«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ ҚҰЖАТТАРДЫҢ ЭЛЕКТРОНДЫ МҰРАҒАТЫ жобасы жүзеге асырыла бастады

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстық мұрағаттың оқу залында тарихи құжаттардың электронды мұрағаты жобасын жүзеге асыруға арналған таныстырылым болып өтті.  

Облыстық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Бикенев өңірдің мұрағат саласын ақпараттандыру үшін жергілікті бюджеттен 14 млн. теңге қаржы бөлініп, оған тарихи құжаттардың электронды мұрағаты (ТҚЭМ) жобасы әзірленіп, жүзеге асырыла бастағанын атап айтты. Аталмыш жобаның техникалық бөлігін жүзеге асыруға және оны бағдарламалық жағынан қамтамасыз етуге “Интегро Север” ЖШС қатысқан.

Рүстем Төлегенұлының айтуынша, ТҚЭМ қағазға жазылған құжаттарды сканерлеуге және сандық көшірмесін жасауға, оларды сандық тұрпатта сақтауға және ақпаратты қайта жағырту үшін пайдалануға мүмкіндік беретін жоғары технологиялы жабдықтардан тұрады. Соған орай аталмыш мекеме облыста теңдесі жоқ екі сканер қондырғысын сатып алған. Жоба жүзеге асырыла бастаған екі ай ішінде облыстық мұрағаттағы 127 іс сканерленіп, сондағы тарихи құжаттардың 51607 электронды бейнесі жасалған. Қолданыла бастаған бағдарлама құжаттардың электронды базасы болған жағдайда талап етілген құжатты немесе мұрағаттық анықтаманы үстелдегі жұмыс орнынан санаулы минуттар ішінде тауып береді. Құжаттарды зерттеумен айналысатын мамандар да мұрағаттың оқу залында компьютерлердегі сандық көшірмелермен қысқа мерзімде таныса алады.

Басқарма басшысының орынбасары Ахметжан Қуантаев пен облыстық мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова бірінші кезекте бағалы, мол сұранысқа ие және жойылып кетуі мүмкін құжаттар ғана электронды нұсқаға көшіріліп жатқандығын атап айтты. Себебі, облыстық мұрағаттағы 500 мыңнан астам істі (әрі іс бірнеше парақтан тұрады) сканерлеп, серверге тапсыру үшін бұдан да өнімді өндірістік жаңа заманауи қосымша жабдықтар алу және олармен бірнеше жыл бойы жұмыс істеу керек. Сонымен бұл күні қолданысқа енгізілген электрондық мұрағат әрі қарай дамытуды қажет етеді. Жылдар өте республика бойынша бірыңғай электронды мұрағаттар қоры құрылса, кез келген адам оған Интернет арқылы қол жеткізетін болады.

Басқармадағы мұрағаттық-ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Василий Приказчиков облыстық мұрағаттағы жаңа жабдықтар арқылы БАҚ өкілдеріне тарихи құжаттарды электронды мұрағаттау барысын іс жүзінде көрсетті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp