы бір мың шаршы метр болатын нысанға заманауи лифт орнатылатын болады. Мердігердің айтуынша, ғимарат ішіне облыстың мәдениеті мен түрлі шаралардан ақпарат беріп отыратын дыбыстық құрылғы қойылады. Сондай-ақ, жергілікті мұражайлармен әріптестік орнату, залдардың бірін жергілікті суретшілердің көрме өткізуіне беру жоспарда бар. Барлық жұмыстар алдағы жылдың жазында аяқталады.

Содан кейін өңір басшысы облыс орталығындағы халықаралық әуежайдағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Құрылысшылардың айтуынша, бүгінде әуежайда жолаушылар терминалын күрделі жөндеуден өткізу, заманауи құралдармен жабдықтау және ұшу-қону алаңын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс нысанына жүзге тарта жұмысшы тартылған.

Перронды, жарық беру жабдығы мен жолаушылар терминалын жаңғырту жұмыстары, сонымен қатар әуежайды одан әрі жетілдіру перспективалары туралы “ЭнергоТеплоСервис” ЖШС-нің жоба жетекшісі Андрей Бабенко баяндады. Маманның айтуынша, барлық жұмыстың 40 пайызы орындалған.

– Ғимараттың қасбетін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік-коммуникациялық желі тартылуда, – деді жоба жетекшісі.

Өз кезегінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалын қалпына келтіру жұмыстарын сапалы жүргізіп, оларды үстіміздегі жылдың 15 желтоқсанына дейін аяқтауды тапсырды.

Сапар соңында өңір басшысы Қызылжар ауданындағы Малое Белое ауылында орналасқан “Әділ құс” ЖШС-де болды. Жұмыртқа өндірумен айналысатын кәсіпорын бүгінгі күні 17 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Облыс басшысын серіктестіктің жұмысымен директоры Игорь Тищенко таныстырды. 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында бүгіндері 330 мың құс бар, алдағы уақытта қанаттылардың санын 400 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, директор жыл ішінде жеткен жетістіктерімен бөлісіп, алға қойып отырған жоспарларынан да хабардар етті.

– Бүгінде құс кешенінің қуаттылығын арттыру арқылы жылына 50 млн. дана жұмыртқа жинаймыз. Бройлерлік құс фабрикасының құрылысын қолға алу жоспарымызда бар. Әзірге барлық құжаттарымыз дайын. Алғашқы екі жылда 1,5 мың тонна, ал кейін құс етін өндіруді 3 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін алдағы жылдың көктемінде құрылыс жұмыстарын бастамақпыз. Сөйтіп, асылтұқымды репродуктор құрамыз. Жоба құны 1 млрд. теңге шамасында болмақ, – дейді Игорь Тищенко.

Ерік Хамзаұлы шаруашылықтың батыл бастамаларына оң бағасын беріп, істеріне сәттілік тіледі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp